Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы жыл сайын өсім көрсетуде

Мұндай көрсеткішке мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізіліп отыр. Бұл туралы ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ОКҚ алаңында хабарлады.

Спикердің айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі 2,1%-ға артып, 3,1 трлн теңгеге жетті. Биылғы 9 айда 2,4 трлн теңгеге азық-түлік тауарлары өндірілген.

«Өткен жылы АӨК өнімдерін экспорттау көлемі 5,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өңделген өнімдердің үлесі 43%-ға жетті. Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша АӨК өнімдерінің көлемі $3,3 трлн-ға тең болса, оның ішіндегі қайта өңделген өнімдер көлемі 55%-ды құрады», — деді Назгүл Хатепова.

Бұл жетістіктер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мүмкін болды:

- ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғырту бойынша инвестициялық субсидиялар;

- ет, сүт, қант қызылшасы, майлы дақылдар және т.б. өңдеуге тапсырылған өнімдерге субсидиялар;

- сары май, қатты ірімшік сияқты терең өңделген өнімдер өндірісіне арналған шикізат сатып алуға субсидиялар;

- ҚҚС-ны 70%-ға төмендету бойынша салықтық жеңілдіктер (Салық кодексінің 411-бабы)

-шикізат экспортына шектеулер (тірі мал экспортына квоталар, күнбағыс әкетуге арналған экспорттық кедендік баждар).

«Сонымен қатар салада кейбір түйткілді мәселелер бар. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейінің төмендігі. Мысалы, сүтті өңдеу үлесі 62%, майлы дақылдарды – 45%, ет – 47%, дәнді дақылдарды – 30%, жемістер мен көкөністерді – 3% құрайды», — деп атап өтті Министрлік өкілі.

Екінші мәселе – өңдеу кәсіпорындарының жүктелу деңгейінің төмендігі. Мысалы, ет өңдеу қуатының жүктелуі 54%, макарон өнімдері – 42%, ұн – 36%, жарма – 23%, жүн – 26%, тері – 6% көлемінде ғана.

Үшінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарындағы негізгі құралдардың тозу деңгейі жоғары, орташа есеппен 40%-ды құрайды.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, саланың дамуын тежейтін негізгі факторлар:

- шикізаттың жетіспеушілігі, жоғары құны және сапасының төмендігі;

- өндірілген өнімді өткізу нарықтарының шектеулілігі;

- негізгі және айналым қаражаттарын толықтыруға жеңілдетілген несиелік ресурстардың болмауы;

- субсидиялардың жеткіліксіздігі.

Өсімдік шаруашылығындағы негізгі бағыттар

Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепованың мәліметінше, бүгінгі таңда астық өңдеу саласында 350 кәсіпорын (ұн, жарма, макарон өнімдері, крахмал өнімдері, биоэтанол, глютен) жұмыс істейді.

«3,2 млн тонна көлеміндегі ұн өндірудің жылдық көлемі (2023 ж) еліміздің ішкі тұтынуынан (1,3 млн тонна) асып түседі және экспорттық жеткізілім көлемі бойынша (1,9 млн тонна) әлемде жетекші орындардың бірін алады (2022 жылы – 1,9 млн тонна). Қазақстандық ұн өндірісін ұлғайтуға кедергі келтіретін фактор – экспорт нарықтарының тарылуы себебінен, яғни дәстүрлі импорттаушы елдерде өздерінің ұн өндірісі артқан және кейбірі әртүрлі шектеулер енгізуіне байланысты. Осыған орай, біз келесі өңдеу деңгейіндегі өнімдердің өндірісін мақсатты түрде дамытамыз: макарон өнімдері, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, крахмал өнімдері, глютен, биоотын және басқалары. Мұндай өндірістерді дамыту үшін 25% мөлшерінде инвестициялық субсидиялар, несиелер мен салықтарға жеңілдіктер, сондай-ақ экспорт кезінде көлік шығындарының 30%-ға дейін өтемақысы қарастырылған», — деді ол.

Сонымен қатар жоғары технологиялық және күрделі өндірістерді дамыту үшін 2023 жылдан бастап инвестициялық шығындардың 50%-ына дейін өтемақы көзделген.

Елімізде астықты өңдеумен қатар майлы дақылдарды өңдеу ісі де қарқынды дамуда. Мәселен, өсімдік майы өндірісінде 80 кәсіпорын жұмыс істейді, олар 2023 жылы 672 мың тонна өсімдік майын өндірген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға артық (644 мың тонна болған). Ішкі тұтыну 368 мың тонна болса, отандық өндірістің сұранысты қамтамасыз ету деңгейі 183%-ды құрайды. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 531 мың тонна өсімдік майы өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 8%-ға артық (492 мың тонна).

Биыл 1,2 млн тонна жуық қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр

Қазіргі уақытта қант өндіру еліміздегі 4 жұмыс істеп тұрған қант зауытында жүзеге асырылады, олар 2023 жылы ішкі нарықтың сұранысын (507 мың тонна) 44%-ға қамтамасыз етті, оның ішінде отандық шикізат есебінен – 13%.

Қантқа жоғары импорттық тәуелділікті ескере отырып, қант саласын қолдау үшін мемлекеттік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілді. Осылайша, 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған субсидия нормативтері артты: қант қызылшасын өсіруге арналған ауылшаруашылық техникасын сатып алғанда 25%-дан 50%-ға дейін, қант қызылшасын өңдеуге тапсыру кезінде 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін.

«Отандық шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты қазақстандық қант зауыттарына 300 мың тонна көлемінде бажсыз қант құрағы шикізатын әкелуге квоталар берілді. Сондай-ақ зауыттарға қамыс шикізаты өндірісі кезінде ҚҚС-ты 70%-ға төмендету түріндегі салық жеңілдіктері (Салық кодексінің 411-бабы) және қамыс шикізатын импорттау кезінде ҚҚС-тан толық босату мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар қант өндірісін ұлғайту мақсатында жұмыс жасап жатырған зауыттарды жаңғырту мәселесі пысықталуда», — деп түсіндірді Министрлік өкілі.

Аталған шараларды жүзеге асыру арқылы отандық қант өндірісін ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Анықтама: 2024 жылдың 9 айында 17,9 мың тонна қант қызылшасы (+58%; 11,3 мың тонна), 95 мың тонна қант құрағы (-30%; 135 мың тонна) өндірілді.

Жоғарыда аталған ынталандыру шараларының арқасында биыл қант қызылшасының егіс алқаптары 25,2 мың гектарға дейін кеңейтілді (2023 жылы 13,4 мың гектар болған), әр гектардан алынатын өнімділік 436 тоннаға дейін жеткізілді (былтырғы көрсеткіш – 379 тонна), нәтижесінде 1,2 млн тонна қант қызылшасының рекордтық өнімі күтілуде, бұл оның өңдеу қуатын толығымен қамтиды.

«Қант зауыттарына барлық күтілетін қант қызылшасын өңдеу үшін айналым қаражатын толықтыруға 25,8 млрд теңге мөлшерінде жеңілдетілген несиелер берілді, сондай-ақ фермерлерге өткізілген өнім үшін қосымша 25,6 млрд теңге бөлу бойынша мәселе пысықталуда», — деп атап өтті Назгүл Хатепова.

Қант қызылшасын үздіксіз қабылдауды ұйымдастыру мақсатында әкімдіктермен, фермерлерді қант зауыттарына бекіту және қабылдау кестесі жасалды. Бүгінгі таңда қант зауыттары 635 мың тонна қызылшаны қабылдаған.

Биылғы күтілетін қант қызылшасы көлемінен 120 мың тонна қызылша қантын өндіру жоспарлануда, бұл өткен жылға қарағанда шамамен екі есе артық (68 мың тонна).

Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі негізгі бағыттар 

Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі негізгі бағыттар – сүт, ет, тері және жүн өңдеу.

«Сүт өңдеуде қуаты жылына 2,7 млн тонна сүтті құрайтын 180 кәсіпорын жұмыс істейді, жалпы жүктеме шамамен 77%-ды құрайды. 2023 жылы 2,1 млн тонна сүт өңделді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артық (1,9 млн тонна). Жалпы сомасы 584,8 млрд теңгеге сүт өнімдері өндірілді», — деді спикер.

Министрлік есебінше, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 464 мың тонна өңделген сүт (463,3 мың тонна), 24 мың тонна сары май (23,5 мың тонна), 37 мың тонна ірімшік пен сүзбе (33,7 мың тонна) және де 196 мың тонна (187 мың тонна) өзге де сүт өнімдері өндірілді. Жалпы сүт өнімдерін өндіру көлемі оң динамиканы көрсетеді.

«Өздеріңіз білетіндей қазіргі уақытта отандық өнімнің импортпен бәсекеге қабілеттілігі проблемасы бар. Импортты алмастыру және отандық қуаттылықты жүктеу үшін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылдық 2,5% мөлшерлемемен тауарлы-сүт фермалар (ТСФ) желісін жеңілдікпен несиелеу жобасы жүзеге асырылуда. 2023 жылы бұл мақсаттарға 65 ТСФ салуға 100 млрд теңге бөлінді. 2024 жылы аталған бағдарлама бойынша тағы 100 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында ірі тауарлы-сүт фермалар желісін құрып, отандық сүт зауыттарын сапалы шикізатпен қамтамасыз ету және сүт шикізатының жетіспеушілігі мәселесін шешу көзделіп отыр», — деді департамент директоры. 

Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова атап өткендей Қазақстанның ет өнеркәсібі салқындатылған және мұздатылған ет, шұжық өнімдері, еттен жасалған жартылай фабрикаттар және консерві өнімдерін өндірумен айналысады.

«Республикада етті өңдейтін 210 кәсіпорын жұмыс істейді (құс етінен қоспағанда), жалпы қуаты жылына шамамен 400 мың тонна етті құрайды. Қазіргі уақытта кәсіпорындардың жүктемесі 54% деңгейінде. Ішкі нарықты салқындатылған етпен қамтамасыз ету деңгейі 101%, шұжық өнімдерімен – 60%, ет консервілерімен қамту – 28% мөлшерінде», — деді ол.

Ет өңдейтін кәсіпорындар үшін негізгі проблемалар шикізаттың қымбаттығы және айналым қаражатының жетіспеушілігі болып саналады.

Ірі қара және ұсақ мал басын ұлғайту және ет өңдейтін кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап квоталарды белгілей отырып, тірі ІҚМ және ұсақ мал экспортына шектеу қойылған (ІҚМ 60 мың бас, ұсақ мал 120 мың бас квота). Сонымен қатар ет өңдейтін кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін 21 мың тонна мұздатылған етті бажсыз импорттау квоталары беріледі.

АШМ өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі таңда шикізат өңдеудің әлсіз дамыған бағыттарының бірі – тері мен жүнді өңдеу.

«Тері өңдеумен айналысатын салада жалпы қуаты жылына 3,3 млн дана ірі қара терісі және 3,1 млн дана ұсақ мал терісін өңдейтін 9 кәсіпорын жұмыс істейді, алайда олардың жүктемесі 6%-дан аспайды. 2023 жылы өндірілген 3,5 млн дана ірі қара терісінің тек 6%-ы (208 мың дана) өңдеуге жіберілген, 10%-ы (348 мың дана) экспортталған, ал қалған 84%-ы (2,971 мың дана) өңделмей қалған. Ұсақ малдың 8,1 млн дана терісі өндірілген. Оларды сұраныс болмауына байланысты өңдеу және экспорттау жүзеге асырылмаған», — деп мәлімдеді Назгүл Хатепова.

Ірі қара және ұсақ мал терісін өңдеуге бағыттау үшін экспорттық баж салығы тоннасына 200 еуро мөлшерінде қолданылады. Алайда, бұл шара өңдеу үлесін арттыруға ықпал етпейді, өйткені мәселе шикізат сапасының төмендігінде, оның көп бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардан алынған және отандық өңдеуші кәсіпорындар мен экспорттаушылар талаптарына сәйкес келмейді (кесілген, зиянкестермен зақымданған және т.б.).

«Мәселенің шешімі терінің сапасы маңызды емес өнімдер өндіру – желатин немесе мал азықтық қоспалар сияқты. Мұндай өндірістерді дамыту үшін 2022 жылдан бастап инвестициялық субсидиялау ережелерінде жоба құнының 25%-ын өтеу қарастырылған», — деді спикер.

Дегенмен, осы бағытта теріні өңдеумен байланысты жобалар жүзеге асырылуда. Олар: Алматы қаласында желатин өндіретін «Iskefe Holding» (қуаты 7 мың тонна), мал азықтық қоспаларды өндіретін «СК Протеин» (СҚО), қуаты 4,8 мың тонна) және «Бату Агро» (Алматы облысы, қуаты 2 мың тонна) жобалары.Аталған жобаларды іске асыру арқылы былғары өнеркәсібіне жарамсыз қалған терілерді өңдеу мүмкіндігі артады.

«Жүн өңдеу саласында 13 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде тек 4 кәсіпорын жіңішке жүнді дайын өнімге (көрпе, жамылғы, топс) айналдыра алады, қалғандары Кеңес заманынан қалған етік фабрикалары. Олар жаңғыртуды қажет етеді (негізгі өнімдері: киіз етік, ұлтарақ, киіз). Аталған кәсіпорындардың қуаты – жылына 36,1 мың тонна жүн, ал олардың жүктемесі 26%-ды құрайды. 2023 жылы өндірілген 41,7 мың тонна қой жүнінің шамамен 7,3 мың тоннасы өңделіп, 7,9 мың тоннасы экспортталған немесе 19%-ы, ал 26,5 мың тоннасы 63%-ы өңделмей қалған қалдық. Жүнді өңдеудегі мәселелер тері өңдеудегі мәселелерге ұқсас – шикізат сапасының төмендігі, оның көп бөлігін қылшық және жартылай қылшық жүн құрайды, ол тоқыма өнеркәсібіне жарамсыз және іс жүзінде өңдеуге келмейді. Аз ғана бөлігі киіз бен киіз етігі өндірісіне жарамды», — деп түсіндірді Назгүл Хатепова.

Оның айтуынша, жүн өңдеу үлесін арттыру үшін қылшық және жартылай қылшық жүнді өңдеуге бағытталған кәсіпорындар құру қажет. Актөбе облысында құрылып жатқан «KAZFELTEC» зауыты осы бағытта жұмыс істейді, ол жүнді жылу оқшаулағыш материалдар өндіру үшін қолданбақ. Кәсіпорын қуаты – жылына 2,1 мың тонна жүн өңдеу.

«Тері мен жүн өңдеуді дамыту үшін көршілес елдердің тәжірибесін зерттеу және оны бізде енгізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Моңғолия осындай ел ретінде қарастырылуда, онда 4 млн халқы бар, ал мал саны 64 млн-нан асады, оның ішінде 29 млн қой, 24 млн ешкі, 5 млн сиыр, 4,8 млн жылқы. Ашық деректерге сәйкес, алынған тері мен жүннің едәуір бөлігі өңделеді», — деді департамент директоры. 

Айта кетейік, 2024 жылдың 28-29 қазанында Мемлекет басшысының Моңғолияға сапары аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасында тиісті Меморандумға қол қойылған.

Аталған меморандум елдер арасындағы келесідей ынтымақтастықты көздейді:

тері мен жүнді өңдеуді дамыту, кәсіпорын мамандарын даярлау, тері мен жүнді терең өңдеуге инвестициялар тарту бойынша тәжірибе алмасу;

ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін өңдеуді басқару жүйесін, механизмін, стандарттарын, сынақ әдістерін, зертханалық мүмкіндіктерін құруға немесе жетілдіруге өзара көмек көрсету;

семинарлар, брифингтер өткізу және / немесе бірлескен оқытуды жүзеге асыру.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді

2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,8%-ға өсті. Бұл ретте өңделген ірімшік пен сүзбе бойынша 9,9%-ға, ашытылған сүт өнімдері бойынша – 4,4%-ға, сары май бойынша – 2,1%-ға, өңделген сүт бойынша – 0,2%-ға, қант 57%-ға, өсімдік майы бойынша – 8%-ға, күріш бойынша – 1,5%-ға, сусындар бойынша – 0,2%-ға өсу байқалады.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бастапқы өндірістен жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға көшу қажеттігін және қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Белгіленген мақсатты орындау мақсатында ҚР Үкіметі 2024 жылы маусымда Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітілді, аталған жоспар салаға қолдау көрсету шараларын қамтиды.

«Қайта өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі фермерлерге өңдеуге тапсырылған сүт-шикізат, ет, дәнді дақылдар (жүгері, қарақұмық) және майлы дақылдар, қант қызылшасы, тері, жүн және басқа да шикізат түрлері үшін қосымша субсидия қаражатын бөлу арқылы шешілетін болады», — деді спикер.

Ішкі нарықта сату нарықтарын қамтамасыз ету барлық қайта өңделген өнім түрлері үшін салықтық жеңілдіктер беру арқылы, сыртқы нарықтарда экспорт кезінде көлік шығындарын өтеу нормативтерін арттыру арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте экспорттаушы елдермен ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды келісу арқылы жаңа экспорт нарықтарын ашу бойынша жұмыстар жандандырылады. Сондай-ақ ішкі нарықты арзан импорттан қорғау үшін кейбір дайын өнім түрлері бойынша ең төменгі көтерме бағаны белгілеуді қоса алғанда, шектеу шараларын енгізу көзделеді.

«Өндіріске заманауи технологияларды енгізу мақсатында, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға трансұлттық компанияларды тартуды қоса алғанда, инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілетін болады. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2028 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін 1,4 есеге арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр», — деп түйіндеді сөзін Назгүл Хатепова .

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Президенттің тапсырмасы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу