«Уақыт тапшы»: бірінші вице-премьер Роман Скляр Петропавлдың стратегиялық нысаны – «Кызылжар Су» серіктестігін қорғауға тапсырма берді 

Су тасқынына қарсы жұмыс аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Тепличное ауылы мен Кожевенный кентінің бөгеттерін, «Қызылжар Су» ЖШС-нің 1-ші және 2-ші сорғы станцияларын тексерді. Тексеру барысында Роман Скляр қазіргі су тасқыны жағдайын ескере отырып, қолданыстағы бөгеттерді нығайту, оларды ұлғайту жұмыстарының және арнайы техника мен топырақ толтырылған қапшықтармен қамтамасыз ету маңызын атап өтті.

Қазір облыс орталығының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар Су» ЖШС-нің сорғы станцияларын су тасқынынан қорғау мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс қарқыны жоғары және су тасқыны жағдайына байланысты реттеліп отыр. Петропавл су торабын аралау барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары судың келуіне аз уақыт қалғанын атап өтті. 

«Бүгін су басу қаупі бар аймақтарды аралау барысында жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселе қаралды. Бұл, ең алдымен, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін техника санын көбейту және бөгеттерді күшейту. Біз инфрақұрылымды және елді мекендерді қорғау туралы айтып отырмыз. Үлкен судың келуіне 7-8 күн қалды. Қазір Сергеев су қоймасында 3 метрден астам су тасып жатыр. Толып кету бойынша антирекорд орнатылады деп күтілуде, ол шамамен 4 метрді құрамақ. 2017 жылға қарағанда әлдеқайда көп су келеді. Сондықтан қазір барлық күш пен ресурсты осы мәселелерді шешуге бағыттау қажет. Оған қоса бүгінде барлық жол-құрылыс компаниясы учаскелердегі жұмысын уақытша тоқтатып, тұрғындармен су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізетін боламыз», — деді Роман Скляр.

Ең ауыр жағдай 13 ауданның 8-де тіркелген, қар жамылғысы – 38-50% аралығында және 262 елді мекенде су басу қаупі сақталуда. Облыс жолдарында 48 су кесіп өту тіркелді. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда жол жамылғысының 7 учаскесі қопарылды. 

Суды тарту жұмыстары жүргізілуде, 155 шақырым арық тазартылды, 96,6 шақырым каналдар кеңейтіліп, тереңдетілді, топырақ толтырылған 55 мың қап дайындалып, оның 23 мыңы төселді. 540 адам мен 233 техника жұмылдырылды, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты жұмыс істеуде.

Аралау қорытындысы бойынша Роман Скляр жағдайдың бақылауда екенін баса айтты.

«Біз 3-4 күнде барлық жұмысты аяқтап, одан кейін су басу қаупі бар аймақтарды қарауымыз керек», — деп түйіндеді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Еске сала кетейік, биылғы 6 сәуірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Солтүстік Қазақстан облысына барды.

#Роман Скляр #Президенттің тапсырмасы #Су тасқыны

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу