Денсаулық сақтау министрлігі 5 қазаннан басқа елдермен қосымша әуе қатынасын қайта жаңғыртуды тоқтатуды ұсынды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиологиялық жағдай қаралды. Коронавирус инфекциясының таралуымен күресу бойынша ағымдағы ахуал мен елімізде қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Сонымен, 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 107 908 науқас тіркелген, соңғы тәулікте COVID-19 оң нәтижесімен 75 адам тіркелген, 1 731 қайтыс болды. 

Коронавирус инфекциясының 32 799 ықтимал жағдайы тіркелді (ПТР–), тәулік ішінде – 299 адам, оның ішінде 353 адам қайтыс болды.

Министр оқушылар арасындағы сырқаттанушылыққа жеке тоқталды. Оқу жылының басынан бері оқушылардың арасында КВИ ауырудың 104 жағдайы, оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 33 жағдай  тіркелді, байланыста болған 550 адам анықталды, олардың ішінде 7 жағдай анықталды.

Қашықтықтан оқитын балалардың арасында 71 жағдай анықталды, оның ішінде 240 байланыста болғандармен 15 жағдай анықталды.

«Бұл ретте оқу 100% офлайн режимде болған жағдайда ауырғандармен байланыста болғандардың саны кем дегенде 1500 адамға дейін өсіп, оқушылар, мектеп персоналы және отбасы мүшелері арасында сырқаттанушылықтың ықтимал таралуына әкеп соқтыруы мүмкін еді», — деді А. Цой.

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды матрицаға сәйкес және 30 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалауды жалғастыруда, қызыл және сары аймақтарда қалған өңірлер жоқ, ел бойынша жағдай тұрақты, барлық өңірлер жасыл аймақта. 

Министрдің айтуынша, әлемде КВИ-мен сырқаттанушылық және соның салдарынан өлім-жітім көбейіп отыр. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда.

Өткен аптада сырқаттанушылықтың өсуі Италияда, Германияда, Беларусьта байқалды. Ресей Федерациясында 0,6-дан 0,7%-ға дейін (соңғы тәулікте – 8238 жағдай), Түркияда 0,6-ға дейін (соңғы тәулікте – 1 427 жағдай) өсті.

«Бұл ретте, сырқаттанушылықтың өсуі тіркелген көптеген елдерде карантин шаралары қайта енгізіледі, бұл олардың коронавирус инфекциясымен күресуде және оның профилактикасында тиімділігін тағы да айқын көрсетіп отыр», — деді А. Цой. 

Ведомство басшысы атап өткендей, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарамастан, халықтың сақтану деңгейі әлсіреп бара жатыр. Маска кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау бойынша шаралар әрдайым сақталмайды, бұл сырқаттанушылықтың таралуына және тиісінше бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінде болып отырғандай, Қазақстанда да карантин режимін қатаңдату қажеттілігіне алып келуі мүмкін.

«Рейдтердің нәтижесі карантин режимін әлсірету сәтінен бастап карантинді бұзу 30,4%-дан 40,7%-ға дейін ұлғайып жатқанын көрсетті. 10 өңірде  карантинді бұзу санының өсуі байқалады. Сондай-ақ азаматтардың маска режимін бұзушылықтары да азаймай отыр. 5-27 қыркүйек аралығында әкімшілік жауапкершілікке 1131 адам тартылды», — деді А. Цой. 

Шетелдердегі жағдайдың нашарлауын ескере отырып, инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап мыналар ұсынылады:

  • басқа елдермен әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұру;
  • әуе қатынасы жандандырылған елдермен әуе рейстерінің санын ұлғайтпау;
  • Түркияға ұшулар санын азайту.

Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін мынадай міндетті талаптар белгіленсін: термометрия, сауалнама, алынған күнінен бастап 3 тәуліктен аспаған уақытқа дейінгі COVID-19-ға тексеру туралы анықтамасының болуы.

Анықтамасы болмаған жағдайда келушілер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады.

Осындай талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен автоөтпе жолдарында өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға қолдану ұсынылады.

Бұдан басқа, министрдің айтуынша, инфекцияның таралуын болдырмау және аурудың ықтимал өсуіне дайындалу үшін мынадай шаралар қабылданады.

Бірінші. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар жедел шаралар қабылданды. Өңірлер 14 млрд теңге сомасына 91 дәрі-дәрмек атауы бойынша қосымша қажеттілікті мәлімдеді. COVID-19 бойынша 14 млрд теңгеге екі айлық дәрілік заттар қоры құрылды (төмендетілмейтін қор), қазірдің өзінде 100% тиеп жөнелтілді.

Барлық өңірлерде барынша сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша жалпы сомасы шамамен 13 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды.

Амбулаториялық деңгейде препараттар тізбесі кеңейтілді, дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді. Үйде коронавирустан емделу үшін жыл соңына дейін 1 млн пациентке тегін дәрі-дәрмек тарату көзделген.

Сондай-ақ халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды, вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды, бүгінгі күні шамамен 1 млн адам немесе тиісті халықтың 44%-ы егілді.

«Елдің COVID-19-ға қарсы вакцинаға қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз вакцина салынатын тәуекел топтарын айқындадық. Бұл созылмалы аурулары бар, 60 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері мен педагогтар. Республика бойынша  тиісті адамдардың алдын ала саны 2,8 млн адамды немесе бүкіл халықтың 15%-ын құрайды», — деді А. Цой.

Екінші. Ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін 11 облыс орталығы мен Алматы қаласында 3 100 төсек-орындық 13 модульді инфекциялық аурухананы салуды аяқтау, сондай-ақ екі объектіні жөндеу жоспарлануда.

Үшінші. Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндірістегі аппарат сатып алынады.

ҚР-да 21 мыңнан астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, қазан айының соңына дейін қосымша 9 мыңнан астам төсек-орын қамтамасыз етіледі.

Төртінші. Аудандық ауруханаларды қосымша жабдықтау үшін 11 өңірде қолда бар 132 аппаратқа қосымша, отандық өндірістің 53 рентген аппараты сатып алынады.

Жедел медициналық көмек қызметін 2020 жылы 1 167 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарлануда, оның ішінен 360 автокөлік қосымша сатып алынуда.

«Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру 100 жылжымалы медициналық кешенді сатып алу есебінен жүзеге асырылатын болады. Оларды ағымдағы жылдың қазанның ортасына дейінгі мерзімде өңірлерге  жеткізу күтілуде», — деп түйіндеді денсаулық саласының басшысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу