Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкімет үйінде катарлық бизнесмендермен ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды

11 мамыр 2018, 18:36
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Катарлық бизнесмендер қауымдастығының төрағасы, «Фейсал Холдинг» басқарма төрағасы Фейсал бен Касем бен Фейсал Әл-Танимен кездесу өткізді. 

Кездесу барысында Катардың бизнес құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, Қазақстан Республикасы мен Катар Мемлекетінің үкіметтері арасында экономиканың әр түрлі салаларында, мәдениет, білім беру және басқа да бағыттарда бірлескен инвестициялық жобаларды, инвестицияларды өзара қорғау және ынталандыру туралы келісімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметі аясында өзара әрекеттестіктің келешегі қаралды. 


Анықтама: 2005–2017 жылдары Катардан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жалпы түсімі $46,8 млн құрады. 2017 жылғы тікелей инвестициялар түсімі $2,7 млн құрады. 

«Фейсал Холдинг» – Катардың ірі жекеменшік холдингі, Таяу Шығыс елдерінің ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен АҚШ-тың жетекші әрі беделді коммерциялық құрылымдарының бірі. Компания таңдаулы жылжымайтын мүлік, қонақ үй және туризм бизнесі, ойын сауық, құрылыс және құрылыс материалдары, ірі өнеркәсіптік нысандар, білім беру, азық-түлікпен қамтамасыз ету, фармацевтикалық өнімдер, медициналық жабдықтар, химикаттар, автобөлшектер, мұнай-газ секторына қажетті жабдықтар, ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларға қызығушылық танытады.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз