Бақылау-касса машиналарының құны бизнес субъектілерінің салық салынатын базасынан алынып тасталады — Р. Еңсебаев

Біз салық инспекторларының тікелей байланыстарын болдырмайтын, жүйені ашық ететін және әкімшілік кедергілерді мүмкіндігінше қысқартатын жүйені құрғымыз келеді, деді ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, мемлекет салық төлеушілер мен бизнес арасында сенім туғызуға ұмтылады. Салық төлеушілер салықтардың Үкіметке халықтың негізгі мәселелерін шешу үшін әлеуметтік маңызды міндеттерге инвестициялауға мүмкіндік беретін қаражаттар екенін түсінуі керек.

«Өзара іс-қимылдың онлайн тетігі инспекторлардың салық төлеушілермен болуы мүмкін тікелей байланысын барынша шектейді. Цифрлық құралдарды қолданудың арқасында бизнеске жүктеме азая түседі деп үміттенеміз. Биыл салық салынатын базадан бақылау-касса машиналарының құнын алып тастау қарастырылуда, бірақ төленетін жылдық салық көлемінің 50%-нан аспайды», — деді Р. Еңсебаев.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, ақпарат онлайн режимде келетіндіктен, бюджетке шамамен 28 млрд теңге түсті.

«Бақылау-касса машиналары ‒ мұндай нәтиже алуға мүмкіндік беретін жалғыз механизм емес, жалпы цифрландыру, кедендік әкімшілендіру, электронды шот-фактураларды енгізу және блокчейн 2025 жылға дейін қосымша 4,5 трлн теңге алуға мүмкіндік береді», — деді вице-министр.

Өз кезегінде, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының м.а. Заңғар Шындали онлайн БКМ енгізу кезінде салық төлеушілер үшін тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін атап өтті. Енді кәсіпкерге салықтық арызды мемлекеттік кірістер органдарына келу тәртібімен тапсырудың қажеті жоқ. Онлайн БKM туралы мәліметтер фискалдық деректер операторының сайты арқылы электронды түрде беріледі. Аталған қызметті ұсынудың нәтижесін фискалдық деректер операторының жеке кабинеті арқылы алуға болады. Бұл процесс бар болғаны бір күн уақыт алады (бұған дейін 5 күн болды).

Сонымен қатар, бәсекелестік орта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Егер бұған дейін тек бір оператор — «Қазақтелеком» АҚ жұмыс істесе, бүгінде фискалдық деректер операторларының функциялары «Транстелеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС-не берілді, осылайша кәсіпкерлік субъектілері үшін онлайн БKM деректерін беру үшін операторды таңдауға мүмкіндік беріледі.

«Заңнамаға сәйкес, БKM тек ақшалай есеп айырысуларға қолданылады. Бұл қолма-қол ақша немесе төлем карталары, қолма-қол ақшаны пайдаланбайтын қалғандары бақылау-касса машиналарын пайдаланудан босатылады. Сондай-ақ, жеке тұлғалар мен екінші деңгейлі банктер де босатылады», — деді З. Шындали.

Р. Еңсебаев, сонымен қатар, қазіргі таңда нормалар пысықталып жатқанын, олар Сенатта екенін айтты. Бұл — шағын және микробизнестің салық төлеушілерін 3 жылға жеке табыс салығын төлеуден босату.

«Бұл мораторий 3 жыл бойы күшінде болады, яғни олар іс жүзінде салық төлемейді, бірақ олар БКМ қолдану талаптарына сәйкес келуі керек, біз нақты айналымдарды көруіміз қажет. Біз барлығымыз осы мәселенің маңыздылығын түсінуіміз керек, бизнес үшін жақсы жағдай жасалып жатыр, дегенмен бизнес адал жұмыс істеуі тиіс», — деді қаржы вице-министрі.

Бақылау-кассалық машиналарды қолдануға қойылатын талаптар тек Салық кодексінде ғана емес, Азаматтық кодексте және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңда да белгіленгенін айта кеткен жөн.

Заңнама жүзінде бизнесті БКM қолдануға ынталандыратын өте маңызды шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, Салық кодексінде салық ауыртпалығын азайту мақсатында патент және жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын субъектілер үшін онлайн БKM сатып алған кезде төленетін салық сомасы азаяды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу