12 Тамыз 2026, 20:25
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағандыда «Энергетикалық мен коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық офисінің көшпелі отырысын өткізді.
Өңірлердегі жобалардың орындалу қарқыны, конкурстық процедуралардың барысы мен қаржыландыру, сондай-ақ коммуналдық саланы цифрландыру мен есептеу құрылғыларын орнату мәселелері қаралды.
2026 жылы еліміздің тұрғын үй-коммуналдық саласына 1,3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды, оның 791 млрд теңгесі ЭКСЖ Ұлттық жобасы аясында бөлінді. Қазіргі уақытта 328 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 457 млрд теңге болатын тағы 257 жоба бойынша конкурс жүріп жатыр. Ал 228 нысан бойынша мердігер мекемелер анықталып қойған.
Жалпы оң қарқынға қарамастан, өңірлердегі жобаларды дайындау мен бастау жылдамдығы әртүрлі болып тұр. Мониторинг дерегіне сүйенсек, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында конкурс өткізу және келісімшарт жасасу жұмыстары әлі де баяу жүріп жатыр.
Қанат Бозымбаев жөндеу маусымының мерзімі шектеулі екенін ескеріп, өңірлерден жұмысты жеделдетуді талап етті. Жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасын тездетіп өткізуді қоса алғанда, Үкімет деңгейіндегі қажетті шешімдердің барлығы қабылданды. Әкімдердің саланы бақылайтын орынбасарларына Ұлттық жобаның орындалуын жеке бақылауға алу, ал түйткілді мәселелер туындағанда оларды Жобалық кеңсеге және Үкімет Аппаратына дереу жеткізіп отыру тапсырылды.

«Жөндеу маусымы өте қысқа. Жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасын тездетуді қоса алғанда, Үкімет деңгейіндегі қажетті шешімдердің бәрі қабылданды. Ендігі кезең әкімдіктерге байланысты. Әкімдердің осы саланы бақылайтын орынбасарлары Ұлттық жобаның орындалуын жеке бақылап отыру керек», — деді Қанат Бозымбаев.
2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін өңірлер дайын құжаттамасы бар жобалар бойынша жөндеу жұмыстарын бастап, ЭКСЖ Электронды платформасы арқылы 2027 жылға өтінім беріп үлгеруі тиіс. Сонымен бірге қалған нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді және сараптамадан өткізуді тездету тапсырылды. Ал «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ биылғы барлық жобаның қаржыландырылуын қамтамасыз етуі керек.
Отырыста Ұлттық жобаның Қарағанды облысында іске асырылуы бөлек қаралды. Өңір пилоттық жобалар кезеңінде-ақ ЭКСЖ тетіктеріне белсенді араласқандардың қатарында атап өтілді. Биылдың өзінде мұнда 85 млрд теңгеден астам сомаға жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
2025 жылдан бастап Электрондық платформада Қарағанды облысы бойынша жалпы құны 134 млрд теңге болатын және ұзындығы 420,6 шақырымды құрайтын 30 жоба орналастырылды. 14 жоба бойынша 151,3 км инженерлік желіні қамти отырып, 83,4 млрд теңге сомаға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы құны 45,3 млрд теңге және ұзындығы 84 км тағы 12 жоба енгізілді.
Қарағанды облысының әкімдігіне Ұлттық жобаны жүзеге асыру қарқынын сақтау, биыл айқындалған жобалар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жеделдету және олардың аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. 2027 жылға өтінімдерді қалыптастыру кезінде тарифтік жүктеменің негізсіз өсуіне жол бермеуге ерекше көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту және халық пен коммуналдық кәсіпорындардың мүдделер тепе-теңдігін сақтай отырып, тарифтік шешімдерді уақытылы қабылдау тапсырылды.
Отырыстың бөлек блогы коммуналдық саланы цифрландыру есептеу құралдарымен қамтамасыз ету және түйткілді коммуналдық ресурстарды үнемді пайдалану мәселелеріне арналды.
Қанат Бозымбаев тұтынудың әлеуметтік нормаларын қолдану механизмін әзірлеуді тапсырды. Белгіленген норма шегінде бір тарифтік мөлшерлеме қолданылса, одан артық жұмсалған ресурсқа жоғары тариф қолданылуы тиіс. Бұл тәсіл коммуналдық ресурстарды үнемдеп пайдалануға ынталандыруы керек.
Цифрландырудың басты шарттарының бірі – тұтынушыларды толықтай есептеу құрылғыларымен (электронды есептегіштермен) қамтамасыз ету.
Вице-премьердің айтуынша, сенімді әрі нақты деректерсіз тұтыну көлемі мен ысырапты дәл есептеу, толыққанды ақпараттық жүйелер құру және жасанды интеллект технологияларына көшу мүмкін емес.
«Алғашқы деректердің өзі болмаса, жасанды интеллектіні қалай қолданамыз? Ең басты міндет – барлық тұтынушыда есептеу құрылғылары болуы керек. Ақпараттық жүйелерді енгізбей әрі ресурсты есепке алмай, алға жылжи алмаймыз», — деді Қанат Бозымбаев.
Аспаптармен қамтамасыз етуде отандық өнімге басымдық берілуі тиіс. Өндірістің жергілікті үлесін біртіндеп арттыру міндеті қойылды. Бастапқы кезеңде есептегіш аспаптар бойынша қазақстандық қамту үлесі кемінде 70%-ды құрауы тиіс.
«Ұлттық жоба дәл осы қазақстандық өнімдерді пайдалануға бағытталған. Егер қажетті өнім Қазақстанда өндірілсе, ол міндетті түрде жобаларда қолданылуы тиіс. Есептеу құрылғылары бойынша қазақстандық қамтуды қамтамасыз етіп, әрі қарай жергілікті өндіріс үлесін біртіндеп арттыру қажет», — деп атап өтті вице-премьер.
Жауапты мемлекеттік органдарға 1 қыркүйекке дейін барлық коммуналдық желілер бойынша деректердің құрамына, сапасына, берілу жиілігі мен форматына қойылатын талаптарды қоса алғанда, коммуналдық ресурстарды өндірістік және коммерциялық есепке алудың бірыңғай талаптарын әзірлеу әрі бекіту тапсырылды. Есептегіш аспаптар қазақстандық үлес талаптарына сай болуы, ал ақпарат беру бірыңғай стандарттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Энергетика министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, жалпыүйлік және жеке есептеу аспаптарын табиғи монополиялар субъектілерінің теңгеріміне беру тетігін, соның ішінде оларды одан әрі пайдалану, оларға қызмет көрсету, салыстырып тексеру, жөндеу және ауыстыру тәртібін пысықтау тапсырылды.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Ұлттық жобаның цифрлық көрсеткіштерін орындауға ерекше назар аударды. Биыл саланы ақпараттық қауіпсіздік орталықтарымен қамту деңгейі кемінде 20%-ды құрауы керек. Жауапты мемлекеттік органдарға бұл жұмысты жандандыру тапсырылды.
Сөзін қорытындылай келе, вице-премьер Ұлттық жобаның көрсеткіштеріне қол жеткізуге әркім тікелей өзі жауапты екенін ескертті.
«Ұлттық жобаның әрбір көрсеткішіне мемлекеттік қызметшілер жеке басымен жауап береді. Кейін «білмей қалдым» деп айтпас үшін барлық көрсеткіш мен нәтижені мұқият қарап шығыңыздар», — деді Қанат Бозымбаев.
Жыл қорытындысы бойынша Ұлттық жобаның жоспар-кестесіндегі әрбір көрсеткіштің орындалуы нақты нәтижелер бойынша салыстырылады. Белгіленген межеден ауытқуға мүлде жол берілмейді.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу