20 Қазан 2026, 10:20

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі стратегиялық маңызы зор жол инфрақұрылымы жобаларымен, әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 3 тамызда телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап беріп, құрылыс сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етуді және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырған болатын.
Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының айналма автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда жолдың негізгі қабатын төсеу, су өткізетін темірбетон құбырлар орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 46,4 млрд теңге бөлінген, 2029 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда нысанда 131 жұмысшысы мен 82 техника жұмылдырылған. Жол бойындағы топырақтың құнарлы қабаты алынып жатыр, сонымен қатар жобалық шешімдер әзірленіп, инженерлік-геодезиялық зерттеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту 182,2 шақырымды қамтиды, оған 191,5 млрд теңге бөлінген. Төрт құрылыс учаскесінде 112 жұмысшы, 90 техника еңбек етуде. Топографиялық-геодезиялық зерттеулер, топырақ карьерлерін барлау жұмыстары аяқталған.
«Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолын реконструкциялауға 752,5 млрд теңге қарастырылды. Қазір мұнда 452 адам жұмыспен қамтылған.
Құрылысты салу барысында көлік қозғалысы бұрынғы жол арқылы жүре береді. Жаңа жол пайдалануға берілген соң, көлік қозғалысы сонда ауысады. Қолданыстағы ескі жол қайта жаңғыртылып, көлік қозғалысы кезең-кезеңімен реттеледі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа бағдарлар еліміздің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктерін еселеп арттыратынын атап өтті. Жол сапасына қатысты айтылған өткір сыннан нәтиже шығару керек. Сондықтан бірінші кезекте жұмыстың сапасына жете мән беру қажет. Сапалы, барлық талапқа сай жол ұзақ уақыт пайдалануға жарайды. Бұл стратегиялық маңызы зор нысандар Президентіміздің, Үкімет жетекшісінің бақылауында», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары әлеуметтік нысандар құрылысымен де танысты.
Бүгінде Қызылорда қаласында көпбейінді аурухана, емхана және перинаталдық орталық сияқты бірнеше медициналық нысан салынуда. Көпбейінді аурухана 300 төсек-орынға арналған, жанында онкологиялық бөлімшесі мен бір ауысымда 100 келушіге дейін қызмет көрсете алатын емханасы бар. Ғимараттың он блогында қабылдау, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдері, пансионат, физиотерапия және басқа да бөлімшелер орналасады. Медициналық кешен құрылысына қаражат республикалық бюджеттен бөлінді, ал жұмыстарды аяқтауға қажетті қаржы Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен қарастырылды.
Бүгінде құрылыстың 85%-ы аяқталған. Осы уақытта ішкі әрлеу, инженерлік желі тарту, аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылып, құрал-жабдықтар сатып алу үшін келісімшарт рәсімделуде.
Қызылорданың шет аймағындағы шағын ауданда 400 келушіге арналған №5 емхана салынып жатыр. Мұндағы жұмыстың да жартысынан астамы, яғни 65%-ы орындалған. Жалпы ауданы 8 937 шаршы метр болатын медициналық нысан салуға 9,8 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, терезе орнату және инженерлік желі тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Желтоқсанның 25-іне дейін медициналық жабдықтарды жеткізіп орнату, нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға арналған тағы бір нысан – 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық. Қазір құрылыс алаңы қоршалып, құрылыс алаңы дайындалып жатыр. Сонымен қатар іргетасы құйылып, арматура тоқылуда. Ғимарат үш қабатты, мамандандырылған бөлімдерге қоса, зертханасы және тамақтану блогы бар. Аумағы 39,1 мың шаршы метр, 52,8 млрд теңге бөлінген. Нысан 2028 жылғы наурызда пайдалануға беріледі.
Облыс орталығындағы құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Қызылорда Арена» спорт кешеніндегі жұмыс 90% аяқталған. Ішкі әрлеу, дизайнерлік безендіру, қасбетін қаптау, аумағын абаттандыру және көгалдандыру қолға алынған.
Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің ұзындығы 319,4 метр, ені әр учаскеде 6 метрден 12 метрге дейін жетеді. Көпір жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлы етіп жасалады.
Нысандардағы жұмыс барысын тексерген Нұрлан Нәлібаев жауапты басшыларға сапа мен мерзімге қатысты белгіленген талаптарды сақтауды, ғимараттар айналасын абаттандыруға да баса мән беруді тапсырды.





Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу