Қостанай облысының шаруаларымен ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Қостанай облысының аграрлық бизнес өкілдерімен кездесті. Іс-шара «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті, оған ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

20-дан астам кәсіпкер ауыл шаруашылығын дамыту бойынша өз ұсыныстарын айтты. Осы өңірдің ғана емес, еліміздің барлық аграрлық облысының фермерлерін толғандыратын негізгі мәселелер – субсидиялардың уақытылы төленуі, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығын қолдау шаралары және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу.

Кездесуде Серік Жұманғарин бизнеске ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясаттың қандай бағыттар бойынша дамитыны туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуды еліміздің ең маңызды міндеттерімен қатар қойды. Ол үшін өнімділікті арттырып, егіс алқаптарын суару жүйесін, мал шаруашылығын дамыту қажет. Бұл бағыттағы жобаларды 2024 жылы қаржыландыра бастаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық қажетті дайындық жұмысын жүргізіп жатыр. Биыл Австралия тәжірибесіне негізделген Қазақстанда ет өндіру үшін мал шаруашылығын қайта форматтау бойынша пилоттық жоба дайындалуда. Айта кетейік, оған қатысқысы келетіндердің арасында Қостанай облысының кәсіпкерлері де бар. Егер пилоттық жоба сәтті болса, бұл тәжірибені бүкіл елге тарата бастаймыз», — деді Серік Жұманғарин.

«KazFoodProducts» компаниялар тобы қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейін астық өңдеу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция сомасы – 50 млрд теңге, іске асыру мерзімі – 2024 жылдан 2026 жылға дейін.

«Жоба Қазақстанның АӨК дамыту тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Оған ірі қайта өңдеу кәсіпорындары бар экожүйелер драйвер болуы керек. Біз мұнымен толық келісеміз және көптеген жылдар бойы осындай зауыттарды іске қосу кезінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, тамақ кәсіпорындары және көлік-логистикалық компаниялар пайда болатынын көріп отырмыз. Айта кетерлігі, мұндай кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау жоқ, олар жоғары технологиялы және капиталды көп қажет етеді. Инвестор ретінде бізге тұрақтылық және мемлекеттік қолдау шараларының қолданыстағы бағыты өте маңызды, өйткені салған қаржыны қайтару кезеңі ұзақ. Сыртқы нарықтарға экспорт үшін өңделген өнімдерге сұраныс көп», — деді «KazFoodProducts» компаниялар тобының қаржы директоры Еркін Саттаров.

Өз кезегінде «Агрофирма Қарқын» ЖШС қаржыландыру болған жағдайда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығынан бөлек, егіс алқабын суару жобаларын іске қосуға дайын.

«Қазір негізгі мақсат – қаржыландыру. Біз субсидия туралы айтпаймыз, ал пайыздық мөлшерлемесі төмен тұрақты қаржыландыру тетігі болған жағдайда жұмыс істеу өте ыңғайлы», — деді компания өкілі Еркін Буканов. 

Кездесуде Премьер-Министрдің орынбасары көтерілген барлық мәселені мұқият тыңдап, оларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне пысықтауды тапсырды.

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Серік Жұманғарин #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу