Құрылтай Үкімет ұсынған энергетика және халықаралық тасымал саласындағы заңнамалық бастамаларды қарады

Үкімет Құрылтайдың қарауына энергетика саласын дамытуға және халықаралық автомобиль тасымалдарын жетілдіруге бағытталған үш заңнамалық бастама ұсынды.

Депутаттар Мемлекет басшысының энергетика жүйесінің орнықтылығын нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасындағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – электр энергиясын жинақтау жүйелерінің жобаларын іріктеу үшін бәсекелестік аукциондар өткізу тетігін енгізу. Инвестиция тарту мақсатында қуаттың қолжетімділігін қамтамасыз ету қызметтеріне 15 жылға дейін ұзақ мерзімді ақы төлеу тетігін қарастыру ұсынылады.

«Қазіргі уақытта энергия жүйесінің маневрлік қуатқа қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланып отыр. Оның 2 ГВт-қа жуығын жаңартылатын энергия көздері жобалары есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қалған 1 ГВт бойынша инвестициялар тартудың қосымша тетіктері әзірленуде», — деп атап өтті заң жобасын таныстыру барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар электр энергиясын екіжақты шарттар бойынша өткізу тетігін жетілдіру ұсынылады. Осындай шарттар бойынша электр энергиясын кемінде 36 ай бойы жеткізіп келген объектілер оны Бірыңғай сатып алушыға өткізуге көше алады. Бұл өткізу нарығынан айырылу тәуекелдерін азайтып, инвестициялық жобалардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жекелеген түзетулер қайталама энергетикалық ресурстарды, төмен әлеуетті және қалдық жылуды, жылу сорғыларын, биомассаны, биогазды және сутегіні қолдану аясын кеңейту көзделген. Сонымен қатар сутегі технологияларын дамытуға, өнеркәсіптік процестер энергиясын пайдалануға және қалдықтарды кәдеге жарату кезінде энергия өндіруге арналған құқықтық негіз қалыптастырады.

Бұдан бөлек, Құрылтай Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияны (ЖТШК) және оған Қосымша хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын екі оқылымда мақұлдады. Конвенцияны ратификациялау халықаралық автомобиль жүк тасымалының қағидаларын біріздендіруге, тасымалдаушылар мен жүк жөнелтушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қосымша хаттама қағаз жүкқұжатпен қатар электрондық жүкқұжатты да қолдануды көздейді. Бұл құжат айналымы мен тасымалдаушылардың шығындарын қысқартуға, бақылау рәсімдерін жеделдетуге және Қазақстанның көлік саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

#ЖЭК #Заң жобалары #Көлік #Логистика #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу