ҚР Премьер-Министрі А. Мамин сауда желілерінің басшыларымен кеңес өткізді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын және сауда орталықтарында қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз ету бойынша алдын алу іс-шараларын өткізу жөнінде селекторлық кеңес өткізді.

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың ірі сауда орталықтарының жұмысы, сондай-ақ баға белгілеу мәселелері туралы өңірлердің әкімдері, сауда желілерінің иелері мен басшылары баяндады. Сауда нысандарында санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейту жөніндегі ұсынымдармен денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов пен сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов таныстырды.

«Қазіргі жағдайдағы негізгі міндеттер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне және алғашқы қажеттілік тауарларына бағаның өсіне жол бермеу. Әкімдіктер, ірі көтерме сауда жеткізушілері және сауда желілерінің иелері халық үшін қолайлы бағалар бойынша тауарларды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тығыз өзара іс-қимыл жасасуы қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары мен тұрақтандыру қорларының ресурстарын белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Азық-түлік тауарларын сататын сауда нысандары халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Қауіпсіздік мақсатында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қамтамасыз етілуін қадағалау қажет. Сауда нысандарының қызметкерлері барлық қажетті санитарлық жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен алғашқы қажеттілік заттары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу