02 Маусым 2026, 13:09
Мемлекет басшысының еңбекті қорғау жүйесін нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде өндірісте зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін 479 мың қызметкерді қамтитын шаралар кешені жүзеге асырылуда. Үкімет отырысында ағымдағы нәтижелер мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады.
Оның деректері бойынша өңірлер бөлінісінде зиянды жұмыстармен айналысатындардың ең көп саны Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған. Өндірісте еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді мемлекеттік саясат жүйесі. Адами капитал – кәсіпорынның негізгі активі. Сондықтан қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру стратегиялық басымдыққа ие. Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер саны 479 мың адамды құрайды. Экономика салалары бойынша зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің 61%-ы өнеркәсіп саласында еңбек етуде. Электр энергиясымен, газбен жабдықтау саласында 40 мың адам жұмыс істейді. Бұл еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың жалпы санының 8,5%-ын құрайды. Аймақтар бойынша зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің басым бөлігі Қарағанды облысында – 84 мың адам, Павлодар облысында – 57 мың адам, Маңғыстау облысында – 43 мың адам және Шығыс Қазақстан облысында – 42 мың адам.
Өндірістік жарақаттануды жасыру еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін мәселенің бірі болып тұр. Ол жұмыс берушілердің жауапкершіліктен жалтаруына, жұмыскердің әлеуметтік қорғалмауына, кепілдендірілген әлеуметтік төлемдердің болмауына әкеледі. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыс берушілердің өндірістік жарақатты жасыруы туралы 39 факті тіркелген. Экономика салалары бойынша жасырылған жарақаттану фактілерінің дені – қызмет көрсету саласында – 18 жағдай, өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыс саласында 5 жағдайдан тіркелген. Аймақтар арасында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында – 10 жағдай тіркелді, Астана қаласында – 7 жағдай, Ақмола облысында – 6 жағдай орын алған. Еңбек министрлігі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Жұмыскердің еңбек қызметін заңдастыру және сақтандыру жүйесімен қамту мәселелерін де қолға алған.
Министрдің сөзінше статистика деректері бойынша ағымдағы кезеңде жұмыспен қамтылған халық саны 9,4 млн адамды құрайды. Соның ішінде 7,3 млн-ы – жалдамалы жұмыскерлер. «HR Enbek» жүйесінде 6,7 млн еңбек шарты тіркелген. Бұл жалдамалы жұмыскерлердің 92%-ын қамтиды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар негізінде шамамен 575 мың адам өз қызметін жүзеге асырады.
«Белсенді жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 174 мың бірлікті құрайды, оның ішінде 1,2 мың ірі, 2,9 мың орта және 169 мың шағын кәсіпорын. Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру арқылы әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыс шеңберінде 118 мың кәсіпорын қамтылды немесе жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы санының 68%-ын құрады. Бүгінгі күні 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық бақылау бойынша 170 тексеру жүргізілді. 2025 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда профилактикалық бақылаумен қамту 2,5 есеге ұлғайды. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға, жұмыскерлерді әлеуметтік-еңбек кепілдіктерімен қамтуды кеңейтуге және еңбек заңнамасын бұзудың алдын алуды күшейтуге ықпал етеді. Еңбек заңнамасын сақтау және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында 2026 жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы 2,4 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру іс-шараларының қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын 2,8 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Орындалуға міндетті 1 630 нұсқама берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар өндірістік жарақаттану деңгейін азайтуға көмектеседі», — деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ол 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға төмендегенін жеткізді. Ал, өлімге әкелген жазатайым оқиғалар саны 7,9%-ға азайды. Зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен металлургия кешені (16%), құрылыс саласы (10%) және мұнай-газ секторы (5%) кәсіпорындарында байқалады. Әлеуметтік шиеленісті уақтылы анықтау және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында Министрлік Еңбек тәуекелдері картасы арқылы әлеуметтік-еңбек саласының мониторингін жүргізеді. Бүгінгі күні мониторинг 98 мың кәсіпорынды қамтыған. Тәуекел деңгейін бағалау нәтижелері бойынша жоғары тәуекел санатына – 2 мың 300 кәсіпорын, орташа тәуекел санатына – 3 мың 200 кәсіпорын кіреді. Еңбек тәуекелдері картасы кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек ахуалы туралы ақпаратты талдауға, жұмыс берушілерді еңбек заңнамасын бұзу белгілері туралы проактивті түрде анықтауға және хабардар етуге мүмкіндік береді. Еңбек тәуекелдері картасы арқылы ұжымдық шарттардың болуы мен қолданылуы, еңбек шарттарының жасалуы және тіркелуі, жалақы мен әлеуметтік аударымдардың уақтылы төленуі туралы ақпаратты алуға болады. Еңбек тәуекелдері картасы арқылы жасалған мониторинг – кәсіпорындардағы ахуалды аудан деңгейіне дейін бақылауға мүмкіндік береді. Әкімдіктерге, еңбек инспекциясына және құқық қорғау органдарына жедел аналитикалық ақпарат дайындауға жағдай жасайды.Алдын алу шараларын қабылдауға және еңбек жанжалдарын болдырмауға көмектеседі.
Осы жылы Еңбек тәуекелдері картасын Қаржы, Әділет, Денсаулық министрліктерінің, Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен қосымша интеграциялау қажет. Жалпы, қолданыстағы цифрлық шешімдер кәсіпорындардың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, талдауға мүмкіндік беретін толық жұмыс істейтін ахуалдық орталықты құруға жағдай жасайды. Кәсіптік тәуекелді басқару жүйесін жетілдіру шеңберінде Министрлік еңбек жағдайларын бағалау және өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізді. Бұл жерде жұмыс берушілердің еңбекті қорғауға формалды көзқарасы, жеке қорғаныс құралдары мен құрал-жабдықтарымен уақтылы қамтамасыз етпеуі, ескірген жабдықты пайдалануға беруі бойынша проблемалар бар.
Бұдан бөлек, заңнамалық деңгейде бұрын кәсіптік тәуекелдерді бағалау жүйесінде бірқатар елеулі кемшілік болған, атап айтқанда:
әрбір жұмыс орны бойынша тәуекелдерді орташа бағалау;
тек өндірістік объектілер үшін тәуекелдерді бағалау;
қағаз құжаттардың көптігі және тәуекелді бағалау деректерінің автоматтандырылмай есептелуі;
мемлекеттік еңбек инспекциялары тәуекелді бағалау бойынша есептер ұсынбаған.
Аталған кемшілікті жою мақсатында кәсіптік тәуекелдерді басқару жүйесінің жаңа моделі енгізілуде. Бірінші. Әрбір кәсіп бойынша тәуекелді жеке бағалау және кәсіпорындарды интегралды бағалау. Екінші. тәуекелді басқарудың екі түрі – өндірістік объектілер үшін және шағын және микрокәсіпорындарда қолданылатын жеңілдетілген тәртіп. Үшінші. Бағалау жүргізу үшін мамандандырылған ұйымдар мен сарапшыларға қойылатын талаптарды белгілеу. Төртінші. тәуекелді бағалау процесінавтоматтандыру, электрондық есеп жүргізу және тәуекелді бағалауды түзету шараларының жоспары. Бесінші. Мемлекеттік еңбек инспекциясының цифрлық мониторингі. Қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданды. Олар биыл, екінші жартыжылдықта қолданысқа енгізіледі. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру көзделеді. Нормативтік жетілдіру шеңберінде 321 мемлекеттік еңбек инспекторының өкілеттігі мен функционалын күшейту жоспарлануда. Кәсіпорындарда тікелей қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын еңбекті қорғау жөніндегі 16 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қызметі жетілдірілетін болады.
Өндірістік кеңестердің қызмет механизмдерін жетілдіру және жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысуын кеңейту арқылы 18 мың өндірістік кеңестің жұмыс тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады. Кадр даярлаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша Бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құру көзделеді. Еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімді тексеру рәсімдерінің ара жігін ажырату жоспарлануда. Бұл жұмыскерлердің дайындық деңгейін бағалаудың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру шеңберінде Бірыңғай цифрлық жүйеге білімді прокторингтік онлайн-тексеру механизмін, сондай-ақ тексеру нәтижелерін апелляциялық қарау рәсімін енгізу көзделіп отыр. Оқыту ұйымдары және Бірыңғай цифрлық жүйеде оқудан өткені туралы сертификаттарды тіркеу қамтамасыз етіледі. Бұл оқыту процестерінің ашықтығын арттыруға, даярлау сапасын бақылауды қамтамасыз етуге және жалған құжаттарды беру жағдайларын жоюға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлін күшейту жалғасуда.
Бүгінгі күні елімізде әлеуметтік диалогтың барлық деңгейінде жұмыскерлердің мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін 4 республикалық, 58 салалық, 25 аумақтық және 444 жергілікті кәсіподақ жұмыс істейді. Әлеуметтік әріптестікті дамыту және жұмыскерлер өкілдерімен өзара іс-қимылдың цифрлық құралдарын кеңейту мақсатында «HR Enbek» порталында кәсіподақтың автоматтандырылған жұмыс орнын енгізу жүзеге асырылады. Жүйе әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерді цифрландыруды, кәсіпорындағы еңбек жағдайларының мониторингін, кәсіподақ мүшелерін автоматтандырылған түрде есепке алуды, мемлекеттік еңбек инспекторларымен келісімдер мен ұжымдық шарттарды есепке алу процестерін цифрлық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Аталған шараларды жүзеге асыру әлеуметтік-еңбек қатынастардың ашықтығын арттыруға, әлеуметтік әріптестер арасында жедел ақпарат алмасуға және қабылданған міндеттемелердің орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік-еңбек қатынастары жүйесін одан әрі жетілдіру және еңбек заңнамасын бұзушылықтың алдын алу мақсатында мына шараларды жүзеге асыру ұсынылады.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелер деректері негізінде кәсіпорындарды еңбек заңнамасын бұзу тәуекелдері мен белгілері туралы алдын ала хабардар етудің проактивті форматы енгізу. Экономика салалары бойынша үлгілік еңбек шарттарын енгізу бойынша жұмыс басталды. Кәсіптік тәуекелдерді бағалау және мониторинг жүргізудің цифрлық құралдарын жетілдіру, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Аталған шараларды жүзеге асыру нәтижелері бойынша жыл соңына дейін мына көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда:
жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған ұйымдар санын 130 мың-ға дейін жеткізу;
жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 0,31-ге дейін төмендету;
өндірістік жарақаттануды жасырып қалу деңгейін 14 тіркелген жазатайым оқиғаға шаққанда 1 анықталған жасырын жағдай ара қатынасына дейін төмендету.
Ұсынылған шараларды жүзеге асыру еңбек заңнамасын сақтау деңгейін арттыруға, еңбек жанжалдары мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу жүйесін нығайтуға, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еңбекті қорғау – бірінші кезекте, еліміздің кәсіпорындарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселесімен байланысты. Ұсынылып отырған шаралар тәуекелді ерте анықтауға, алдын алуды күшейтуге және нақты бақылау жүргізуге бағытталған. Министрлік Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты өндірістік тәуекелді азайтуға және жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыруға баса назар аудара отырып жалғастыратын болады.
#Еңбек кодексі #Президенттің тапсырмасы #Цифрландыру #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу