УДЗ және МРТ: медициналық сақтандыруды енгізумен азаматтар қандай қызметтерді тегін ала алады

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында тегін қызметтерді ұсыну туралы айтып берді.

Бүгінде пилоттық жоба Қарағанды облысында тестіленуде, онда тегін қызметтер пакетін ұсынуды қоса алғанда, сақтандырудың негізгі жаңашылдықтары талдануда.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, пилоттың негізгі міндеті — медициналық қамтамасыз ету жүйесін екі бағыт бойынша сақтандыру тұрғысынан тестілеу.

«Бұл екі негізгі функция. Біріншісі – медициналық көмекке жүгінетін азаматтардың мәртебесін анықтау және сақтандыру әдістері. Екіншісі – медициналық сақтандыру пакетінен тегін медициналық қызмет көрсету. Бұл пилотты енгізу үшін 2,3 млрд теңге бөлінді. Келесі аптада Қарағанды облысында МӘМС енгізу бойынша республикалық штаб өткізу күтілуде», — деді Е. Біртанов.

Министрдің айтуынша, МӘМС аясында азаматтарға аса сұранысқа ие қызметтерді тегін ұсыну жоспарланған.

Біріншіден, бұл консультациялық-диагностикалық қызметтер. Мысалы: УДЗ, КТ, МРТ.

Екіншіден — ақысыз дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, атап айтқанда, 2020 жылы дәрігерлер тағайындайтын барлық рецептуралық дәрі-дәрмектердің тізімі балалар тобына кеңейтілетін болады.

Үшіншісі — қалпына келтіру емі және оңалту.

«Оңалту арнайы ауруханалар базасында да, емханалар базасында да жүргізілетін болады. Осы мақсатта оңалтуға шамамен 50 млрд теңге бөлінді, бұл осы жылғы көлемнен едәуір асып түседі. Бұл қосымша ақша сомасы ғана емес, сонымен қатар оңалту қызметтерін ұсыну тарифінің өсуі. Емдік дене шынықтыру жаттығуларынан, ауруханаға жатпай күндізгі сауықтыру курстарынан және стационарлық оңалтудан өтуге болатын емханалар үшін тариф жоғарылайды», — деп түсіндірді Е. Біртанов.

Министр МӘМС аясында ең алдымен жете қаржыландырылмаған қызметтерге тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру жоспарланғанын атап өтті. Бұл тізімге қымбат тұратын зертханалық зерттеулер кіреді.

«Біз мұндай талдауды тек қаражат жетпеген қымбат зерттеулер үшін жүргіземіз, олардың тарифі өседі. Көбінесе жеке сектордың өзі тарифті көтеруді талап етеді. Мәселен, біз осы айдан бастап компьютерлік томография мен магнитті-резонанстық томографияға тарифті көтердік, бұл бізге онкологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда қамту көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Енді бұл зерттеулер ақысыз түрде жүргізіледі, бұл азаматтардың шығындарына әсер етпейді – бұл ауруханалар мен әлеуметтік сақтандыру қоры арасындағы өзара есеп айырысу тарифтері», — деп түсіндірді Е. Біртанов.

Министрдің айтуынша, тарифтерді көтеру жоспары жасалды және алдағы 3 жылда бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілетін болады.

 

 

 

 

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу