Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарының әлеуметтік бөлігі күшейтілді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте Маңғыстау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру мәселелері талқыланды.

Құжаттың едәуір бөлігін өңір халқының 16,8%-ы жұмыспен қамтылып отырған өнеркәсіп саласы құрайды, бұл – жалпы өңірлік өнімнің 52,8%-ы. Жоспардың үш жылының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының ЖӨӨ 1,3 есеге, өнеркәсіп көлемі 1,1 есеге өсті, 14,7 мың оқушы орны ашылып, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 94%-дан 97%-ға дейін ұлғайды.

Жоспарға Маңғыстау жастарына үздік қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарында, мектеп оқушыларына басқа өңірлердегі мектеп-лицейлерде грант бойынша білім алуға мүмкіндік беретін «Қоғамдық даму» жаңа бөлімі қосылды. 2025 жылға дейін жаңа мектептер, колледждер, балалар лагерьлері, жаңа спорт мекемелері және тағы басқалар салынып, жаңартылады.

2024-2025 жылдарға арналған өзекті кешенді жоспарда өңірдің әлеуметтік дамуына баса назар аударылатын болады. Бұл – мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшалармен 100% қамту, 21 жаңа мектеп салу, шағын қалалар мен ауылдарда 103 мектеп, Бейнеу қаласында жатақханасы бар 600 орындық колледжді жаңғырту, Ақтау мен Жаңаөзенде оқушылар сарайларын, төрт балалар лагерін және жастар ресурстық орталықтарының үш ғимаратын салу, аутист балаларға арналған оңалту орталығын, Ақтаудағы Yessenov Technopark-ті ашу, Рахат ауылындағы аула клубтарының желісін кеңейту, бұқаралық мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру және ұлттық спорт түрлерін насихаттау үшін қайырымдылық қорларын, ҮЕҰ құру. Адай жылқыларының популяциясының генетикалық құрылымын анықтауға ерекше назар аударылуда.

Оқушылар үшін «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша басқа өңірлердің мектеп-лицейлерінде оқу үшін гранттар бөлінетін болады. 2024-2025 жж. түлектері үшін еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін 2 мың нысаналы грант бөлінбек.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында ауыл жастарына, оның ішінде Маңғыстау облысының жастарына, магистр дәрежесін алуға жеке санат қарастырылған. Жоғары білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау және батыс өңірлерінің оқытушыларын тағылымдамадан өткізу мәселесін пысықтауда.

Жалпы кеңесте ұсынылған Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын өзектендіру алгоритмі мақұлданды. Серік Жұманғарин оны Маңғыстау өңірі жастарының сапалы білім алуы мен толыққанды тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті іс-шаралармен, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізін дамыту шараларымен толықтыруды тапсырды.

#Серік Жұманғарин #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу