Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ФОТОРЕПОРТАЖ

Алматы облысында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру: Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың өңірге жасаған жұмыс сапарының аса маңызды сәттері

2018 жылғы 26 қазан
Фоторепортаж

Алматы облысында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру: Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың өңірге жасаған жұмыс сапарының аса маңызды сәттері

26.10.2018
26 қазанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысында болып қайтты. Мұнда білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлер қауымымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын іске асыру мәселелері талқыланды. Кездесулер барысында бірқатар ірі компаниялардың басшылары Президенттің бастамасын қолдау мақсатында өздерінің қызметкерлерінің ең төменгі жалақысын көрету туралы шешім қабылдағандарын жеткізді.
Облыс орталығындағы кездесу барысында шағын және орта бизнесті субсидиялау, «салық амнистиясын» жүргізу, қарапайым заттар экономикасын дамыту, сондай-ақ экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі мемлекеттік қолдау шаралары қаралды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Президент Жолдауында кәсіпкерлерді қолдауға аса мән берілгенін атап өтті. Бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы бизнесті қолдаудың негізгі құралы болып отыр. Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Елбасы аталмыш бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа жыл сайын қосымша 30 млрд теңге бөлінбек.

Өңірдің кәсіпкерлер қауымының өкілдері Президенттің ең төменгі еңбекақы мөлшерін көтеру туралы бастамасына қолдау білдірді. Мәселен, «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Р. Салықова, «Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС бас директоры З. Гасанов, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС басшысы З. Кузиев өз қызметкерлеріне жалақы мөлшерін көбейту туралы шешім қабылдағандарын мәлімдеді.
«Біз жалақыны тағы 15%-ға көтеруді шештік. Барлық кәсіподақтар мен белсенді қауымдастықтар аудандарға барып, әкімдермен, кәсіпкерлермен кездесіп, бұл мәселені талқылауы керек деп ойлаймын. Әрі, мемлекеттің көмегі бар, мысалы, бизнесті қолдау ретінде салық амнистиясы. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру қажет. Бұл міндет барлық кәсіпорындардың басшыларының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын», — деді Римма Салықова. Қараша айында еңбекақы мөлшері ұлғаяды.
«Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы бірінші тармақ халық табысын өсіруге арналған. Осыған орай, біздің компания 1 желтоқсаннан бастап еңбекақы мөлшерін ұлғайтады. Бүгінгі таңда бізде 1200 адам жұмыс істейді – бұл негізінен ауылдық елді мекендердің тұрғындары. Орташа жалақы мөлшері қазіргі таңда 114 мың теңгені құрайды, ең төменгісі – 68 мың. Жалпы алғанда компания тобы бойынша еңбекақы 11,5%-ға өседі, бұл 311 қызметкерге қатысты. Осылайша, осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап орташа еңбекақы 127 мың тг дейін, ал төменгісі 80 мың тг дейін өседі», — деп З. Кузиев, еңбекақының өсуі компания табысы есебінен жүзеге асырылатынын айтты.
З. Гасанов өз кәсіпорнындағы еңбекақы мөлшерлері туралы айтып берді: ең төменгі еңбекақы — 120 мың теңгені құрайды, орташа жалақы — 353 мың тг. Сонымен қатар, компанияда Президент Жолдауына қолдау білдіру аясында еңбекақы мөлшерін қосымша арттыру туралы шешім қабылданған.

Өңірлік бизнесмендер: «Текелі тау-кен өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Б. Шалбаев, «Аlina» компаниялар тобының президенті Е. Балфанбаев, Ұйғыр ауданының су пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы А. Имиров те — өңдеу секторын, құрылыс саласын, ішкі туризмді жаңғырту мәселелерін қозғады. Аталған мәселелер бойынша ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек түсініктеме беріп өтті.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиев Мемлекет басшысы Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыру, оның ішінде 2025 жылға дейін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын одан әрі іске асыру туралы баяндады. Оның айтуынша, Алматы облысы БЖК–2020 бағдарламасын жүзеге асыруда жетекші орын алады. Жергілікті бюджет құрылымында шағын және орта бизнес үлесі 53%-ды құрап отыр.
Өңірдің медицина қауымдастығының өкілдерімен кездесуде денсаулық сақтау саласы бойынша Елбасының Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру шаралары талқыланды. Атап айтқанда, медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру, дәрігерлер мен медбикелердің жалақысын көтеру, салауатты өмір салтын сақтау үшін жағдай жасау арқылы адами капиталды дамыту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қайта реттеу мәселелері қаралды.

Сөз бастаған Бақытжан Сағынтаев Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты былтырғы Жолдауының сәтті жүзеге асырылуының арқасында экономикалық өсімге қол жеткізілгенін атап өтті. Қабылданған шаралар қажетті жағдайды жасап, биыл Мемлекет басшысы халықтың табыс деңгейін көтеру туралы шешім қабылдады. 2019–2020 жылдары денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін, атап айтқанда учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы 20%-ға өседі. Бұл — 10 мың учаскелік дәрігер мен 30 мың медбике табысын арттырады деген сөз. Жалпы, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін одан әрі дамыту үшін алдағы бес жылда осы салаларға жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың көлемі ЖІӨ-нің 10%-на дейін көбейеді.
Облыстағы медициналық ұйымдардың өкілдері өз кезегінде Мемлекет басшысының бастамасына қолдау білдіріп, дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысының өсуі мамандықтың қадірін арттырып, білікті мамандардың санын арттыратынына сенім білдірді. Талдықорған қалалық көпбейінді ауруханасының директоры С. Құсмолданова цифрландыруды, мысалы электронды денсаулық паспорттарын енгізу медициналық қызмет көрсету сапасын арттыратынын атап өтті. №2 қалалық емхананың педиатр дәрігері А. Жұмағазиева еңбекақыны көтеру медициналық қызметтердің тартымдылығына оң ықпалын тигізетінін айтты. Облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары, кардиолог дәрігер А. Шормақов жаңа технологияларды енгізудің арқасында 2009 жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіштері 4 есеге төмендегенін жеткізді. Өз кезегінде Ескелді аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері М. Тілеуберді цифрландырудың пайдасы туралы әңгімелеп берді. Жұмыстағы инновациялық тәсілдер туралы облыстағы жедел және шұғыл көмек станциясының директоры Б. Оспанов баяндады.

Облыс әкімі А. Баталов өңірде Мемлекет басшысының медицина сапасын жақсарту бойынша алға қойған тапсырмасын іске асыру туралы айтып берді. Өңірде жұмыс бүгінде қолға алынған — медицина қызметкерлерінің жалақылары көтерілуде. Жергілікті бюджеттен инвентаризацияға, паспорттандыруға, денсаулық сақтау нысандарын жаңа техникамен қамтуға қаражат бөлініп жатыр.
Алматы облысының білім беру саласының қызметкерлерімен және ата-аналар қауымымен кездесудің мақсаты — Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында білім беру жүйесінің мәселелері қалай шешіліп жатқанын өңір тұрғындарының ауызынан есту. Мектепке дейінгі және мектепте білім беру сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, сондай-ақ, үш ауысымдық білім беруді жою мақсатында жаңа мектептер салу мәселелері талқыланды.

Жолдау аясында елімізде 01.01.2019 ж. бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге — 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 1,3 млн жалдамалы қызметкердің жалақысы 30%-ға өседі. Бұл 275 мың азаматтық қызметкерге қатысты, оның ішінде педагогикалық қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға артады. Бұдан өзге, педагогтардың мәртебесі түбегейлі қарастырылып, олардың жалақысы мен әлеуметтік кепілдіктер артып, мұғалімдердің жүктемесі азаяды. Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр.
Білім беру саласының мамандары Жолдауда айтылған Президент бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Еркін ауылындағы №11 мектептің физика пәнінің мұғалімі Қ. Жақсыбаев «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қатысушы ретінде жас мұғалімдерді қолдаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Қапшағай қаласының №5 орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ю. Донская өз сөзінде Жолдауда ескерілген мұғалімге жасалған қамқорлық — бұл өскелең ұрпаққа, елдің болашағына жасалған қамқорлық деп мәлімдеді. Өз кезегінде, білім және ғылым министрі Е. Сағадиев бүгінгі күні «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланып жатқанын, жылдың соңына дейін заң жобасы дайын болатынын айтты.

Сонымен қатар, талқылауға ата-аналар мен студенттер қауымының өкілдері қатысты. Облыстық ата-аналар комитетінің мүшесі Д. Әбділдина балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп психологтарының жұмысын күшейту және Қамқоршылық кеңестің рөлін арттыру туралы ұсыныстарын айтты. Талдықорған қаласындағы №12 орта гимназия мектебінің орыс тілі мұғалімі Е. Филимонова мұғалімнің мәртебесі және мұғалімдердің кәсіби дамуы туралы өз пікірін білдірді. Агротехникалық колледждің ІІІ курс студенті Н. Бабажан Жетісу жастары 2019 жылдың жас ұрпаққа арналатынын мақтанышпен әрі қуанышпен қабылдағанын жеткізді. І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қ. Баймырзаев маман даярлау сапасын арттыру және отандық ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелеріне тоқталды.

Б. Сағынтаев №28 мектеп-лицейдің АТ-мектебіне барып, онда өңірде білім беру сапасымен танысты. Премьер-Министр мектептің техникалық жарақтандырылуын тексеріп, бағдарламалау, 3D-дизайн, жобалық қызмет дағдыларына оқытатын мультимедиялық кабинет жұмысымен танысты. Кабинеттер заманауи технологиялармен жарақтандырылған, цифрлық экономикаға білікті кадрларды даярлау мақсатында оқушылардың білім алуына және дамуына барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында Алматы облысы әкімінің орынбасарлары өздері жауапты бағыттар бойынша облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың, өңірде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен мемлекеттік әрі салалық бағдарламалардың іске асырылуының аралық қорытындылары туралы баяндады.
Соңғы төрт жылда өңір экономикасының өсімі 4,2% құраған. Облыста экономика секторлары тұрғысынан өңдеу өнеркәсібінің экспорты басым (өңірдің жалпы экспортының 90%). Бұл негізінен — азық-түлік, жеңіл, химия және фармацевтика, құрылыс және машина жасау салалары.

ИИДМБ мен Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 650-ден астам жұмыс орнын құрумен 19,3 млрд теңге сомасына бес жобаны іске асыру көзделген. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын 24 жоба жұмыстары атқарылып жатыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша өңірде 148 тұрғын үй салынып жатыр, бұл — 796 пәтер. Осы жылдың тоғыз айында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 1,6 есеге артты.

«Бес әлеуметтік бастама» аясында облыста өткен кезеңде «7–20–25» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға жазылған 56 өтінім мақұлданды. Салық жүктемесін төмендету нәтижесінде өңірде 133,5 мың адамның еңбекақысы көтеріледі. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мақсатында барлығы 5231 мемлекеттік грант берілді, бұл өткен жылғыдан 1367 артық. 2930 орындық 10 жатақхана салынады.

ШОБ дамыту тұрғысынан жалпы 1176 адамды қолдауға 5,4 млрд теңге бөлу жоспарда бар. Қазіргі таңда 868 шағын несие берілген.

Бесінші бағыт тұрғысынан 2018 жылы 3 қала мен 12 аудан газдандырылады. Келер жылы ұзындығы 224 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы басталады. Осылайша, 142 елді мекен газбен қамтылады.
Айта кету керек, жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылымдық әрі әлеуметтік нысандар тексерілді.

Бақытжан Сағынтаев транзиттік әлеуеттің дамуымен Қазақстан–Қытай шекарасында танысты. «Нұр жолы» — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» ауқымды жобасының соңғы қорытындысы және Орталық Азия аумағындағы ең үлкен өткізу пункті. Ол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылған. Кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алатын болады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін бермек.
Сондай-ақ, мұнда шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысы тексерілді. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда. Жобаның бірегейлігі — Орталықтың аумағында адамдар, тауарлар және көлік құралдары визасыз еркін қозғала алады. 2018 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін екі жақтан келушілердің жалпы саны 1 млн адамнан асқан. Бұдан өзге «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде нақты салық жеңілдіктерінің пакеті бар арнайы экономикалық аймақ құрылған. ШЫХО-ға АЭА мәртебесін беру кәсіпкерлік қызметті дамытуға және инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасайды.
Бұдан өзге, Премьер-Министр Панфилов ауданында орналасқан Нұркент жаңа қаласын дамытудың бас жоспарымен танысты. 2035 жылға қарай қала халқының саны шамамен 99 мың адамды құрайды. Бірінші кезек аясында 2022 жылға қарай 1 млн м² астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 24 әлеуметтік нысан, оның ішінде 8 мектеп, 12 балабақша, бір емхана және 3 медициналық орталық салу көзделген.
Б. Сағынтаев сапар барысында биыл көктемде пайдалануға берілген Талдықорған әуежайының жаңа терминалын көрді. Бұған қоса, Алматы облысының әкімі А. Баталов Үшарал қаласының әуежайын дамыту және Алакөл көлінің жағалауын бекіту жобаларымен таныстырды.

Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандар тексерілді. Б. Сағынтаев биыл қараша айында пайдалануға берілетін Драма театрының құрылысы барысымен танысып, «Салтанат сарайы» неке сарайына барды.
Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс сапарларымен болды.