С. Жұманғарин шаруаларға жеңілдетілген несие беру туралы — Үкімет үлкен жобаны жүзеге асыруда

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Саржансай ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Ауылда өз шаруашылығын құру үшін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған кәсіпкер аз емес. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов вице-премьерді мамандандырылған жәрмеңкеде бағдарлама бойынша қолдау алған жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерімен таныстырды. 

Тұрғындармен кездесуде Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және елімізде азық-түлік тауарларын өндіруді дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

Оның сөзінше, қант, сүт, құс еті, күнбағыс майы сияқты бірқатар әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің импортқа тәуелділігі және көкөніс қоймаларының жеткілікті санының болмауы — бағаның өсуінің басты себептері.

«Үкімет қазір үлкен жобаны жүзеге асыруда, бұл — СҚО тәжірибесі бойынша сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, суару жобаларын салу үшін фермерлерге төмен пайыз жеңілдікпен кредит беру. Жоба аясында биыл 65 сүт-тауар фермасын салуға 100 млрд теңге бөлінді, келер жылы тағы 50 ферма салу жоспарланған», — деді С. Жұманғарин. 

Сондай-ақ 2024 жылы суару, көкөніс қоймаларын, құс фабрикаларын салу бойынша жобалар жоспарланған. Осы шаралардың барлығы елдің негізгі азық-түлік өнімдерге қажеттілігінің импортқа тәуелділігін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.

Саржансай ауылының тұрғындарымен кездесуде Серік Жұманғарин суармалы су проблемаларын шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Вице-премьердің сөзінше, Қазақстанның су ресурстары мәселесін зерттеу және шешу жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Бірлескен жұмысқа Қытай мен Израильден сарапшылар шақырылады. 

«Алдын ала бағалаулар бойынша бізде су жеткілікті, бірақ біз оны қалай сақтау керектігін білмейміз. Біз суды үнемдеу технологияларын әзірлеу және қолдану бойынша жұмыс жасаймыз», — деп атап өтті министр.

Кездесуге қатысушылар ауылшаруашылық техникасын сатып алуды субсидиялау, көкөніс қоймаларын салуға мемлекеттік қолдау көрсету, мал өсіруге қолбайлау су тапшылығы және тағы басқа  мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Әсіресе мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерді қайтару мәселесіне ерекше назар аударылды. 

«Мемлекет жерді қайтару бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Былтыр 5,4 млн га қайтарылды. Биылға 5 млн га жоспарланды, бүгінде оның 1,6 млн га қайтарылды», — вице-премьер.   

Вице-премьердің жеке қабылдауында азаматтар облысты жоғары технологиялық медициналық техникамен қамту және аймақты абаттандыру бойынша мәселелерді шешуде септестік етуін сұрады. Серік Жұманғарин барлық мәселені мұқият тыңдап, оларды құзыретті мемлекеттік органдардың зерделеуін тапсырды. Тұрғындармен кездесу қорытындысы бойынша вице-премьер жергілікті БАҚ үшін брифинг өткізді.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі кәсіпорындарға да барды.

#АӨК #Серік Жұманғарин #Халықпен кездесу #ҚР Сауда және интеграция министрлігі #ӘМАТ #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу