Энергия кәсіпорындарын жылыту маусымына дайындау жөндеу кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда — ҚР Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетов және бірқатар өңірдің әкімдері жылыту маусымына дайындық туралы баяндады. 

Жалпы алғанда, Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерімен қатар штаттық режимде жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдайға сәйкес Республика бойынша электр энергиясын тұтыну 73,1 млрд кВтс құрады, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,7%-ға артық.

Энергетика министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, энергия кәсіпорындарын күзгі-қысқы кезеңге дайындау бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуде.  

«Бүгінде 11-ден 5 энергоблокта жөндеу жүргізілді, бұл жылдық көлемнің 45%-ын құрайды, 63-тен 40 қазандықта, бұл жылдық көлемнің 63%-ын құрайды және 46-дан 23 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл жылдық көлемнің 50%-ын құрайды. Жөндеудің әртүрлі кезеңінде 4 энергия блогында, 28 қазанда және 18 турбинада жұмыстар жүргізілуде», — деді М. Досмұхамбетов. 

Электр желілері бойынша 21 мың км электр беру желілері мен 1152 шағын станцияға жөндеу жүргізілді, бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ын құрайды.

Алдағы жылыту маусымына дайындық үшін орталықтандырылған жылумен қамту аймағында 459 қазандықтың 428 қазандығына жөндеу жүргізілді, бұл жылдық жоспардың 93% құрайды.

Сонымен қатар, М. Досмұхамбетов отынмен қамтамасыз ету жағдайы туралы айтып берді. Ағымдағы жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша энергия көздері қоймаларында көмір қоры 4 млн тонна көмірді құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 15%-ға артық және 101,9 мың тонна мазут, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23%-ға артық.

Энергетика министрлігі қосылған құн салығы есебімен 100 мың теңге бағасымен 277 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу бойынша кестені бекітіп, өңірлерге жолдады.

«Министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуіне дайындау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Өңірлер әкімдіктері энергия көздерінде жоспарланған барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды бақылауға алуды және энергия кәсіпорындарының бар берешектерін толық көлемде өтеуді қамтамасыз етуі қажет», — деп түйіндеді М. Досмұхамбетов.

Өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов баяндады.  

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр әкімдіктер инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның нысандарын жөндеу жұмыстарын аяқтап жатқанын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық қажеттіліктерге және тұрғындарға қажет көмір мен мазут қорын дайындау жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Р. Скляр кейбір білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің, сондай-ақ тұрғын үй нысандарының кестеден артта қалуына байланысты мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Бұл мәселелер ҚР Үкіметінің тұрақты бақылауына алынған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу