К.Мәсімов пен Мысыр Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси Астанада сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапарымен келген Мысыр Араб Республикасының Президенті Абдель Фаттах Ас-Сисимен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланысты кеңейту, инвестициялар, энергетика және өнеркәсіп салаларында ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов пен Абдель Фаттах Ас-Сиси қазақстандық-мысырлық Іскерлік кеңесінің жұмысына қатысты.
Кәсіпкерлерге қарата сөйлеген сөзінде К.Мәсімов «географиялық тұрғыда алыс орналасқанымен, Мысыр жүрегімізге жақын, өйткені бізді тарих, мәдениет, дін біріктіреді. Сондай-ақ, бізді Қазақстанда дүниеге келіп, Мысыр жерінде ержетіп, ұлы атанған Сұлтан Заһир Бейбарыстың есімі байланыстыратынын» айтты.
Сонымен қатар, К.Мәсімов Президент А.Ф.Ас-Сисидің қазіргі сапары және оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі «ғасырлар бойы келе жатқан сол тарихи байланыстың жалғасы» екенін атап өтті.
Өз кезегінде, А.Ф.Ас-Сиси Қазақстанның және Мысырдың іскерлік орталарын әлемдік экономикалық қауіп-сындарға қарсы тұру үшін белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
«Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін елдерімізде зор әлеует бар. Қазақстан - сауда-экономикалық қатынас саласында біз үшін маңызды стратегиялық серіктес», - деп мәлімдеді Мысыр басшысы.
Жалпы Іскерлік кеңестің жұмысына екі елдің 100-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Олар фармацевтика, туризм, сауда, мұнай және газ салаларындағы өзекті мәселелерді талқылап, көліктік логистика саласындағы өзара ықпалдастық мүмкіндіктерін қарастырды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз