ҚЕБҚ аумағында мемлекет пен бизнес Қазақстанның инвестициялық имиджін талқылады

Алматыда Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы (ҚЕБҚ) алаңында ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыровтың және Қауымдастыққа мүше компаниялардың басшыларының, сондай-ақ дипломатиялық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.

Дөңгелек үстел форматында өткен кездесу барысында инвестициялық ахуалдың ең өзекті мәселелері, Қазақстанның инвестициялық саясатындағы өзгерістер мен трендтер және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары қаралды. Ерлан Қайыров алдағы болжамдар туралы өз пікірімен бөлісіп, бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Шетелдік инвесторлар осындай кездесулерді өткізудің өзектілігі мен орындылығын атап өтті, бұл мемлекеттің бизнеспен ашық, сындарлы диалог жүргізуге дайын екенін көрсетіп, өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық имиджіне оң әсер ететінін айтты.

Кездесуде сөз сөйлеген Е. Қайыров шетелдік инвестицияларды тарту Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«2017 жылдың 9 айындағы ТШИ жалпы ағыны $15,8 млрд құрады, бұл 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,3% артық. ТШИ-дың жалпы ағынының ең жоғарғы өсімі тау-кен өнеркәсібі, сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік секілді салаларда байқалады», — деп атап өтті Е. Қайыров.

Ерлан Қайыровтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісінде 190 елдің арасында 36-орында тұр. Рейтингтің барлық он көрсеткіші бойынша ұстаным айтарлықтай жақсарған: «Миноритарлы инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша — бірінші орын, «Келісімдерді орындауды қамамасыз ету» индикаторы бойынша — алтыншы орын.

Аталған шара шетелдік инвесторлармен және дипломатиялық корпуспен дәстүрлі кездесулердің жалғасы болды. Қазақстан тарапы инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіруге және еліміздегі шетелдік бизнестің өзекті мәселелерін шешуге барынша көмек көрсетудің ашық диалогына дайын екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Анықтама: Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы — еуропалық компаниялар және Еуропалық одақ делегациясының бастамасымен 1999 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. ҚЕБҚ өз құрамына 140-тен астам компанияны біріктірді, олардың ішінде: әлемге әйгілі халықаралық, еуропалық және қазақстандық компаниялар, Еуропадағы және әлемнің басқа елдеріндегі дипломатиялық миссиялар бар.

Қауымдастық іскерлік және қоғамдық салалардағы Қазақстан мен Еуропаның арасындағы диалогты орнатып, дамытуда, сондай-ақ бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалог алаңын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

 



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу