Туристер арасында тау шаңғысы курорттарына сұраныс жоғары — Асхат Оралов

Бүгінде отандық туристер саны 25%-ға артып, 8,6 млн адамға жетті. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден шамамен 2 млн-ға жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Үкімет отырысында мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлімдеді. Сонымен қатар тақырып аясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасап, туризмді дамыту мәселесіне тоқталды.

«Өткен жылы еліміз 1 млн-ға жуық шетелдік туристі қабылдады, ал биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн-ға дейін өседі деп күтілуде. Жалпы осы цифрлар шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артқанын көрсетеді», — деді мәдениет және спорт министрі. 

Оның айтуынша, қонақ үйлердің саны 284 бірлікке ұлғайып, шамамен 4 мыңға жетті. Олардағы жалпы сыйымдылық 10 мың бірлікке көбейіп, 203 мыңнан астам төсек-орынды құрады. 2022 жылы туристерді орналастыратын орындардың жалпы табысы 183 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары.

Нәтижесінде туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелді. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге артып, 389 млрд теңгені құрады.

Осы жылдың I тоқсанындағы көрсеткіштер саладағы өсудің жалғасып келе жатқан үрдісін көрсетеді. Мәселен:

– ішкі туристер саны 20%-ға

– шетелдік туристер саны 2,3 есе;

– қонақүйлермен көрсетілген қызметтер саны 1,6 есеге ұлғайды.

Елімізде туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Мысалы, өткен жылы құны 27 млрд теңге болатын 28 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.

Осы жобалардың ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар, Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автокөлік жолын салудың маңызы зор. Сонымен қатар Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы маңызды оқиға болды, бұл әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті.

Алайда, Алакөл көліне қарай сыйымдылығы 50 адамдық шағын көлемді әуе кемелерінің ұшуы әлі де жүзеге асырылуда, бұл қазіргі қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік бермейді. Бизнестің ұсыныстары бойынша әріптестермен бірге әуе рейстерінің жиілігін ұлғайту немесе борттарды сыйымдылығы неғұрлым жоғарыларына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. 

Қазіргі уақытта 439,3 млрд теңгеге 83 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Алайда, 301 млрд теңге сомасына 40 жобаны қаржыландыруға қосымша қажеттілік бар. Бұл жобалардың жобалық-сметалық құжаттамалары дайын.

Маңызды жобалардың қатарында: Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы құны 1,4 млрд теңгеге көлік жолын салу және қайта жаңарту, сондай-ақ Алакөл көлінің жағалауын нығайту, Балқаш қаласындағы Бертіс шығанағының жағалауын абаттандырy, Жасыбай көліне кіреберісті орташа жөндеу жұмыстары сынды маңызды жобалар бар.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесін шешу мақсатында елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында әкімдіктерге тиісті құзырет беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлінуде. 2019 жылдан бастап 420 млрд теңгеден асатын 360-тан көп инвестициялық жоба іске қосылды. Осы жылы 14,5 мың төсек-орын және 2 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 288 млрд теңге сомасына 115 жоба іске асырылуда. Жобаларды іске асыру тұрақты бақылауда және қажет болған жағдайда оларды жеке қадағалау жүзеге асырылуда.

«Қазір глэмпингтерде табиғат аясында демалу туристер арасында танымал бола бастады. Глэмпингтер жалпы қарапайым кәсіпкер үшін шынайы бизнес-жоба әрі халыққа да қолжетімді. Соңғы уақытта еліміздің 8 өңірінде осындай 38 кешен ашылды», — деді А. Оралов.

Сонымен қатар визит-орталықтарын дамыту – маңызды аспект. Бұл орталықтар туристердің саяхат кезіндегі алғашқы аялдайтын нүктесі мен демалыс орны ретінде қызмет етеді, сонымен қатар ұйымдастырылған туризм мәдениетін арттыруға ықпал жасайды. Соңғы 2 жылда елде 11 визит-орталығы салынды, оның ішінде 6 нысан жеке инвесторлардың қатысуымен бой көтерді. Жақын арада «Батан», «Бутаковка» шатқалдарында, «Гауһар ана», «Ордабасы», сонымен қатар «Көлсай көлдері» мен «Алтын емел» ұлттық паркілерінің аумағында осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр. 

Азаматтар арасында тау шаңғысы курорттарына сұраныстың айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл факт туризмнің осы сегментінің жоғары әлеуетін көрсетеді. Орташа есеппен шаңғы турисі жағажай туристеріне қарағанда 5 есе көп ақша жұмсайды және олардың саны жыл сайын 30%-ға өсіп отыр. Талдауға сәйкес, Алматы агломерациясындағы тау шаңғысы курорттарына сұраныс ағымдағы ұсыныстан едәуір асып түседі. Бір ғана Шымбұлақ демалыс аймағы адам көп келген күндері 15 мың туристі қабылдайды. Ал оның өткізу қабілеті 6 мың адамды құрайды. Қазіргі уақытта өңірдегі барлық тау шаңғысы курорттарының жалпы өткізу қабілеті күніне 10 мың шаңғышыны құрайды, ал сұраныс деңгейі әлдеқайда жоғары.

«Жақын арада біз жаңа өсу нүктелерін анықтауды, инвестициялық жобаларды әзірлеуді және жинақтауды жоспарлап отырмыз», — деп сөзін жалғады мәдениет және спорт министрі.

Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және бизнесті қолдау мақсатында өткен жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың 7 жаңа шарасы қолданысқа енгізілді.

Бүгінге дейін Kids go free бағдарламасын 800-ге жуық отбасы пайдаланды, соның арқасында 1,6 мың бала ел бойынша тегін саяхаттауға мүмкіндік алды. Биыл осы бағдарламамен 2 есе көп баланы қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өтеу сомасы 480 млн теңгеден асатын 29 жоба бойынша өтінімдер мақұлданды. Бұл ретте мұндай объектілердің инвестиция көлемі шамамен 4,5 млрд теңгені құрады.

Жалпы, осы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша оң нәтижелер мен қызығушылықтың артуы байқалады. Бұл ретте бизнестің ұсыныстарын ескере отырып, іске асыру механизімін жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады.

Бұқаралық туризмді одан әрі ынталандыру мақсатында халықаралық тәжірибеге сәйкес келушілер қарқыны төмендейтін маусымда туристердің шығыстарын тур құнының 20%-на дейін субсидиялау көзделетін туристік «Кэш Бэк» енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыра отырып, біз гидтер мен экскурсоводтардың бірыңғай тізілімін цифрландырумен айналысып жатырмыз. Бұл шешім гидтерді үнемі жетілдіруге, біліктілігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ынталандырады. Сонымен қатар туристерде туындаған сұрақтарды жедел түрде шешу үшін «i-Tourist» ақпараттық байланыс орталығын құру ұсынылды.

Сондай-ақ жаңа салалық тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі оң көрсеткіштерге жету және саланың алдына қойылған міндеттерді орындау мәселелері Министрліктің үнемі бақылауында болады.

Одан әрі Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев туризмді дамыту мәселесіне тоқталды.

Мәселен, Ақтау қаласындағы «Жылы жағажай» курорттық аймағы қажетті сумен және су бұру желілерімен, газбен, электрмен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта су бұру желілерін одан әрі пайдаланудағы коммуналдық кәсіпорынның теңгеріміне беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталған соң, «Жылы жағажай» курорттық аймағында орналасқан барлық туристік нысандарға су бұру желісіне қосылу үшін техникалық шарттары берілетді.

Сонымен қатар, курорттық аймақта орналасқан Rixos қонақ жай кешеніне тиесілі су тұщыту қондырғысы арқылы өнідірілген тәулігіне 3 700 текше метр техникалық суды көгалдандыру және тұрмыстық қажеттіліктеріне пайдаланады. 

Қазіргі таңда «Каспий» су тұщыту зауыты «Жылы жағажай» курорттық аймағына тәулігіне 2000 текше метр ауыз сумен толық қамтамасыз етіп отыр.

«Қосымша іске қосылатын туристік нысандардың ауыз суға деген қажеттілігі "Каспий" су тұщыту зауытының есебінен қамтамасыз етіледі. Соған сәйкес осы жылдың 1 қазанында зауыттың қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру жұмысын аяқтау жоспарланып отыр», — деді өңір басшысы.

 Түркістан облысында туризмді дамытудың 3 негізгі бағыты: тарихи-танымдық, экологиялық және сауықтыру туризмі анықталды. Бұл туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды мәлімдеді.

Туризмді тарихи-танымдық бағытта дамыту үшін бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылуда, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Туристер мұнда 1789 тарихи және мәдени ескерткішпен танысуға келеді.

Сондай-ақ BBC арнасында облыстың туристік әлеуетін жарнамалау жоспарлануда.

Экологиялық туризм бағыты бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан бар. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік бағыт құрылған.

Түркістан облысы сауықтыру туризмімен де танымал. Қазір облыста 72 сауықтыру мекемесі бар. 

Жыл соңына дейін 2 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, өткен жылы облысқа осы бағыттар бойынша 470 мыңнан астам турист және 1 млн 200 мыңнан астам бір күндік келушілер келген. Жоспарланған көрсеткіштер толығымен орындалды.

Бүгінгі таңда облысқа келген туристер саны 100 мыңнан асты. Бір күндік келушілер саны 422 мың адамды құрады. Сонымен қатар, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды жақсарту және инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы туризм инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 9 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылды. Сондай-ақ туризм саласының негізгі капиталына 69 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді.

Биыл 34,7 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосу күтілуде. Туризм саласына осы жылдың 5 айында 10,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 36,7 пайызға өсті.

Шетелден келетін туристер санын арттыру мақсатында 2023 жылдың сәуір айында Қытайдың 15 туроператорының қатысуымен туристік ақпараттық тур ұйымдастырылды. Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының әкімдігімен топтық турларды ұйымдастыру бойынша екіжақты келісім жасалды. Сондай-ақ мажарлық Wizz Air компаниясымен жыл соңына дейін Түркістан – Әбу-Даби (БАӘ) бағыты бойынша әуе  рейстерін ашу жұмыстары жүргізілуде.

Тікелей халықаралық рейстердің ашылуы елімізге келетін туристер санын арттырумен қатар өңірдің туристік әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізеді.

Ақмола облысында Щучье-Бурабай курорттық аймағы қарқынды дамып келеді. Мұнда сыйымдылығы 9 мыңнан астам төсек-орынды 183 орналастыру нысаны бар. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев айтты.

Баға бәсекелестігін және нарықтың әртүрлі сегменттері үшін ұсыныстарды қамтамасыз ету мақсатында жаңа орналастыру нысандары енгізілуде. Өткен жылы инвестиция көлемі 3,6 млрд теңгені құрайтын алты туристік нысанның іске қосылуына байланысты нөмірлер саны жаңартылды.

4,7 млрд теңге инвестиция тартылған «Ақбура» демалыс орнының 1-кезеңінің құрылысы аяқталуға жақын.

Осы жылы курорттық аймақты дамытуға 4,6 млрд теңге бөлінді, курорттық аймақты абаттандыру және санитарлық тазалауды қаржыландыру 3 есеге ұлғайтылды.

Жалпы облыстың туристік кластеріне 600-ден астам туристік кәсіпорын кіреді. Жұмысшылар саны 22 мыңнан астам адам.

«Өткен жылы орналастыру объектілері 17 млрд теңгеден астам сомаға қызмет көрсетті, өсім – 1,6 есе. Өңірдің туристік нысандарына келушілер 17%-ға артып, 1,2 млн-нан астам адамды құрады. Сондай-ақ облыста туроператорлар сәтті жүзеге асырып жатқан 70-тен астам туристік маршруттар бар. Биыл жалпы құны 23 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Туристік әлеуетті ілгерілету үшін «Төрт маусым» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда», — деді Е. Маржықпаев.

Жалпы алғанда, тұрақты өсу қарқынымен 2026 жылға қарай туристер саны 1,6 млн-нан асады.

#Туризм #ҚР Мәдениет және спорт министрлігі #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу