«Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы қалай өтті

Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы өтті. Шараға Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Түрікменстанның қаржы және экономика министрі Сердар Джораев, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо және Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Тереза Червинская қатысты.

Өз сөзінде Әлихан Смайылов Астана мен Брюссель арасындағы тиімді серіктестік қатынастар – көп жылғы прагматикалық және дәйекті ықпалдастықтың нәтижесі екенін айтып өтті.

«Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың екіжақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз. Өңір елдерінің ортақ күш-жігерінің арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан “үлкен мүмкіндіктер” аймағы болып отыр. Елдеріміз бір-бірін үйлесімді түрде толықтырады, ал басты тірегі сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық болып қала бермек», — деді Үкімет басшысы. 

Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы 61%-ға ұлғайып, $49 млрд-ты құрағанын айтып өтті. Бұл ретте осы көрсеткішті айтарлықтай ұлғайту үшін елеулі резервтер бар.

Жалпы, Үкімет басшысының айтуынша, өткен жыл Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамыған жыл болды. Мәселен, Svevind компаниясымен республикада жел және күн электр станцияларын орнату және 3 млн тонна «жасыл» сутегі өндіру бойынша маңызды келісімге қол жеткізілді, бұл ЕО сұранысының бестен бір бөлігін құрамақ.

Сонымен қатар БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі «COP-27» конференциясы аясында сирек жер металдары саласындағы меморандумға қол қойылды, ол Қазақстанның ЕО өнеркәсіп альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуға ықпал етпек.

«Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және өзара сауда-саттықты әртараптандыруға мүдделіміз. Қазірдің өзінде еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания Қазақстан экономикасының түрлі секторларында табысты жұмыс істеуде, олардың қатарында Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens, Linde Group сияқты ірі әлемдік компаниялар бар», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Қазақстан ЕО-ға машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жылына $2,3 млрд-тан астам сомаға өңделген тауарлардың 175-тен астам түрін ұсына алады. Атап айтқанда, ірі астық өндіруші ретінде Қазақстанның әлем елдерін азық-түлікпен қамтамасыз етуде ЕО-ның стратегиялық серіктесі болуға мүмкіндігі бар.

Еліміз үшін тағы бір басым міндет – 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Бүгінгі таңда «жасыл» энергетика ірі су электр станцияларын есептемегенде, өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемінің 5%-ын құрайды. Бұл ретте республиканың мақсаты – 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға дейін ұлғайта отырып, кемінде 7 гигаваттқа жеткізу. 

«Қазақстан Орталық Азияда “жасыл” энергетикаға көшуді ынталандыруға дайын. Осы тұрғыда “жасыл” инвестицияларды тартудағы маңызды платформа саналатын тәуелсіз Соты және Халықаралық төрелік орталығы бар британиялық құқыққа негізделген “Астана” халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін атап өткім келеді», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов Орталық Азияда маңызды көлік бағыттары мен қарқынды дамып келе жатқан нарық шоғырланғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның географиялық жағдайы, сондай-ақ елдің дамыған көлік инфрақұрылымы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашады.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Өзбекстанмен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және Қырғызстанмен Индустриялық сауда-логистикалық кешен сияқты көтерме-тарату желісінің логистикалық орталықтарын құруды ілгерілетуде.

«Сонымен қатар біз еліміздің аумағында, яғни, Алматы агломерациясында және Батыс Қазақстан облысында екі ірі сауда-логистикалық хабты іске асырамыз. Олар Қытай, Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы сауда-логистикалық бағыттарды байланыстырады», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамуын атап өтті. Осылайша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үш есеге – 53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Бұл бағыттағы келесі мақсат – осы жылдың соңына дейін жүк тасымалдау мерзімін 14-18 күнге дейін азайту.

«Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау мерзімі 2 есеге – 12 күннен 6 күнге дейін қысқартылды, біз оны жыл соңына дейін 5 күнге дейін қысқартуға тырысамыз», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Сөз соңында Әлихан Смайылов ҚР мен ЕО арасындағы экономикалық дамудың негізгі драйверлерінің бірі болып табылатын цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын атап өтті.

Ол Қазақстан өз алдына аймақтағы ең ірі цифрлық зертханалардың бірі болуды көздейтін стратегиялық мақсат қойғанын атап өтті. Қазірдің өзінде елімізде тиісті банктік экожүйелер қарқынды дамып келеді, цифрлық коммерцияның қарқынды өсуі байқалады және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс жүргізілуде. 

«Биыл наурыз айында Microsoft корпорациясы Қазақстанда озық технологиялар мен ноу-хауды тарту орталығына айналатын мультиаймақтық хабтың ашылғаны туралы хабарлады. Хаб тек Орталық Азияны ғана емес, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін де қамтиды», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда Қазақстан Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы «цифрлық» бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын.

Алматыдағы екінші экономикалық форумда Түркіменстаннан келген делегацияны республиканың қаржы және экономика министрі Сердар Джораев басқарды.

Республиканың қаржы және экономика министрінің айтуынша, форум алаңы Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың аса маңызды басым бағыттары бойынша сындарлы және жан-жақты диалогқа бағытталған, сондай-ақ ынтымақтастықты жақсарту үшін әлеуеті бар мүмкіндіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Ол іскерлік ахуалды жақсарту, «жасыл» және цифрлық технологияларға көшуді ынталандыру, ЕО және ОА мемлекеттері арасындағы сауда және көлік байланыстарын нығайту бойынша қарастырылып отырған мәселелердің өзектілігін атап өтті.

«Қазіргі әлем тұрақты және экологиялық таза дамудың жаңа формалары мен тәсілдерін іздеуде. Урбанизацияны жеделдету процесі және қоғам өмірінің барлық аспектісі бойынша өзара іс-қимыл, цифрлық технологияларды енгізу экономикалық даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте мемлекеттік қызметтерді басқару саясатын іске асырудың табиғи ресурстарды басқаруды жақсартуда әлеуеті зор және ол айналмалы экономикаға көшуге ықпал етеді», — деді ол.

Сердар Джораев айналмалы экономика моделіне көшуге бағытталған өзгерістерге қызығушылықтың артуы ЕО елдерінде де, ОА елдерінде де бар екенін және оларды іс жүзінде жүзеге асыру әр мемлекетте құқықтық және институционалдық өзгерістерді қажет ететінін айтты.

«Өзгерістер міндетті түрде керек, өйткені олар цифрлық және жасыл жаңашылдықтардың бірін-бірі қолдап, күшейе түсуі үшін маңызды», — деді Түркіменстанның қаржы және экономика министрі.

«Жасыл» экономиканы дамыту, жаңа экологиялық таза технологияларды пайдалану, табиғатты қорғау саласы үшін инновациялық шешімдерді әзірлеу – республиканың мемлекеттік саясатының басым бағыттары, олар климаттық мәселелерді қоса алғанда, тұрақты даму мақсаттарын ұйымдастыру жөніндегі ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындауда көрініс тапты. Осыған сүйене отырып, 2019 жылы Түрікменстанның Климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық стратегиясының жаңа редакциясы бекітілді, оған тіршіліктің барлық саласы бойынша бейімделу шаралары кірді.

Әрі қарай экономикалық форум сессиясында Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров құттықтау сөзін сөйледі. Сөз басында ол өткен жылы Қырғыз Республикасының Еуроодақ елдерімен тауар айналымы 76,1%-ға, экспорт 60,6%-ға, ал импорт 78,6%-ға өскенін атап өтті.

«Бұл көбіне жеңілдіктер үшін “Бәріне ортақ преференция схемасын” сәтті жүзеге асырудың арқасында мүмкін болып отыр, осының аясында Еуропалық одаққа мүше серіктестерге ризашылық білдіреміз. Бұл схема Қырғызстан кәсіпкерлері үшін сатып алу қабілеті жоғары 508 млн адамнан астам халқы бар Еуроодақтың 28 елінің нарығын ашты», — деді ол.

Ақылбек Жапаров Қырғыз Республикасының Еуропалық одақпен энергетика саласындағы ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

«Бүгінгі таңда Қырғыз Республикасы Еуропалық одақпен ынтымақтастық аясында Тоқтоғұл СЭС-ін оңалту, Үш қорған СЭС-ін жаңғырту және Қамбарата 2-СЭС-інің екінші гидроагрегатын пайдалануға беру жобасы бойынша жобаларды іске асыруда. Биыл Атбашы СЭС-і толығымен реконструкцияланды және қуаты 1 800 МВт Шатқал өзенінде екі СЭС-ті салу жұмыстары басталды. Бұл жобаларға Франция мен Германиядан мердігерлер мен кеңесшілер тартылды. Осы жылдың басында Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан арасында өңірдегі ең перспективалы және маңызды су энергетикалық жобалардың бірі – Камбарата 1-СЭС-інің инфрақұрылымы мен дайындық кезеңі нысандарын салу және техникалық-экономикалық негіздемені өзектендіру жол картасына қол қойылды. Сондай-ақ мемлекет пен бизнестің күш-жігерімен 50 шағын және орта СЭС құрылысы басталды», — деді Ақылбек Жапаров.

Сонымен қатар Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы өңірдің кей елдерінде 2030 жылға қарай су тұтыну деңгейінің артуынан су тапшылығы қаупі бар екенін атап өтті.

«Бізге суды үнемдейтін жаңа технологиялар мен инновациялар, тәсілдер және еуропада білім алуға дайын кадрлар мен білікті мамандар қажет. Сонымен қатар жалпы экологиялық сауаттылық мәселесіне назар аударғымыз келеді. Біз еуропалық серіктестерге білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білім компоненттерін енгізе отырып, экологиялық сауаттылық пен мәдениетті арттыру бойынша оқу-ағарту, білім беру жобасын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз», — деді А. Жапаров. 

Ақылбек Жапаров 2025 жылға қарай Қырғызстан отандық өндіріс есебінен кем дегенде 80-85%-ға өзін қажетті өнімдермен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін Орталық Азия мен Еуропалық одақтың неғұрлым тығыз ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін едәуір арттыруға, оны жаңғыртуға және экологиялық тұрғыдан бағдарланған етуге қабілетті.

Сонымен қатар Министрлер кабинетінің басшысы Орталық Азия Еуропа мен Азияның қиылысында геостратегиялық маңызға ие екенін және заманауи көлік инфрақұрылымы мен инновациялық логистикалық жүйені құру кезінде әлемдік сауда-саттықтың маңызды хабтарының біріне айнала алатынын атап өтті.

«Осы тұрғыда “Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан” теміржолының стратегиялық жобасын атап өткім келеді. Бұл жоба 20 жылдан астам уақыт бойы талқыланғанын бәрі біледі және қазір жүзеге асырылып жатыр. Ол Азиядан Түркия арқылы Еуропаға, Таяу Шығыс аймағына, Иранға, Парсы шығанағы елдеріне және Солтүстік Африкаға тасымалдау географиясын кеңейтеді», — деді ол.

Сөз соңында Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қырғызстан Еуропалық одақпен ынтымақтастықты маңызды бағыттардың бірі деп санайтынын атап өтті.

Айта кетейік, экономикалық форумның алғашқы отырысы 2021 жылы Бішкек қаласында өтті.

Өз кезегінде Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис бұл форумды өткізу бүкіл өңірді біріктірудегі маңызды қадам екенін атап өтті. Соңғы жылдары өте үлкен жұмыс атқарылды.

«ЕО – Орталық Азияның ең ірі инвестициялық және сауда серіктесі. Бірлескен жұмыс арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Орталық Азия Үкіметі күн тәртібімізді нақтылай отырып, жоғары автоматтандыру деңгейін көрсетуде, сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің негізгі нәтижелері көрсетілді», — деді В. Домбровскис.

Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Орталық Азия елдері үшін жаңа бағдарламаның іске қосылғаны туралы айтты.

«Орталық Азияға арналған жаңа бағдарламаны таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл бағдарламаның мәні – Орталық Азияда бәсекелестікті арттыру мен тартымды және инклюзивті бизнес-ортаны дамыту. Бұл инвестицияларды дамытуға, сонымен бірге халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпалдасатынын сенімдіміз», — деді ол.

В. Домбровскистің айтуынша, ЕО – Орталық Азия үшін сенімді, тұрақты және маңызды серіктес. ЕО-ға мүше елдер – өңір үшін тікелей шетелдік инвестициялардың ең ірі көздерінің бірі. Бұл 40% (Қытай мен Ресейге қарағанда, көп).

«Орталық Азия елдеріндегі реформаларды қолдау және іске асыру аясында біздің міндетіміз – экономиканы әртараптандырылған және тұрақты ету», — деді В. Домбровскис.

Сонымен қатар Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өте серпінді дамып келе жатқанын, оған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім және шикізат, аккумуляторлық батареялар және жаңартылатын сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі меморандум ықпал ететінін атап өтті.

«Сонымен қатар біз Орталық Азия мен Еуропалық Одақ елдері арасында жүк тасымалдаудың жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін дамытуға мүдделіміз. Ол үшін инвесторларды өңірдегі жобаларға тарту қажет, бұл тасымалдау кезінде кедергілерді жоюға және инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді», — деді Валдис Домбровскис.

Алматыдағы екінші экономикалық форумда Өзбекстаннан келген делегацияны Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев басқарды.

«Қазіргі жағдайда біз үшін азық-түлік қауіпсіздігі, жеткізу тізбегінің бұзылуы және климаттық дағдарыс мәселелері бойынша оңтайлы шешім табудың жалпы тәсілдерін әзірлеу аса маңызды. Сол себепті “Еуропалық одақ – Орталық Азия” екінші экономикалық форумының күн тәртібі бұрынғыдан да өзекті болып отыр», — деді өз сөзінде өзбек делегациясының басшысы. 

Өзбекстан Премьер-Министрі орынбасарының айтуынша, соңғы жеті жыл елдегі ауқымды экономикалық және құқықтық реформалармен ерекшеленді. Өзбекстанда бизнес үшін қолайлы салық жүйесі құрылды.

Ж. Ходжаевтың айтуынша, салықтардың жалпы саны 13-тен 9-ға дейін қысқарды, олардың кейбіреуі бойынша мөлшерлемелер екі есе төмендеді. Ол Өзбекстанда мемлекеттік органдардың бизнесті реттеу бойынша 500-ден астам функциясы жойылғанын айтты. Тағы 70 функция мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жеке меншік секторға берілді.

Өз сөзінде Жамшид Ходжаев 2022 жылы Орталық Азия елдерінің Еуропалық одақпен тауар айналымы $46 млрд-тан асқанын, ал Орталық Азия елдеріндегі еуропалық капиталдың қатысуы бар кәсіпорындар саны 7 мың компанияға жеткенін, алайда соған қарамастан ынтымақтастық әлеуеті бар екенін атап өтті.

«Біз үшін ерекше қызығушылық тудырып отырған бірнеше басым саланы атап өтуге рұқсат етіңіз. Біріншіден, сауда-саттық – арадағы серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдету, тауарларды тез және қауіпсіз тасымалдау шараларын қолдану аса өзекті болып отыр. Бұл бағытта сауда-саттықты цифрландыруда бірлескен тәсілдерді әзірлеуді, оның ішінде Орталық Азия елдерінің электрондық коммерция саласындағы заңнамасын біріздендіру үшін ЕО-дан сараптамалық және техникалық қолдау тартуды ұсынамыз», — деді Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде. 

Әрі қарай экономикалық форум сессиясында Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода құттықтау сөзін сөйледі.

«Бүгінгі шара біздің елдер мен Еуропалық одақ арасындағы сындарлы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды талқылауға мүмкіндік беріп отыр», — деді Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода.
 

Өз сөзінде Тәжікстанның Үкімет басшысы Орталық Азия елдерінің түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуеті зор екенін атап өтті.

Экономикалық өзара іс-қимылды нығайту – өңір елдерінің барлығының сыртқы саясатындағы маңызды міндет. Осы тұрғыда Еуропалық одақ елдерін өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және инвестициялар тартуға ынталандыру әртүрлі бәсекеге қабілетті өнеркәсіп өнімдері өндірісін және оларды біздің елдеріміздің сыртқы нарықтарына экспорттауды жолға қоюға жәрдемдеседі. Осыған байланысты Еуропалық одақ капиталының қатысуымен Орталық Азия елдерінің инвестициялық қорын құру жасыл энергетиканы қоса алғанда, түрлі салалардағы жобаларды табысты іске асыруға көмектесе алады.

«Біз жасыл экономикаға инвестициялар тарту өңір елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге мүмкіндік беретініне және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ықпал ететініне сенімдіміз. Сонымен қатар Тәжікстанның халқын және жасыл энергия өндірушілерін тұрақты энергиямен қамту үшін 1 300 мВт-тан астам қосымша қуат пайдалануға берілгенін айтып өтейін. Қуаты 3 600 мВт “Рогун” ірі су электр станциясының құрылысы жалғасуда, екі агрегат пайдалануға берілген. Осыған байланысты біз мүдделі тараптардың барлығымен, соның ішінде Еуропалық одақпен ынтымақтастыққа дайынбыз», — деді К. Расулзода.

Сонымен қатар Тәжікстан Министрлер кабинетінің басшысы көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігін атап өтті.

«Көлік қызметтері тауарлар сауда-саттығы саласында тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ кәсіпорындардың тиімділігі мен табысы көбіне көлік жұмысына байланысты, өйткені жалпы шығындар ішінде тасымалдау шығындарының үлесі айтарлықтай көп. Осыған байланысты біздің елдер болашақта тауарлар мен қызметтердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мультимодальды көлік дәліздерін құру мәселесіне назар аударуы қажет деп санаймын. Осы орайда Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізінің тиімділігін атап өту орынды», — деді К. Расулзода.

Аталған бағдарды жақсарту үшін Тәжікстан қосымша желілер мен жасыл дәліздерді қамтитын шекаралық өткелдердегі инфрақұрылымды жақсарту аясында белсенді түрде жұмыс істеп жатыр, сондай-ақ цифрландыру енгізілуде.

#Халықаралық ынтымақтастық #Экономика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу