«Nur Otan» партиясының Жол картасын іске асыру Үкіметтің ерекше бақылауында — А. Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді.  Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемін арттыру, мәдениет объектілері мен мектептер салу мәселелері қаралды.

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында алға қойылған көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың шикізаттық емес экспортының көлемін 2025 жылға қарай $41 млрд-қа дейін 2 есеге арттыру жөніндегі міндетті іске асыру барысы туралы баяндады. Биыл осы көрсеткіштің $29,2 млрд дейін өсуін қамтамасыз ету көзделген.

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артып, $36,4 млрд құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 23,4%-ға өсіп, $7,2 млрд құрады. Ең жоғары өсім металлургияда 27,5%, құрылыс индустриясында 25,8% фармацевтика саласында 18,4%, химия өнеркәсібінде 4,6% деңгейінде байқалады.

АӨК өңделген өнімінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға өсіп, $545,8 млн немесе АӨК экспортының жалпы көлемінің 33%-ын құрады. Экспорт құрылымында ұн мен макарон өнімдері, өсімдік майлары, мақта талшығы, ет және сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер секілді тауарлар басым.

Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын арттыру мақсатында экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шаралары – жеңілдікпен несие беру және сақтандыру, экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, экспорттық акселерация, электрондық платформаларға шығару және т. б. іске асырылып жатыр.

Үкімет басшысы индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктеріне ішкі нарықты және экспорттық әлеуетті дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу өнеркәсібі өнімдері өндірісінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сыртқы істер, сауда және интеграция министрліктеріне салалық мемлекеттік органдармен елдік экспорттық бағдарламалардың жобаларын келісу және отандық өнімдерді сыртқы нарықтарда ілгерілету бойынша белсенді жұмыстарды бастау тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушы Нұрғиса Дәуешов, ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында алға қойылған 2025 жылға дейін 259 мәдениет нысанын салу бойынша міндеттердің іске асырылу барысы туралы баяндады.

Жұмыстарды қаржыландыру «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары, жергілікті бюджет, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

Биыл елімізде 89 мәдениет нысанының құрылысы жоспарлануда, оның ішінде 12 – Түркістан облысында, 10 – Жамбыл облысында, 9 – Алматы облысында, 7 – Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 6-дан – Ақтөбе және Қызылорда облыстарында, 5-ден – Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында, 4-ден – Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында, 3-ден – Атырау және Қостанай облыстарында, 2 – Алматы қаласында, 1 – Нұр-Сұлтан қаласында.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2021-2025 жылдар аралығында елімізде 800 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін айтты. Биыл 200 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде нысаналы құрылыс есебінен – 163 мектеп, МЖӘ тетігі есебінен – 6 мектеп, жекеменшік мектептер желісін дамыту есебінен 31 мектеп пайдалануға беріледі.

Биыл 200 мектептің ашылуы апатты мектептердің, үш ауысымды мектептердің проблемасын басым тәртіппен шешуге және оқушы орындарының тапшылығын қысқартуға мүмкіндік береді.

Мектептер құрылысының кестесін іске асыру бойынша жұмыстардың барысы туралы Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тыңдалды.

Премьер-Министр «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың белсенді әрі жүйелі жұмысы қажет», —  деді А. Мамин.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу