Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі жаңартылған Жол картасының жобасы мақұлданды

06 қараша 2018, 16:30
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі Жол картасынының жаңартылған жобасы мақұлданды.

2017-2018 жылдарға арналған Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі Жол картасы 2017 жылдың қазан айында бекітілген еді. Бұл белдеуге Ақмола облысының 17 ауданы мен Қарағанды ​​облысының 4 ауданы кірді. ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, өткен кезеңде картаның негізгі шаралары жүзеге асқан.

2017 жылы Ақмола облысында 36 сүт қабылдау бекеті, 56 отбасылық бордақылау алаңы мен 1 мал сою бекеті құрылды. Биылғы жылдың 9 айында 19,4 мың тонна ет, 1,5 мың тонна шұжық өнімдері өндірілген. Өңделген сүт өндірісінің көлемі 41,6 мың тоннаны құрады, сонымен қатар, 601 тонна сары май, 651 тонна ірімшік пен сүзбе өндірілген.

Қарағанды облысында 38 отбасылық бордақылау алаңы, бір мал сою пункті мен 11 мал сою алаңы ашылды. Биылғы жылдың 9 айында 8 сүт қабылдау пункті құрылған. Жыл басынан бері 32,6 мың тонна шикізат өңделді. 10,7 мың тонна ет, 3,5 мың тонна шұжық өнімдері өндірілді. Өңделген сүт өндірісінің көлемі 9,5 мың тоннаны көрсетсе, сары май көлемінің көрсеткіші 368 тонна, ірімшік пен сүзбе 1243 тонна болды.

2017 жылы Астана қаласында «Astana Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыру бағларламасы аясында бағаны тұрақтандыру үшін «Кеңмарт» және «Астықжан» сауда орталықтарына айналым қаражаттарын толықтыру үшін 300 млн.тг қарыз берілді. Аталмыш ұйымдар 49 өнімнің бағасын тұрақты ұстап тұрды. Қала бойынша азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек сату үшін 157 модульдік сауда алаңы орнатылды. 2018 жылдың 9 айында қала кәсіпорындары 138 806 тонна өнім өндірді. Биылғы жылдың маусым айынан бері 17 жәрмеңке өткізіліп, 2 млрд. теңгенің 7 286 тонна тауары сатылды. «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге азық-түлік өнімдерін өткізуге арналған 463 жер телімі берілді.

А. Евниевтің айтуынша, Астана қаласының азық-түлік белдеуі бойынша жобаларды іске-асыру шеңберінде Астана қаласынан 50 км радиуста 92 жоба анықталды (16 – сүт, 56 – ет және 20 – басқа бағыттағы жобалар). Аталған жобаларды іске асыру жобалық тәсілді қолданудың нәтижесінде жүзеге асты. Осы орайда, Министрліктің жанында ашылған АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Жобалық кеңсесі Scrum-формат әдістерін енгізумен жобалардың әрқайсысына апта сайын мониторинг жүргізеді.

Жобалық әдісті енгізу арқылы:

1) әр жобаның іске асырылуына апта сайын мониторинг жүргізіледі;

2) мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершіліктерін нақты айқындайды;

3) бірнеше мыңдаған жобаға аптасына кемінде 1 рет мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, бұл шешім қабылдау жүйесін қалыптастырады, мәселелерді жедел шешуге жағдай жасалады.

А. Евниев Мемлекет басшысының Астананы отандық өнімдермен тұрақты қамтамасыз етудің нақты шараларын әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында министрлік Жол картасын өзектендіру жұмысын жүргізді.

2018-2021 жылдардағы Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға арналған жаңартылған Жол картасының мақсаты:

Бірінші — азық-түлік белдеуінің аймағында азық-түлік өнімдерінің өндірісін дамыту.

  • 2018-2019 жылдары Астана қ. жетіспейтін ет өнімдерінің көлемін өндіру үшін, қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет өңдеу кешенін салу (Ақмола облысында);

  • 2020-2021 жылдары сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктілігін арттыру үшін, 16 тауарлық сүт фермаларын іске қосу (Ақмола облысында – 5 және Қарағанды облысында– 11);

  • 2019-2020 жылдары көкөністің жетіспейтін көлемін өсіру үшін суармалы жерлерді қалпына келтіру.

Екінші — өндірілуі азық-түлік белдеуі аймағында белгілі себептерге байланысты жөнсіз азық-түлік тауарларының өзге өңірлерден тұрақты жеткізілімдеріне жағдай жасау. Бұл үшін «Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру тетіктерін енгізу қарастырылады, ол өз кезегінде агроөнеркәсіптік кешеннің субьектілеріне коммуналдық нарықтарды және т.б. қоса есептегенде, қаланың өткізу нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Үшінші — сауда-логистика инфрақұрылымын дамыту. Бұл мақсатта, Астана қаласында көтерме-тарату орталығы салынады. Көтерме-тарату орталығы отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көтерме нарыққа шығуына жағдай жасайды.

Төртінші — нарықты сәйкес келмейтін өнімдерден қорғаудың қосымша шаралары қарастырылды. Бұл - нарықтарды сәйкес емес өнімдерден қорғау бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерін күшейту. Соның негізінде, өткізілетін зерттеулер санының артуы, енгізілетін және жіберілетін тауарлардың қауіпсіздігіне ҚР заңнамаларынң талаптарының бұзылуы фактілерін Бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаумен мониторинг жүргізу.

Елорданы азық-түлік тауарлармен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сонымен қатар көршілес өңірлердің басшылары: Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары С. Шайдаров баяндады. Астана әкімі Б. Сұлтанов өз кезегінде Астана тұрғындарының қажеттіліктерін азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы баяндап берді.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев елорда халқының жыл санап өсіп келе жатқанын ескере отырып, оның тұрғындарын және қонақтарын азық-түлікпен қамту мәселесі аса өзекті болып қалып отырғанын айтты. Жаңартылған Жол картасын іске асыруға қатысты Премьер-Министр бірқатар басты міндеттерді қойып, нақты тапсырмалар берді.

Бірінші. Жол картасының жобасында азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігіне баса көңіл бөлінген. Дегенмен, бұл өнімдердің түпкі тұтынушыға қандай бағамен жеткізілетінін де ұмытпау керек. Ұлттық экономика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ақмола, Қарағанды облыстарының және Астананың әкімдіктерімен бірлесіп азық-түлік белдеуіне қатысушылар жеткізетін азық-түлік тауарларының бағасы мәселесін ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Екінші. Жол картасында елорданы азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлерімен қамту бойынша 20-дан аса іс-шара қарастырылған, бірақ оның орындалуын бағалауға мүмкіндік беретін индикаторлар жоқ. Осыған байланысты мақсатты индикаторларды айқындап, әрбір министрлікпен және әкімдікпен жеке-жеке меморандумдар жасасу керек.

Үшінші. Астанада көтерме-үлестіру орталығын салу бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз