24 Маусым 2026, 21:36
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысымен танысты. Екібастұз, Ақсу және Павлодар қалаларындағы инженерлік желілерді жаңартуға назар аударылды.
Екібастұздағы жаңғыртудың негізгі нысандарының бірі – 1972 жылы салынған ЖМ-16 жылу магистралі. Жұмыс басталғанға дейін аталған учаскенің тозу деңгейі 70%-ға жетті, соңғы төрт жылда мұнда ІІ дәрежелі 16 технологиялық бұзушылық тіркелді. Магистраль 2 739 тұрғынды, 43 көппәтерлі тұрғын үйді және 6 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ЖМ-16 бөлшектеу жұмыстары 92%-ға орындалды, жоба 100% қазақстандық тауарларды қолдану арқылы жүзеге асырылуда. Жұмыстарды аяқтау биыл тамыз айына жоспарланған.
Келесі нысан Ақсу қаласындағы Ленин көшесінің бойында орналасқан, 1980 жылы пайдалануға берілген магистральдық жылу желісі болды. Мұндағы желілердің іс-жүзіндегі тозуы 83%-ға жеткен, соңғы үш жылда бұл учаскеде 19 зақымдану оқиғасы болған. Нысан 9 мыңнан астам тұрғынды, 28 көппәтерлі үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта Ақсудағы жобаның жүзеге асырылу көлемі шамамен 30%-ды құрайды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді және жұмыстарды биыл 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Жаңғырту жұмыстары жылу шығынын 15-20%-ға төмендетуге және қаланың барлық жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Павлодарда былтыр пайдалануға берілген ЖЭО-1 – НО-52 учаскесіндегі жаңа ЖМ-20А жерүсті жылу магистралінің жұмысы көрсетілді. Жаңғыртуға дейін бұл учаскенің тозуы 90%-ды құрап, мұнда 78 бұзылу жағдайы тіркелген. Ұлттық жоба аясында 99% отандық материалдарды қолдана отырып, 6 шақырым жаңа магистраль салынды. Нысанның алғашқы жылыту маусымы апатты жағдайларсыз сәтті өтті.
Сапар барысында өңірдің жалпы көрсеткіштері қаралды. Павлодар облысы бойынша ЭКСЖ платформасында барлығы 69 жоба қалыптастырылды. Жалпы сомасы 43,9 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуға толық дайын. Қазіргі кезде 6 жоба белсенді құрылыс кезеңінде, ал Павлодардағы 1 жоба сәтті аяқталды.
Ұлттық жобаның экономикасы мен тарифтік саясатын бағалай отырып, Премьер-министрдің орынбасары бүгінгі таңда тарифтердің өсуі кәсіпорындардың инвестициялық қажеттіліктерін өтемейтінін, алайда халыққа түсетін жүктеме қатаң бақылауда және негізделген болуы тиіс екенін атап өтті.
«Мұнда екіұшты жағдай туындап отыр, тарифтерді онша көтере алмайсың, себебі ол халық пен кәсіпорындардың төлем қабілеттілігіне негізделеді, бірақ инфрақұрылым да ескіреді. Биыл ел бойынша тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін жаңартуға шамамен 1,14 триллион теңге инвестиция бөлінеді. Бұл жыл сайын бөлінетін қаржыдан бірнеше есе көп. Біздің міндетіміз – 2029 жылға қарай республика бойынша коммуналдық желілердің тозуын 50%-дан асырмай төмендету», — деді Қанат Бозымбаев.
Премьер-министрдің орынбасары тарифтердің өзгеруі кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға ерекше назар аударды. Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақылары жүйесі жұмыс істейді, ол қазір толығымен цифрландыру форматына көшірілуде.
«Тұрмысы жақсы адамдар тарифті тиісінше толық төлеуі керек, ал табысы аз азаматтар мемлекет қорғауында болады. Егер бір отбасының коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны белгіленген шектен (орташа есеппен жалпы табысының 10%-ынан) асып кетсе, одан асқан соманың бәрін әкімдік жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясы ретінде төлеп береді. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қызметті цифрлық форматқа көшіріп жатыр, күзге дейін ол eGov порталында қолжетімді болады. Осылайша, өтінім бойынша көмек автоматты түрде есептелетін болады», — деп қорытындылады Қанат Бозымбаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша құрылыс кестелерін қатаң сақтау және облыстың бүкіл коммуналдық инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Анықтама:
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Жоба коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге және апат қаупін 20%-ға қысқартуға бағытталған.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу