Байқоңыр қаласында төрт көшеге тарихи тұлғалар есімдері берілді – Нұрлыбек Нәлібаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жсады. 

Н. Нәлібаевтың айтуынша, экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша облыста оң динамика қалыптасып, 10 айдың қорытындысы бойынша өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көрінді (4-орын). Жақында облысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Аймақтың дамуына оң бағасын берген болатын.

Осы жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі 24,2%-ға, ауыл шаруашылығы 2,6%-ға, құрылыс жұмыстарының көлемі 21,2%-ға, тұрғын үй 16,7%-ға, сауда 4,3%-ға көлік және қоймалау көлемі 8,8%-ға, негізгі капиталға тартылған инвестиция 27,7%-ға артты, жеке инвестициялар 34,6%-ға өсті.

Аймақ бюджеті 609 млрд теңгеге жетті. Өсім – 57%. Облыстың даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Соңғы он жылда аймақта мұнай қоры сарқылып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі көп жылдар бойы төмендеп келеді (2012 жылы 11 млн тонна мұнай өндірілсе, биыл 3,5 млн тонна мұнай өндіру күтілуде).

«Өнеркәсіптің басқа да өндірістерін дамытуды қолға алдық. Нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінде оң серпін қалыптасты. Өсім – 1,3%», — деді Нұрлыбек Нәлібев.

Қызылорда облысы әкімінің мәлімдеуінше, өңірде алдағы 6 жылда құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылмақ. Тоғыз мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылды. Қабылданған шаралардың негізінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 30%-ға ұлғайды. 

Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, өнімнің 70%-ын ішкі нарыққа, 30%-ын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспорттауда. Зауыттың негізгі қуаты – 197,1 мың тонна. Зауыт іске қосылғаннан бері жобалық қуатының 85%-ын игеріп, 167 мың тонна өнім шығарды.

Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Келер жылы жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, шыны бөтелкелер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл 3 жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады (орналасу орны – Шиелі ауданы). 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылады (630 жұмыс орны).

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3%-ға артты (70 977). Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрд теңге қаржы тартылып, 3,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Оның 24 млрд теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінді. Мемлекеттік қолдау тетігіне қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Қолдау шаралары нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 15,8%-ға өсті (124 376 адам).

«Мемлекет басшысының бөлшек салықты енгізу және салықтық ынталандыру шарасын қабылдау бастамасын республика көлемінде алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы орындады. Биыл облыста 35 мың кәсіпкердің мүддесі қамтылған бөлшек салықтың пайыздық мөлшерлемесі 4%-дан
2%-ға төмендетілді», —
деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-бен 2,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несие табысталды. Өндірістік жобаларға басымдық берілді. Жыл қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 2022 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артып, 21,5%-ға жетті (2022 ж. – 19,1%).

«Халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жыл басынан бері экономиканың барлық саласында 43 023 адам жұмыспен қамтылды. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы 11 айда толық орындалды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,5%, жалпы жұмыссыздық – 4,8%. Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық көрсеткіші төмендеді», — деді Қызылорда облысының әкімі. 

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,4 млрд теңгені құрап, 36,6%-ға артты. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егуге бейімделген.

Егін науқанының қорытындысы бойынша әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды. Су тапшылығына қарамастан, күріш өнімділігі бойынша өткен жылғы деңгей сақталды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда (2022 жыл, 2023 жылдың 8 айы) құны $84 млн-ды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96%-ы – өңделген өнім.

Өңір басшысының айтуынша, суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық берілуде. Осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл тенденцияны жыл сайын 1 000 гектарға арттыру көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Агроғылымды дамыту және ең бастысы – оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген болатын. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық берілуде.

«Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізу көзделуде. Ғалымдар бірнеше жаңа сортты сынақтан өткізуде. Биылғы нәтиже жақсы. Пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осындай оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай 89 мың гектардан 80 мың гектарға дейін азайтылады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға арттырылады.Майлы дақылдар алқабы 13%-ға, малға азық ретінде пайдаланылатын дақылдар алқабы 8%-ға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы 0,5%-ға, басқа дәнді дақылдар егісі 21%-ға ұлғаяды.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөнінде жол картасы» әзірленді. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру мен жаңғырту шаралары жүргізілуде. Заманауи суды бөлу мен есепке алу жүйелерін енгізу үшін халықаралық компаниялар тартылып жатыр.

«Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай қашан да өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайып кетті», — деді өңір басшысы.

Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба 2024 жылы аяқталады. Жоба аясында зақымдалған бөгет қалпына келтіріліп (Қарашалаң көлі арқылы теңізге екі арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылады), теңізде су айналымы қалыптасып, оның тұздылығы төмендейді.

Ауылды дамыту – маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар Президенттің «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес жүргізілуде. Оған облысқа 18 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарына, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 47 ауылдық елді мекенде 216 жобаны жүзеге асыруға 12,2 млрд теңге бөлінді. 126 жоба іске қосылды. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін Қызылорда облысына биыл 3 млрд теңге бөлініп, 342 жоба мақұлданды.

«Дипломмен ауылға жобасы» бойынша 2,5 млрд теңге бөлініп, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатыр. Ауылдық елді мекендерді дамыту аясында облыста алғаш рет биыл «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілді. Конкурсқа облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Жеңімпаз 12 елді мекенге күнделікті ел тұрмысына ең қажет заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Конкурсты жыл сайын өткізу дәстүрге айналады.

Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактор – сапалы инфрақұрылым, баспанамен қамту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айындағы сапары барысында өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Біріншісі көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын 1-санатқа яғни, төрт жолаққа ауыстыру болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке мәселені тез арада шешу үшін қаржы бөлуді тапсырды. Қажетті қаржы көлемі – 1,1 трлн теңге.

Екінші – облыс орталығы Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл да Президенттің қолдауымен алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңмен шешілетін болды. Жобаны жүзеге асыру үшін Үкіметтен 25 млрд теңге қаражат қарастыру көзделіп отыр.

Қоғамда жиі қозғалған «Қызылорда – Жезқазған» автожолы Президенттің тікелей тапсырмасымен қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба құны – 108,5 млрд теңге. Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. 

«Биыл республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 38,5 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 671 шақырымды құрайтын жолдарымыз жөндеуден өтті. Нәтижесінде облыстағы жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 87,5%-ға жетті. 2024 жылы сапалы жолдардың үлесі 92%-ды құрайтын болады», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс халқының 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Келер жылы республикалық бюджеттен бөлінетін 4 млрд теңгеге ауқымды 4 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 2025 жылы облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.

Облысқа қарасты 7 аудан орталығы мен 3 қала (Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекен табиғи газға көшкен. Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ кіргізілуде. Осылайша, өңірде газбен қамту көрсеткіші 75%-ға жетті. Келер жылы республикалық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді газдандыру жұмыстары басталады. 2024 жылдың соңында газдандырылу деңгейі 78% болмақ.

«Мемлекет басшысының еліміздегі жылу-электр орталықтарының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Жақында Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталды. Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба – жылу электр станциясының құрылысы біздің аймақта бой көтеруде. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы ел игіліне беріледі. Бұл электр энергиясын сырттан сатып алудан арылып, өндірілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік береді», — деді Қызылорда облысының әкімі.

Жылу беру маусымы тұрақты өтуде. Облыста 1 067 әлеуметтік нысан (532 білім беру, 247 денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт нысаны) мен 855 көп қабатты тұрғын үй толықтай жылу жүйесіне қосылған. Биыл облыс көлемінде барлығы 4 170 пәтерді құрайтын 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 2 500-ге жуық пәтер табысталып, аймақта 11 мың тұрғынның баспана мәселесі шешіледі.

Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту мақсатында өткен жылы 150 дана жаңа автобус алынды. Биылға қосымша 50 автобус алынды. Қалған 100 автобус келесі жылдың басында табысталады. Нәтижесінде аймақтың бас шаһарындағы қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіледі. Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынып жатыр.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, әлеуметтік салада да оң серпін бар. Облыс бюджетінің 61%-ы әлеуметтік салаға бағытталған. Білім саласына 278 млрд теңге бөлінді. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асып жатыр.

Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Президент тапсырмасына сәйкес, 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан 2 мыңға жуық орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Қосымша ғимараттар салудағы мақсат – біріншіден, балалардың үйінен мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы және екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеу. Бір мектепке орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Бір қосымша құрылысқа кеткен шығын – 700 млн теңге.

Шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында қарашада Қызылордада Қорқыт Ата атындағы университет жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.

«Денсаулық сақтау саласына осы жылы 138,6 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2,9 млрд теңгені құрайтын Қан орталығының құрылысы жүргізілуде», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 нысан салынып жатыр. 15-і жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 орындық перинаталдық орталық халық игілігіне беріледі. 

Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,1 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Былтыр 45 жедел жәрдем көлігі табысталды. Биыл 25 санитарлық көлік алынуда. Былтырдан бастап облыс – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік байланыста. Қор соңғы екі жылда аймақ медицинасына 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, құны 1,1 млрд теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған екі жылжымалы медициналық кешен, өзге де денсаулық саласына қажет құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынды. Н. Нәлібаевтың айтуынша, бұл жұмыстар жалғасын табатын болады.

«Өңірде мәдениет пен спорт саласында да ауқымды жобалар жүргізілуде. Облыс орталығында 7 мың орынға арналған Орталық стадион, жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аудандарда 2,6 млрд теңгеге 11 спорт кешендері салынды», — деді Қызылорда облысыныңм әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын Отбасы орталығы өз қызметін бастады. 3,7 млрд теңгеге 1 000 орындық Өнер орталығы салынуда. Келер жылы 7 ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналар «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды.

Облыста негізгі капиталға салынған инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда 52%-ға өсіп, 472 млрд теңгені құрады. Оның 74%-ы – жеке инвестициялар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсету туралы бастамасы аясында аймақта «Туған жерді бірге түлетейік» үндеуі жарияланып, демеушілер есебінен 37,5 млрд теңге қаржы тартылды. Құрылыс, жол компаниялары және кәсіпкерлердің қолдауымен 3,3 млрд теңгеге 630 жобаға «жобалық-сметалық құжаттама» әзірленді.

Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жоба құны 20 млрд теңгені құрайды. Оның 15,7 млрд теңгесі – Болат Өтемұратов қоры демеушілігі, жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге инфрақұрылымды дамытуға және абаттандыруға (жылу, су, электр, және кәріз желілері, телефон, автожол, абаттандыру) бағытталды. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен және кәсіпкерлердің демеушілігімен Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді (577 млн теңге). Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» күні кеше іргетасы қаланып (2,3 млрд теңге), құрылысы басталды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. «Саутс Ойл» компаниясы Қызылорда қаласында музыкалық колледж құрылысын салады. Жоба құны – 4,8 млрд теңге. Қызылорда қаласында құны 1,7 млрд теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға берілді.

Қызылорда қаласының орталық алаңында қайта жаңғырту жұмыстары басталды (1 млрд теңге). Облыс орталығында 1,1 млрд теңгеге 30-дан астам ескі көп қабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылды. 1 млрд теңгеге 20 көп қабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Құны 1,6 млрд теңге болатын 80 балалардың ойын алаңдары пайдалануға берілді. 

«Біз облыс орталығынан бөлек елжанды, меценат азаматтардың қолдауымен аудандар мен ауылдарда тұрғындарымызға қажетті әлеуметтік, мәдени, спорт нысандарын, “Кәсіпкерлер үйі”, заманауи демалыс паркі, “Еңбекшілер парктерін” салудамыз және демалыс саябақтары мен тағзым алаңдарын абаттандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Алдымызда ауқымды міндет, анық жоспарымыз бар. Сыр өңірінің өркендеп, даму жолында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда қарқынды жұмыстарымызды жалғастыра береміз», — деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Әрі қарай өңір басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласында қандай абаттандыру жұмыстары жүріп жатқаны туралы айтып берді. 

«Байқоңыр қаласында жерлестеріміз көп. Оларға барлық жағдай жасалып жатыр. Бұрын жабық қала болғандықтан кіріп-шығу қиындау еді. Қазір оның бәрі реттелді, ешқандай шектеу жоқ. Қазіргі таңда жерлестерімізге арнап жаңадан мектеп пен балабақшалар салынуда. Бұрынғы балабақшаларды да күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. “Жайлы мектеп” жобасы аясында бір мектеп Байқоңыр қаласында салынады. Балалардың білім алуы, балабақша мәселесі толық шешілген», — деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге Байқоңыр қаласының кәріз жүйесін жаңартуға алдағы екі жылға 12 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыс келесі жылы басталады.

«Қазір Байқоңыр – су жүйесі жаңарған, газ толық кіргізілген қала, енді кәріз жүйелері жаңартылса, инфрақұрылымға байланысты мәселе болмайды. Одан бөлек өткен айларда Байқоңыр қаласында төрт көшеге тарихи тұлғаларымыздың есімдерін бердік. Олар – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Қорқыт ата. Сондықтан Байқоңыр қаласының әкімшілігімен байланысымыз өте жақсы, мәселе туындаса дер кезінде шешіп жатырмыз. Өткен жылы сондағы қызметкерлерге көпқабатты тұрғын үйлер салуды бастадық. Кезекте тұрған жерлестеріміз бар. Бұл жұмыстар да келесі жылы жалғасады», — деп толықтырды Н. Нәлібаев.

#Автожолдар #БАҚ #Баспасөз конференциясы #Брифинг #ӘЭД #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу