Роман Скляр Көкшетау қаласындағы бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Көкшетауға барды. Роман Скляр Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевпен бірге «Көкшетау жылу» ШЖҚ МКК-ның алдағы жылу беру маусымына дайындық барысымен танысты.

Қаланы жылумен қамтамасыз ету 1-АҚ және 2-АҚ қазандықтары арқылы жүзеге асырылады. 

Бүгінде Үкімет резерві есебінен бөлінген 2,6 млрд теңгеге жуық қаржыға 1-АҚ және 2-АҚ мұржаларын, №7 су жылыту қазандығын және №8,9,10 қазандық агрегаттарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда жалпы орындалу 50%-дан асады. Сонымен қатар ұзындығы 3,3 шақырым жылу желілерін ауыстыру, ұзындығы 3,7 шақырым жылу желілері оқшаулағыштарын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 1775 м желіге және 2620 м жылу желілерін оқшаулағыштарға жөндеу жүргізілді.. Сондай-ақ 3 сорғыны ауыстыру туралы келісім жасалды.

«Жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстар аяқталуы қажет. Бүгінде тиісті қаражат бөлінді, енді тек жұмысты жүргізіңіздер. Қыркүйек айының ортасында Бестөбе ауылы мен Степногорск қаласына барып, қаланың жылумен жабдықтау нысандары мен ЖЭО-ның жылу беру маусымына дайындығын тексеруді жоспарлап отырмын», — деді Роман Скляр.

Нысандарды аралау барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мен аймақ басшысы су тазарту құрылыстарын тексерді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Көкшетау қаласының су тазарту құрылыстарын күрделі жөндеу және кеңейту» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба биыл түзетуден өтті, оны жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде мердігер ұйым құрылыс-монтаждау жұмыстарын, құрылыс және шығыс материалдарын сатып алуда. 

Сондай-ақ сапар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мен облыс әкімі Сарыарқа шағын ауданы құрылысының барысымен танысты.

Құрылыс 2012 жылы басталды. Барлық тұрғын үй шағын ауданының аумағы 1120 га-ны құрайды, 900 гектардан астамы егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары игерілді.

900 оқушыға арналған Әл-Фараби атындағы ІТ мектебі, өрт сөндіру бекеті, «Виамедис» клиникалық-оңалту орталығы, мұз айдыны, 58 көпқабатты тұрғын үй сияқты бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға берілді. 

280 орындық 2 балабақша, 1200 орынға арналған мектеп, 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1500 оқушыға арналған 2 жайлы мектеп пен полиция департаментінің құрылысы үшін жер телімі бөлінді. Сондай-ақ 630 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана салу, 3 жалға берілетін және 4 несиелік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Е. Маржықпаев келер жылы қаланың мерейтойы болатынын атап өтті. Көкшетау қаласына 200 жыл толады. Бүгінде қаланы абаттандыру бойынша үлкен жоспар түзілген.

Одан әрі Бестөбе ауылы тұрғындарының бастамашыл тобымен кездесу өтті. Ауыл тұрғындары жұмысқа орналасу, кеніштің болашағына қатысты сұрақтарын қойды.

«Қазақалтын» ЖШС кәсіпорнының қызметкерлеріне қаланың өнеркәсіп кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындары мен белсенді жұмыспен қамту шаралары, сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты 6 айға дейін берілетін әлеуметтік төлемдер бойынша ұсыныс жасалды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл мәселе Үкімет бақылауында екенін айтты.

«Біз заң шеңберінде әрі халықтың мүддесі үшін әрекет етеміз. Тамыз айында Бестөбе кенішінде сорғылар мен құбырлар орнатылғаннан кейін су айдау жұмыстары басталады», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Қалпына келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңіне 320-дан астам адам тартылды. Бестөбе кенішіне тиесілі «Алтыналмас АК» АҚ компаниясының ақпараты бойынша, алдағы 12 ай ішінде суды тартып шығаруға қарай, жаңа тау шатқалдарына қолжетімділік пайда болған кезде жергілікті тұрғындар арасынан қосымша 300-ге жуық кенші жұмысқа тартылатын болады. Кәсіпорынды қалпына келтіру үшін жұмысқа қажетті деңгейде жұмысшылар саны тартылып, оларға толық жалақымен қамтамасыз етіледі. Қалған жұмыссыздарға «Алтыналмас АК» АҚ және «Қазақмыс» корпорациясының өзге өндіріс алаңдарында жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылады.

«Облыс әкімдігі жұмыссыз қалған адамдарды жұмыспен қамту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деп түйіндеді сөзін Роман Скляр.

#Роман Скляр #Энергетика #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу