Биыл Абай облысында 2 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірде Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы мен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады. 

Н. Ұранхаевтың айтуынша биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады.

Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 105,3%-ды құрады. Елеулі өсім құрылыс саласында – 131,6%-ға, өнеркәсіпте – 102,6%-ға, ішкі саудада – 110,5%-ға, ауыл шаруашылығында – 106,4%-ға, инвестицияларда – 100,5%-ға тіркелді. 



237 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 мың отбасы баспаналы болды

Әкімнің айтуынша, болжамды деректер бойынша жыл аяғына дейін оң динамика сақталады деп күтілуде. Орташа айлық жалақы ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 12,3%-ға өсіп, 340 мың теңгені құрады. 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік бюджетке 294 млрд теңгеден астам салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Оның ішінде, республикалық бюджетке 197 млрд теңге, жергілікті бюджетке 97,8 млрд теңге түсті. Өсу қарқыны – 126,5% құрайды.

Биыл Абай облысы бюджетінің көлемі 480,8 млрд теңгені құрады. Меншікті кірістер – 135,5 млрд теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 120%-ға артық.

«25 жыл ішінде өңірдің инфрақұрылымы тұралап қалғанын білесіздер. Тозған дүниені әлі жаңартумен келеміз. Жалпы, 2023 жылмен салыстырғанда салалар бойынша қаржыландыру қарқыны сақталуда», — деді өңір әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Әлеуметтік қорғау саласын қаржыландыру 32,2%-ға (4 млрд теңгеге), денсаулық сақтау 19,9%-ға (1,9 млрд теңгеге), білім беру 15,6%-ға (23,3 млрд теңгеге) ұлғайды.

Сондай-ақ облыс орталығы – Семей қаласының бюджеті 114,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық (106,5 млрд теңге).

Бұған қоса, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру көлемі 7,6%-ға, әлеуметтік қорғау 14,2%-ға, жол жөндеу 2,9%-ға ұлғайды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Үкімет қаулысымен бекітілгенін еді. Оның инвестиция көлемі – 1,9 трлн теңге, 102 іс-шараны қамтиды. Биыл 286,1 млрд теңгеге 74 іс-шара жүзеге асырыла бастап, 7-еуі бүгінгі таңда аяқталды. Олардың құны – 4,9 млрд теңге. Қалған жобалар жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында іске асатын болады.

 

2028 жылға дейінгі инвестициялық жобалар пулы жасақталды

Оған 7 мың жұмыс орнын қамтитын 2 трлн теңгенің 23 жобасы енгізілген.

«Бүгінде 7,5 млрд теңгенің 6 инвестициялық жобасы іске асып, 225 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 1,6 млрд теңгеге тағы 2 жобаны енгізу жоспарда бар», — деді Абай облысының әкімі.

Ірі инвестициялық жобалардың бірі – жалпы көлемі 560,5 млрд теңгені құрайтын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу. Инвестор – «Aidarly Project» ЖШС. Жобалық қуаттылығы – жылына 50 млн тонна кен өндіру. Онда 1 мың жұмыс орнын құру көзделген.

Бұдан басқа, маусым айында Үкіметте $1,5 млрд-қа ірі мыс балқыту зауытын («KAZ Minerals Smelting» ЖШС) салу туралы келісімге қол қойылды. Оның жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна мыс шығару және 1 мың жұмыс орны құрылады. Мердігер ретінде «NFS Kazakhstan» ЖШС компаниясы анықталды. Зауыт Ақтоғай кентінің маңында салынады. Бұл әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер болмақ. Кәсіпорын құрамында мыс бар шикізат пен катодты мыс өңдеуге нарықтың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, катодты мыс электр энергетикасында, машина жасауда және басқа да өнеркәсіптік салаларда кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жаңа зауытта тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын шығару жоспарда бар. Нысанды 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген.

 

Агроөнеркәсіп кешенінде 7,3 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба іске асырылды


Жыл аяғына дейін тағы 1 жоба іске қосылатын болады. Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмаған жерлерді қайтару ісі жалғасуда.

Жалпы ауданы 644,1 мың гектар болатын 114 жер учаскесі анықталды. Оның 112,5 мың гектары қайтарылды. Биылғы жоспар толық орындалды.

 

Биыл 27,5 км жылу желісі мен 17 жылу көзі жөнделді

Оған республикалық және облыстық бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлінді. 

«Инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерді шешуге ерекше назар аударып келеміз. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау. Облыс бойынша 18,5 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылуда (жалпы ұзындығы – 37,9 шақырым)», — деді Н. Ұранхаев.

Соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу көрсеткіші 64%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Келер жылғы жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткішті 57%-ға дейін азайту көзделген. 

Бұдан басқа, былтырдан бері жеке инвесторлар есебінен 7 жылу көзі мен 3 жылу желісін қайта құру мен салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Биыл осы үрдіс жалғасып, бюджеттен тыс қаржы есебінен 32 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осылайша, алдымызда жалпы 42 жобаны іске асыру міндеті тұр.

Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент жаңа жылу электр орталығын салуды тапсырған болатын. Әкімдік «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушыны қатыстыра отырып, жедел жұмыс тобын құрды. Құрылыс алаңы (сол жағалау, Степной кентінің ауданы) мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды. Қазіргі таңда «Самұрық-Энерго» техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды.

Сонымен қатар бюджеттен тыс қаржы есебінен барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым мен 3-ЖЭО сыртқы инфрақұрылымын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамы қуаты 294 МВт «Семей ГЭС» құрылысының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін және қуатын 1050 МВт ұлғайта отырып, «Шүлбі ГЭС-ін» қайта құрудың екінші кезегін әзірлеу бойынша жұмысты аяқтады.

Биыл жылу тапшылығын азайтып, Қарағайлыдағы әлеуметтік нысандарды уақтылы іске қосу үшін жеке инвестор есебінен қуаты 21,5 Гкал/сағ болатын блокты-модульді қазандық құрылысы аяқталады.

 

Сумен жабдықтау бойынша 53 жоба жүзеге асырылуда

Сумен жабдықтау саласында 8,6 млрд теңгеге 53 жоба (құрылыс – 33 жоба, қайта жаңарту – 20) іске асырылып жатыр. Халықты 2025 жылға дейін орталықтандырылған сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес 46 жаңа құрылыс жобасын іске асыру қажет (2024 жылы – 33, 2025 жылы – 13).

«Биыл 33 жоба іске асырылуда, оның 8-і аяқталды. Соның нәтижесінде облыста орталықтанған сумен қамту үлесі 92%-дан 96,6%-ға дейін ұлғаяды. Келер жылы 100% көрсеткішке қол жеткізу үшін тағы 13 жобаны жүзеге асыратын боламыз», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ кешенді жоспарда 2023-2025 жылдары Семейде қоқыс сұрыптау желісін орнату үшін заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген. Бүгінгі таңда инвесторлар есебінен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама алынды.

 

Семейде төрт жолақты жаңа көпір салынады

Көлік инфрақұрылымы саласында Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы іске асуда.

2022 жылдан бері республикалық бюджеттен 15,7 млрд теңге бөлінді (2022 жылы – 355,4 млн теңге, 2023 жылы – 7,2 млрд теңге, 2024 жылы – 8,2 млрд теңге). 2025 жылғы бюджет жобасында тағы 8,5 млрд теңге қарастырылған.

Аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін республика бюджетіне тиісті өтінім беріледі.

Көлік дәлізін кеңейту үшін 2024-2025 жылдары ұзындығы 270 шақырым болатын «Бақты – Аягөз» темір жол құрылысы жоспарланған.

Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамасының оң қорытындысы алынды (24.07.2023 ж. № 01-0302/23).

Әкімдіктің қаулысымен темір жол құрылысына қажетті мемлекеттік жерлер резервке алынып, теміржол желісін салуға қажетті жеке жер учаскелерін сату мен қайта ресімдеуге мораторий қойылды. Жобаны іске асыру Қытаймен екі жақты тасымал көлемін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Биыл жыл соңына дейін 3 мектеп пайдалануға беріледі

Облыста тұрғын-үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр (Семейде – 14 мың). Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 2 784 адам. 

Жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метр болатын 39 көппәтерлі және жеке тұрғын-үйлер (370) құрылысы жүргізіліп, 2 100 отбасын үймен қамту көзделіп отыр.

Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үй (шамамен 694 мың шаршы метр) салу жоспарланған. Бұл, өз кезегінде, 7 мыңдай отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Оқушы орын тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2700 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Биыл жыл соңына дейін 3 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда (Семей қаласында Қарағайлы тұрғын ауданында 1200 орынға; Семей қаласында Водный кентінде 600 орынға; Бесқарағай ауылында 300 орынға).

2025 жылы Аягөзде 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі.

«Былтыр облыс орталығында KAZ Minerals есебінен 1 200 орындық мектеп құрылысы туралы айтқан едім. Биыл мектеп пайдалануға берілді. ІТ бағытында оқушыларға заманауи білім беру көзделіп отыр. Мұнымен қоса, жұмыс істеп тұрған мектептерге 2 200 орындық 6 қосымша құрылыс және 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп салуға жобалық-cметалық құжаттама әзірленді. Былтырғы брифингте көпфункционалды Оқушылар сарайын салатынымыз туралы да айтқан едім. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде», — деді Н. Ұранхаев.

Бұл – балаларды қосымша біліммен қамтуды одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге.

Абай облысында ІТ саласы жақсы дамыған. Оқушылар жыл сайын республика, халықаралық деңгейде үздіктер қатарынан табылып отырады. Сол себепті биыл өңірде IT және жаңа технологиялар жоғары колледжі ашылды. Ол заманауи базамен жабдықталған. ІТ бағыты бойынша құзыреттілік орталығы жұмыс істейді.

Бұған қоса, Семейде тұңғыш оқу орны – М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж бар. Биыл білім шаңырағының 120 жылдық мерейтойы құрметіне «Қаражыра» акционерлік қоғамы есебінен 300 орындық «Ес-Аймақ» рухани-мәдени орталығы ашылды. 

Жалпы, білім беру саласында материалдық-техникалық базаны нығайтып, нысандарға жөндеу жүргізуге 3,4 млрд теңге бөлінді. 3 мектепке күрделі жөндеу, 1 мектепке орташа жөндеу, 166 білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. 49 жаңа модификацияланған кабинет (STEM, физика, химия) пен балалар тасымалына арналған 3 шағын автобус пен 1 автобус алынды.

 

2024 жылы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,8 млрд теңге бағытталды

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен облыс бойынша 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу жоспарланған. Жыл соңына дейін 64 нысанды беру көзделіп отыр. Оның сегізі бүгінде пайдалануға берілді. 

Кешенді жоспарға сәйкес Семейде 100,4 млрд теңгеге 5 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда инвестор есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 

«Былтыр Көкпекті ауылында гемодиализ орталығын ашқанымыз туралы айттым. Биыл аталған орталықтар Үржар мен Ақсуатта ашылды. Сондай-ақ биыл Жарма мен Мақаншы аудандарында компьютерлік тамографтар (КТ-аппараттары) қойылады», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасы жасанды қан айналым аппаратымен жабдықталды. Ол жүрек аурулары кезінде қан айналымын толық тоқтатып, жүрекке ашық ота жасауға мүмкіндік береді. Бүгіннің өзінде 78 ота сәтті жасалды. Сондай-ақ жұмсақ тіндердің ұзақ емделетін ақауларына арналған күрделі реконструкциялық пластикалық оталар жасау тәжірибесі қалыптасты.

Бұған қоса, шала туған және ауыр ақуыз-энергетикалық жеткіліксіздігі бар балалар мамандандырылған емдік тамақтанумен қамтамасыз етілді. Жалпы, осы жылы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,8 млрд теңге бағытталды.

 

9 айда 19 810 жұмыс орны ашылды

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттемелер біртіндеп орындалып жатыр. Облыс бойынша экономикалық белсенді тұрғындар саны – 306 мың адам. Олардың жұмыспен қамтылу деңгейі – 95,3%. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі жалпы республикалық деңгеймен бірдей (4,7%).

Биыл 23 879 жұмыс орнын құру жоспарлануда. 9 ай қорытындысы бойынша 19 810 жұмыс орны ашылды. Жоспар 83%-ға орындалып отыр.

Қосалқы шаруашылықты қолдау және дамыту үшін жыл соңына дейін 1,1 млрд теңгеге 211 жеңілдетілген несие беріледі. Жастарды жұмыспен қамту үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» жобалары қолға алынған.

Сонымен қатар жастардың жаңа бизнес-идеяларына мемлекеттік гранттар қарастырылған. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қоры арқылы 14,8 млрд теңгенің жобаларын субсидиялау бойынша 303 шартқа қол қойылды.

Сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Дегенмен, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2022 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 37,4%-ға төмендеген (2022 жылы – 32,1 мың, 2023 жылы – 24,4 мың, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша – 16,9 мың).

«Біз мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу ісіне ерекше ден қойып отырмыз. Өкінішке орай облыста 24 446 мүгедек адам тұрады, оның 2 957-сі – балалар. 18 мемлекеттік әлеуметтік қорғау мекемесі жұмыс істейді. Президент тапсырмасымен ашылған заманауи орталық өзінің қажеттігін және тиімділігін дәлелдеді. Біздің алдымызда Семей мен Аягөзде балаларға арналған екі орталық ашу міндеті тұр. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бір жобаның құны – 8 млрд теңге», — деді Абай облысының әкімі. 

Жалпы, облыста инвесторлар есебінен сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша 77 жоба әзірленіп жатыр. 18 жастан асқандарға да толыққанды көмек берілуі керек. Сол себепті Семейде 100 орындық психоневрологиялық орталық салу жобасы әзірленді.

Келесі мәселе – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек беру. 765 баланың 538-і қамқорлықта болса, 227-сі мекемелерде тәрбиеленуде. Негізгі мәселе – баспана. Бұл санат бойынша кезекте тұрғандар саны – 2 760 адам. Оның 1 778-і Семейде. Облыс құрылған екі жыл ішінде 199 жетім бала пәтерге ие болды. 2022 жылы – 47; 2023 жылы – 72; 2024 жылы – 80.

«Осы мәселелердің бәрін ескере келе, біз өткен жылдан бастап облысымызда “Мейірім” акциясын ұйымдастырдық. Мақсаты – жетім балаларға материалдық қолдау көрсету. Әр балаға “Отбасы” банкінде жеке шот ашылды. Барлық бала ұйымдар мен кәсіпорындарға бекітіліп, қамқорлыққа алынды. Оның сыртында әр ниет білдіруші атаулы шотқа қаржы аудара алады. Бір ғана шарт – жиналған қаржыны 21 жасқа толғаннан кейін, яғни оң-солын таныған соң ғана пайдалануға болады. Барлығы ашық, жария түрде жүргізіледі», — деді Н. Ұранхаев.

 

 «Абай жолы кітапханасы» бірегей жобасы сәтті жүзеге асырылуда

«Мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктеріміз бен жаңалықтарымыз үнемі назарларыңызда. Ол туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Былтырғы брифингте мен қарт Семейге заманауи театр қажеттігі жөнінде ерекше тоқталдым. Келешекте кешегі Алаштың жұрты болған сол жағалауда “Конгресс-холл” салынады. Қазір қажетті жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді облыс әкімі.

Облыста Ұлы Абай шығармашылығы мен өңірдің әдеби мұрасын насихаттау мақсатында «Абай жолы кітапханасы» атты бірегей жоба қолға алынған. Арнайы кітап сериясы осымен екінші жыл қатарынан шығарылып, қалың оқырманға жол тартып отыр.

Сонымен қатар Абай облысы бай археологиялық олжаларымен де ерекшеленеді.

«Үржар ханшайымы», Елеке Сазынан табылған «Алтын адам», Көкентау платосы мен басқа да артефактілер, өткенге жауапкершілікпен қарап, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге міндеттейді. Сол себепті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты мен Шәкәрім атындағы университетпен меморандум, археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізу жөнінде келісім жасалды.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Креативті индустрия паркі құрылды. Оның басым бағыттары:

  • кино және медиа;
  • музыка және дыбыс;
  • цифрлық өнер;
  • сән және дизайн зертханалары;
  • ашық коворкинг;
  • инкубация кеңсесі және акселерация.

Бүгінгі таңда 20 имидждік іс-шара өткізілді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлінуде.

«Облыстың өзіндік спорттық дәстүрлері қалыптасқан. Кешегі өткен он үшінші “Қазақстан барысы” турнирінде жеңімпаз атанған балуанымыз – Ерасыл Қажыбаев Абай облысынан шыққан бесінші барыс екендігін зор мақтанышпен айта аламыз», — деді Н. Ұранхаев.

Жалпы, облыста спортпен жүйелі айналысатындар саны 42% құрайды. Облыс құрылған сәттен бастап 10 спорт нысаны ашылды. «ALAN» жобасы аясында УЕФА қолдауымен Аягөз ауданының орталық стадионының футбол алаңын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 

Жыл соңына дейін демеуші есебінен Үржар ауданында 5 спорт залы ашылады. 3 жүзу бассейнінің (Көкпекті ауылы, Бесқарағай, Шар қ.), дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (Курчатов қ.), спорт модулінің (Көкбай ауылы), сондай-ақ спорттық-демалыс орталығы (Петропавловка) мен стадион (Қалбатау ауылы) құрылысы жүргізілуде.

Облыс орталығында 12,5 мың орындық стадион құрылысы басталады. Нысанды 2026 жылдың IV тоқсанында іске қосу көзделген.

Сондай-ақ инвестор есебінен жаңа жабық толық өлшемді футбол манежінің құрылысы аяқталуда. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1 млрд теңгеден асады. Манеж «Елімай» академиясының балаларына жыл бойы футболмен айналысуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры мен жергілікті бюджет есебінен инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асатын Семейге қарасты Ұшақтар кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес Семей қаласын дамытудың бас жоспары әзірленіп, Үкімет қаулысымен биыл 7 қазанда бекітілді. Бұл цифрлық форматтағы алғашқы бас жоспар.

Осы жылы қаланы абаттандыру және күтіп ұстау, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 5.6 млрд теңге бөлінді. Биыл 67 аула мен 4 қоғамдық кеңістік жаңартылды. Медицина, құтқарушы сияқты сала мамандарына арналған скверлер ашылды. Мәңгілік ел көшесіндегі Арбат, Бауыржан Момышұлы мен Әсет Найманбаев көшелеріндегі Тарихи қиылыс абаттандырылды. Мұхтар Әуезов алаңы жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді.

Абай облысы құрылған сәттен бастап 105 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбетіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Осы жерде, бір мәселеге назарларыңызды аударсам. Семейдің өзіне тән ерекшеліктері болған. Ол барша жерлестеріміздің жадында сақтаулы. Естеріңізде болса, былтыр аралдағы балалар теміржолын қайта жаңғыртамыз деп айтқан едім. Темір жол құрылысы аяқталды. Вагондар мен локомотив алынды. Жоба іске қосылуға дайын. Сол секілді аспалы көпір маңындағы Аквапарк те семейліктердің сүйікті демалыс орны болған. Оны да жеке инвестор есебінен жаңартқымыз келеді», — деді әкім.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында облыс әкімдігі елді мекендерді көгалдандырудың өңірлік жоспарын бекітті, оның шеңберінде ағымдағы жылы 53 мыңнан астам көшет отырғызылды.

#Автожолдар #АӨК #Баспасөз конференциясы #Брифинг #Жылумен жабдықтау #Жұмысқа орналастыру #Инвестициялар #Мәдениет #Спорт #Экономика #Құрылыс #Әлеуметтік қорғау #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу