26 Маусым 2026, 14:30
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Ол алдымен республикалық маңызы бар «Атырау – Орал» автокөлік жолының құрылысымен танысты. Жөндеу аумағы Батыс Қазақстан облысының шекарасынан бастап Атырау қаласына қарай 94 шақырымды қамтиды. Бұл жоба аясында жолдың негізін нығайту, бүлінген жерлерді қалпына келтіруді және жаңа асфальт-бетон жабынын төсеу көзделген. Жұмысқа 80 арнайы техника мен 65 маман жұмылдырылған.
«Атырау – Орал» автожолы – облыстың 720 мыңнан астам тұрғынын көлік қатынасымен, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы арқылы Ресей Федерациясына транзиттік жүк тасымалымен қамтамасыз етіп келе жатқан негізгі көлік артерияларының бірі. Атырау және Батыс Қазақстан облыстары арасында теміржол қатынасының жоқтығы жобаның мән-маңызын айқындай түседі, сондықтан тасжол өңірдің көліктік және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының маңызды элементі ретінде қарастырылады. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары 2028 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Нұрлыбек Нәлібаев жоба барысымен танысып, жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Ол осы орайда нысандағы жұмысты бірнеше лотқа бөліп, оның көлеміне қарай төрт мердігер ұйым тартудың мүмкіндігін қарастыру керегін айтты. Сонымен қатар «Орал – Атырау» автожолын қайта жаңғырту мәселесін облыс әкімдігімен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірге Үкімет отырысының қарауына шығару тапсырылды.
Облыс аумағында бұдан да басқа бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде «Мұқыр – Құлсары» автомобиль жолының 1-16 шақырымында құрылыс, республикалық маңызы бар «Махамбет – Хамит Ерғалиев» тасжолының 10-35 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары және Атырау қаласындағы 27 шақырымдық Солтүстік айналма жолдың құрылысы жүріп жатыр.
Солтүстік айналма жол жобасы бойынша Жайық өзенінің үстіне көпір және үш жолайрық салу көзделген. Жаңа магистраль облыс орталығын сырттай айналып өтіп, «Атырау – Астрахань», «Атырау – Орал», «Атырау – Индер» және «Атырау – Ақтөбе» автомобиль жолдарын өзара байланыстыратын маңызды транзит дәлізі болмақ.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Х. Доспанова атындағы Халықаралық әуежайға барып, жолаушыларға арналған жаңа терминал салу жобасының барысымен танысты. 2025 жылы әуежайды жаңғыртуға $50 млн көлемінде инвестиция тартылған. Жобаның халықаралық инвесторы – Qaz Air Investments LLC.
Облыс әкімдігімен арадағы келісімшарт бойынша нысан сенімгерлік басқаруға берілген соң жобалау мәселелері шешіліп, құрылыс басталуы керек еді. Ал инвестордың жол картасында жобалауға 2026 жылғы шілдеде кірісетіні және жұмысты аяқтау мерзімі 2027 жылғы желтоқсанға белгіленгені көрсетілген.
Нұрлыбек Нәлібаев мұны сынға алып, 1 шілдеге дейін эскиздік жобаны бекітуді және биылғы тамызда құрылыс жұмыстарын бастауды тапсырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұдан әрі жұмыс мерзімін созуға жол берілмейтінін атап өтті. Міндет орындалмаса, жобаны басқа инвесторға беру жөнінде мәселе көтерілмек. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке жобаның жүзеге асырылуын айрықша бақылауға алу және екінші тарап міндеттемелерді орындамаған жағдайда инвестор тартудың балама нұсқаларын қарастыру тапсырылды.
Жаңа терминал өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ. Нысанның ауданы – 16,5 мың шаршы метр. Терминал пайдалануға берілген соң әуежайдың өткізу қабілеті 800 мыңнан жылына 3 млн жолаушыға дейін артады. Ал болашақта 6 млн жолаушыға жететіндей әлеуетке ие.
Бүгінде Хиуаз Доспанова атындағы әуежай «Ашық аспан» режимінде жұмыс істейді, мұның халықаралық маршрут желісін кеңейтуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпалы зор.
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырау облысындағы бірқатар стратегиялық маңызды нысанның құрылысымен танысты. Ол алдымен Құрманғазы атындағы 1200 орындық жаңа концерт залының құрылыс алаңына барды. Бұл кешеннің жалпы ауданы – 50 мың шаршы метр. Қазір мұнда металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары аяқталуда.
Ірі мәдениет нысаны Мемлекет басшысының Атырау облысына жұмыс сапары аясындағы тапсырмасы бойынша бой көтеруде. Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс алаңына барып, мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Ол аймақ үшін маңызы орасан нысанды салуда мердігерлерге зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, жұмыс сапасына қатысты талаптарды қатаң сақтау керек екенін баса айтты. Құрылысты уақытында аяқтау бойынша да нақты тапсырмалар берілді.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұдан кейін 12 мың көрерменге арналған заманауи стадионның құрылысымен танысты. Нысанда қада қағу және топырақты дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 18 ай. Құрылыс 2027 жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс. Жаңа нысан өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты қолдауға бағытталған. Стадион UEFA IV санатының талаптарына сай салынады, демек оның базасында халықаралық жарыстар өткізуге болады. Ал трибуна астына спортшылар мен жанкүйерлерге арналған функционалды аймақтар, соның ішінде бокс, күрес, йога, велоспорт, теннис және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар салынбақ. Стадионның конструкциялық ерекшеліктері футбол ойындарын ғана емес, регби және америкалық аяқдоп жарыстарын өткізуге де мүмкіндік береді.



Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу