23 Шілде 2026, 13:05

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының өңірді кешенді дамытуға, оның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, өнеркәсіптік әлеуетті кеңейтуге бағытталған тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, Премьер-министр жол битумын өндіру көлемін арттыру, жаңа өндіру қуатын іске қосу, «МАЭК» ЖШС энергетикалық инфрақұрылымын жаңарту және Ақтау қаласындағы жылумен жабдықтау тапшылығын жою жөніндегі жобаларды жүзеге асырумен танысты.
Олжас Бектенов «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытында жол битумын өндіруге мамандандырылған ірі кәсіпорынның өндірістік қуатын тексерді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов 2025 жылы электрмен тұзсыздандыру және атмосфералық-вакуумдық айдау (ЭТ-АВА) қондырғысын жаңғырту жұмыстарының аяқталғанын баяндады, соның нәтижесінде мұнай өңдеу және битум өндіру бойынша жобалық қуаты бір жарым есеге артты. Өткен жылы кәсіпорында 696 мың тонна мұнай өңделіп, 284 мың тонна битум өндірілсе, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында тиісінше 277 мың тонна мұнай және 106 мың тонна битум өндірілді. Сондай-ақ кәсіпорында ауа сапасын тәулік бойы бақылау, тазартылған суды қайта пайдалану және энергия тиімділігін арттыратын шешімдер енгізуді қамтитын экологиялық жаңғырту кешені жүзеге асырылуда.
Премьер-министр өндірілетін битумның халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС алаңында Премьер-министрге қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысы құрылысының барысы туралы баяндалды. «АЭК» ЖШС бас директоры Гэ Личунь жобаның Маңғыстау облысы мен еліміздің батыс өңірін энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және өнергия өндіру қуатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Инвестиция көлемі $210 млн-ды құрайды, 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 30%-ы орындалды, 2027 жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» (МАЭК) ЖШС базасында жалпы электр қуаты 500 МВт-қа дейін және жылу қуаты сағатына 560 Гкал болатын жаңа бу-газ қондырғыларын салу жоспары туралы баяндады. «МАЭК» ЖШС Маңғыстау облысының өңірді электрмен, жылумен және сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылымының негізгі нысаны болып саналатыны атап өтілді. Жаңа кешен ескірген энергия блоктарын ауыстырып, электр және жылу энергиясының аралас өндірісін қамтамасыз етуі керек. Жоба сондай-ақ өңірдің сумен жабдықтау жүйесін одан әрі дамыту үшін тұщыландыру қуаттарын интеграциялауды көздейді.
Премьер-министрге Ақтау қаласын жылумен қамтамасыз етуге арналған орталық қазандық салу жобасы ұсынылды. Қазіргі уақытта қаланы жылумен қамтудағы негізгі жүктеме «МАЭК» ЖШС-нің жылу көздеріне түсіп отыр. Қолданыстағы белгіленген қуат сағатына 500 Гкал болғанымен, қазіргі таңда Ақтау қаласының жылуға деген қажеттілігі сағатына 745 Гкал-ды құрайды. Сағатына 363 Гкал қуатқа ие орталық қазандықтың құрылысы тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымның 2 млн шаршы метрден астам аумағын жылумен қамтамасыз етуге, жаңа және қолданыстағы шағынаудандардың бір бөлігін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға, сондай-ақ қаланың жылумен жабдықтау жүйесін өзара тәуелсіз екі тізбекке бөлуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр жобаларды уақтылы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты міндетін атап өтті. Сапалы және үздіксіз жылумен жабдықтау мәселелері әкімдік пен тиісті мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыттарының қатарына кіреді. Сондықтан энергетика, көлік, өнеркәсіптік инфрақұрылымның барлық жобаларын ерекше бақылауда ұстауды және уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.












Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу