06 Мамыр 2025, 16:50
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жаңа Су кодексі әзірленді. Аталған құжатта негізгі 5 қағида көрсетілген. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз хабарлады.
Жаңа Су кодексінің жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Вице-министрдің айтуынша, құжат су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған.
«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары Су кодексінде көрініс тауып, заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілді», — деді Болат Бекнияз.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор екеніне тоқталған.
«Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар. Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет», — деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Президент 2025 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Республикасының Су кодексіне қол қойды. Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға бағытталған. Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су нысандарын ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану саласында Қазақстан Республикасының мүддесіне қызмет етеді.
Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қайта қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға және су шаруашылығы бассейндері негізінде басқаруға мән берілген.
Үшінші блок су тасқынының, судан келетін зиян мен залалдың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Төртінші блогта су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функциясынан бөлек, жедел әрекет ете отырып мемлекеттік қадағалау жөніндегі өкілеттіліктер берілді.
Бесінші блок гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған орай, жаңа Кодекс жобасының негізіне бес негізгі қағидат енгізілді:
Бірінші: Су – қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың тіршілігі мен экономикалық дамудың негізі ретіндегі рөлін күшейту.
Екінші: Су ресурстарын пайдалануда олардың экономикалық құндылығын тану.
Үшінші: Жер үсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану.
Төртінші: Су ресурстарын тиімді және ұтымды үнемдеу.
Бесінші: Су қорын пайдалану мен қорғау мәселелерін шешуге қоғамды тарту.
«Жаңа Кодексте су ресурстарын басқаруда шешуші құжаттар ретінде Су ресурстарын біріктірілген басқарудың Бас жоспары мен бассейндік жоспарларды әзірлеу көзделген. Сондай-ақ қауіпті гидротехникалық құрылыстарға қатысты көпфакторлы зерттеулер жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу міндеттері қарастырылды», — деп түсіндірді су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Бұдан бөлек, су саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті заңнамалық деңгейде күшейту көзделеді. Су ресурстарын басқару органдарына су үнемдеу жоспарлары орындалмаған жағдайда жедел әрекет ету шараларын қабылдауға мүмкіндік беретін бақылау функциялары енгізілген.
«Су нарығындағы көлеңкелі әрекеттермен күресу үшін өз бетінше су пайдалануға жол бермеу және су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруға тыйым салу талаптарын сақтау бойынша бақылау күшейтілді», — деді Болат Бекниязов.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы тиімсіз шығындарды азайту мәселелері жеке блок ретінде қарастырылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің су пайдалануды жоспарлау (су пайдалану жоспарлары, ғылыми негізделген егіс айналымы) және бөлінбейтін мүлікті бірлесіп пайдалану бойынша міндеттері белгіленген.
Мамандардың пікірінше, климаттың өзгеруіне байланысты су тапшылығы мен су тасқыны қауіптерінің сақталатыны және күшейетіні күтілуде. Осыған байланысты су секторын климаттық өзгерістерге бейімдеу жөніндегі шаралар регламенттелген.

«Саланың цифрландырылуы шеңберінде Ұлттық ақпараттық жүйе құру көзделіп отыр. Жалпы алғанда, жоба су шаруашылығы құрылыстарын толыққанды есепке алу, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау, баламалы су көздерін пайдалану, еріген суларды жинау және оларды арнайы су пайдалану рұқсатынсыз (2 млн м³ дейінгі көлемде) суару мақсатында пайдалану, су объектілерін мониторингтеу нормаларын нақтылайды», — деді спикер.
Жоба сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, нөсер және дренаж суларын реттеу, иесіз жүйелерді коммуналдық меншікке беру, өндірістік мақсаттарда ауыз судың орнына техникалық суды пайдалану, қызметтерді уақытша тоқтату және инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту бойынша техникалық аудит негізінде шаралар қабылдауды көздейді.
Жерасты суларын іздеу, бағалау, мониторинг және қорғау саласындағы нормалар да күшейтілді. Бұл мәселелермен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрамындағы Ұлттық гидрологиялық қызмет айналысатын болады.
Сонымен бірге су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдер қабылдау процесіне қоғамның қатысуы кеңейтілді. Ол бойынша бассейндік кеңестер рұқсат етілген су пайдалану көлемдерін қысқарту тәртібі, су тасқынына және/немесе құрғақшылыққа қарсы шаралар, сондай-ақ Кодекс арқылы жүктелген функцияларды жүзеге асыру кезінде жергілікті атқарушы органдар жіберген бұзушылықтарды жою шаралары бойынша ұсынымдар енгізе алады.
«Қоса берілген заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жаңа Су кодексінің нормаларына сәйкестендіру және су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген. Азаматтық, Жер, Кәсіпкерлік, Орман және Экологиялық кодекстерге, сондай-ақ 13 заңға өзгерістер енгізілді», — деп түсіндірді Болат Бекнияз.
Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері су заңнамасын бұзған тұлғалардан жалпы сомасы 2,9 млн теңгеге 18 әкімшілік айыппұл өндірілген. Ал суды заңсыз пайдалану фактілері бойынша жалпы сомасы 6,4 млн теңгеге 35 әкімшілік айыппұл салынды.
#Президенттің тапсырмасы #су ресурстары #ӨңірлерҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу