19 Қараша 2025, 18:02
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Онда Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 2025 жылдың 10 айындағы жұмыс қорытындылары жөнінде баяндама жасап, журналистердің сұрағына жауап берді.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының экономикалық өсімі 103,6% деңгейінде қалыптасқан. Соның ішінде инвестициялық тартымдылықты арттыру және шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Бұл бағытта, жыл басынан бері өңіріміздің экономикасына 892 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 129%-ды құрады. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 217 млрд. теңгеге артық.
«Ақтөбе облысында инвестициялық сала белсенді дамып, аймақ бойынша ең жоғары өсім қарқынын көрсетуде. 10 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіптік өндіріс индексі 101,3%-ға жетті, бұл кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеп тұрғанының дәлелі. Аграрлық және инвестициялық секторларда, құрылыс пен тұрғын үйді пайдалануға беру бағытында, сондай-ақ көлік, қоймалау және сауда салаларында өсім байқалады. Биыл жалпы құны 110 млрд теңгеден асатын сегіз ірі нысан іске қосылды. Олардың қатарында ERG компаниясының қуаты 150 МВт жел электр станциясы бар. Сонымен қатар қой жүнін өңдеу («KazFeltec» ЖШС), агрохимикаттар («MKR Plus» ЖШС), гофроқаптама («Capital Plast KZ» ЖШС), өртке қарсы құралдар («Ort tehnika-Qazaqstan» ЖШС) шығаратын кәсіпорындар және ERG Green «Қазхром» ТҰК» АҚ флотациялық учаскесі жұмысын бастады. Аталған жобалармен қоса, жыл соңына дейін жалпы құны шамамен 350 млрд теңге болатын тағы 4 жоба жүзеге асады. Болашақта карбамид, битум және цемент өндіретін зауыттар салу жоспарланып отыр, бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Инвестициялық белсенділіктің артуына аумағы 858 гектарды құрайтын «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы елеулі үлес қосып отыр. Сондай-ақ Хромтауда аумағы 150 га құрайтын республикалық маңыздағы Индустриялық аймақ жұмысын бастады. Жалпы әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы менің жеке бақылауымда. Барлық мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен тұрақты түрде инвестициялық штаб отырыстары өткізілуде. Бұл отырыстарда инвесторлар өздерінің негізгі проблемалық мәселелерін көтеріп, сол жерде тиісті шешімдер қабылдануда», — деді Асхат Шахаров.
Ауыл шаруашылығы — Ақтөбе облысы дамуының басым бағыттарының бірі. 2025 жылы салаға 15 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын қолдауға, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды. 10 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 353 млрд теңгені құрап, мал басы орта есеппен 7%-ға өсті.
Өңірде агросекторды дамытуға қатысты маңызды жобалар атқарылуда. «АЙС» сүт-тауарлы фермасын 1600 басқа дейін ұлғайту жұмыстары жалғасуда, бұл жобаға 7,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 5,9 млрд теңге бөлініп, 554 мың тонна өнім жиналды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық.
Ауыл шаруашылығына инвестициялар қарқынды тартылуда: биыл жалпы сомасы 11,5 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 883-тен астам жоба мақұлданып, 16,4 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға және табыстың өсуіне ықпал етеді.
«Өңірде көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. 2025 жылы жол саласына 68 млрд теңге бөлінді. 186 жоба аясында жолдар салынып, жөнделіп, 565 шақырым жол пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 78%-дан 82%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Халықаралық «Самара–Шымкент» автожолының «Ақтөбе–Ұлғайсын» учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Оның жалпы ұзындығы – 262 шақырым. Атап айтқанда, биыл «Ақтөбе–Хромтау» жолының 28 шақырым учаскесі жаңарды, жаңа көпір өткелі салынды. Нәтижесінде 791–819 шақырым бөлігінде төрт жолақтың екеуі бойынша қозғалыс ашылды. Қалған 234 шақырымда құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, Орталық–Батыс көлік дәлізі құрамындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық трассасын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 110 шақырым пайдалануға берілді. Жолдардың сапасын жақсарту және қауіпсіздігін арттыру өңір экономикасының өсіміне және тұрғындардың қозғалыс ыңғайлылығына оң әсер етеді», — деді облыс әкімі.
Өңірде газдандыру және сумен жабдықтау жұмыстары рекордтық қарқынмен жалғасуда. Жыл соңына дейін табиғи газ 12,3 мың тұрғыны бар 28 ауылға жеткізіледі, нәтижесінде газдандыру деңгейі 97%-ға жетеді. Қазіргі уақытта 28 ауылдың 22-сі газбен қамтылған.
Сонымен бірге, биыл орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне 1,3 мың тұрғыны бар 4 ауыл қосылды, жыл соңына дейін шамамен 2 мың тұрғыны бар тағы 6 ауылды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылысы да белсенді дамып келеді. 10 айда 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспары орындалмақ. Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға 14,3 млрд теңге бөлінді, 419 отбасы баспаналы болды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш артады.
«Президент әлеуметтік салаға ерекше назар аударады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 3 500 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді, тағы бір мектеп Үкімет резерві есебінен салынды. Жыл соңына дейін жалпы 5 800 орындық тағы 7 жайлы мектеп ашылады: оның 4-еуі Ақтөбе қаласында, 3-еуі ауылдық жерлерде. Сонымен қатар ауылдарда — Ащысай, Жазық және Ойылда жаңа мектептер, қосымша спорт залдары мен жапсарлас ғимараттар салынуда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жоспарланған 29 нысанның 22-сі іске қосылды. Бұл шамамен 13 мың ауыл тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін тағы 7 объект іске қосылады. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру белсенді жүргізілуде: телемедицина және PACS жүйесі бар Ахуалдық орталық ашылды», — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтөбеде жаңа заманауи драма театрының құрылысы басталған. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, онда 25 спорт түрі бойынша оқыту жоспарланып отыр. УЕФА-ның төртінші категориясына сай келетін 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы да басталды.
Инфрақұрылым, әлеуметтік сала, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет бағытындағы барлық осы ауқымды жобалар Ақтөбе облысы тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайын жасап, өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
«Ендігі кезекте, 2026 жылдағы өңір алдындағы негізгі жоспарларға қысқаша тоқталып кетсем. Келер жылы өңірдің экономикалық өсімі кемінде 105% деңгейінде қалыптастыру күтілуде. Бұл ретте, өнеркәсіп саласында 3 трлн теңге өнім өндіретін боламыз. Сондай-ақ, Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн.теңгеге жуық инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргіземіз. Ал, нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 85%-ға жеткізілетін болады. Келер жылы халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 3 өтпелі жобаны аяқтап (Әйтеке би ауданы – Ақтасты, Тымабұлақ, Жабасақ, Мартук ауданы – Покровка, Полтовка, Аққайын), 3 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Барлық қаржыландыру көздерінен 1,1 млн. шаршы метр тұрғын үйді де пайдалануға беру жалғасады. Бұған қоса, алдағы жылы шалғай ауылдарында тиісті білім беру орындарын қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті бюджет және басқа қаржы көздерінен 3 300 орындық 12 білім беру нысаны салынады. Ал, денсаулық сақтау саласында республикалық қаражат есебінен облыс орталығында «Облыстық қан орталығының» құрылысы бастау алады. Сонымен бірге, 4 аудандық ауруханаға қосымша ғимараттар салу мен 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қорытындылай келе, қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Барлық өзекті сұрақтар менің жеке бақылауымда», — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу