Үкімет отырысында өңір әкімдеріне экономикалық көрсеткішті қазіргіден де жақсарту міндеті қойылды

Үкімет отырысында биылғы 9 айдағы экономикалық өсім, бюджеттің атқарылуы мәселесі қаралды. Бұл тұрғыда төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелген. Алдымен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің баяндамасы тыңдалды. 

«Инвестиция, құрылыс, көлік және қоймалау көрсеткіштерінің төмендеу себебі еліміздегі аса ірі құны $46 млрд-ты құрайтын «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасының аяқталуына байланысты болып отыр. Өзге салалардағы инвестициялар көлемі өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 5,4% ұлғайып, 463 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін 2,6 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар», — деп мәлімдеді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің айтуынша, құрылыс көлемінің 70%-ы (850 млрд теңге) «Теңізшевройл» компаниясының «Келешек кеңею жобасына» тиесілі болса, биыл жобаның аяқталуына байланысты жобадағы құрылыс жұмыстары көлемінің 2,4 есе қысқарған. 

«Өзге жобалар бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылғы 9 айда 263 млрд теңгені құраса, биылғы 9 айда 281 млрд теңге болды. Жыл соңына дейін жұмыстың көлемін 400 млрд теңгеге жеткіземіз деп отырмыз», — деді облыс әкімі.

Атырау облысында көлік және қоймалау көрсеткішінің төмендеу себебі «Теңізшевройл» компаниясы жүктерді түсіру және сақтау қызметтерін көрсететін «ТеңізСервис» мекемесімен келісім шартты бұзуына байланысты туындаған. Жалпы өңірде көлік және қоймалау көрсеткішінің жартысын (51%) құбыр арқылы тасымалдау құрайды, бұл көрсеткіште 5,8% өсім байқалуда.

Дегенмен, Келешек кеңею жобасының орнын толтыру мақсатында өңірде басқа ірі жобалар іске асырылуда, оның ішінде «GPC Investment» ЖШС Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы, арнайы экономикалық аймақта «Силлено» ЖШС полиэтилен зауытының құрылысы, «KMG Petrochem» ЖШС газ бөлу қондырғысын орнату этан жеткізу жобасы, «Бутадиен» ЖШС Бутадиен және оның туындыларын өндіретін зауыттың құрылысы бар.

«Аталған жобалар бойынша тиісті Министрліктермен жұмыстар жүргізілуде. Сауда қызметінің көлемі 5 трлн теңгені құрады. Көрсеткіштің төмендеу себебі көтерме саудада баға индексінің жоғары болуына байланысты. Номиналды мәнде 9,4%-ға артық, 427,2 млрд теңге өсім бар», — деп атап өтті С. Шәпкенов.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымына келсек, облыста ол көрсеткіш 80 млрд теңгені құрады. Көктемгі су тасқыны кезінде облыстағы 10,3 мың гектар құрайтын егістік алқабының жартысы су астында қалып, 5,3 мың гектарға дейін қысқарды. Сәйкесінше, өсімдік шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,7%-ға төмендеген. Жалпы облыста мал шаруашылығында 5,4% өсім бар. Оның ішінде етте 4,2 %, сүтте 3,6 % және жұмыртқада 4,2 есе.

«Үкіметтің Атырау облысына белгілеген жоспарлы көрсеткішіне жыл соңына дейін қол жеткіземіз. Аталған көрсеткіш бойынша Министрлікпен бекітілген жоспарды 16,6% артық орындап отырмыз. Көрсеткіштің негізгі төмендеу себебі облыс орталығындағы тұрғын үй кешендері құрылысының толық аяқталмауына байланысты болып отыр. Облысымызда 55 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Биыл бюджет есебінен 34 үйді (164 мың ш.м.), коммерциялық 18 үйді биыл аяқтау жоспарда бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша жыл соңына дейін 750 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз барлық көрсеткіштер жеке бақылауымда, жүйелі жұмыстар жүргізілуде», —  деді Атырау облысының әкімі.

Маңғыстау облысында құрылыс, көлік және инвестициялар бойынша көрсетіштерді жақсарту қажет. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қолға алынып жатқан шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, осы жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша келесі макрокөрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізілді.

Атап айтқанда:

-өңдеу өнеркәсіп өнімінің көлемі – 118,5%-ға; 

-ақпарат және байланыс саласы – 105,9%-ға; 

-ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 102,7%-ға; 

-сауда көлемі – 104,9%-ға; 

-тұрғын үйді іске қосу қарқыны – 101,1%-ға артты. 

«3 көрсеткішке қол жеткізілмеді. Мәселен,негізгі капиталға салынған инвестиция – 89,1%-ды құрады. Себеп – өткен жылы бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жоспардан тыс инвестициялық салымдарға байланысты. Мысалы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Бейнеу-Жаңаөзен магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу» және «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 3-ші желісін күрделі жөндеу» жобаларын іске асыру шеңберінде «QazaqGaz ҰК» АҚ және «Самұрық-Қазына» АҚ меншікті қаражаты есебінен 180 млрд теңге инвестиция салынды», — деп мәлімдеді Нұрдәулет Қилыбаев.

Бұдан бөлек, «Жеңіс Оперейтинг» мұнай-газ жобасының операторы «Жеңіс» құрылымында іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылауға 46 млрд теңге инвестиция салды. Алайда, қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ұңғымаларда көмірсутектер қорының жоқтығы расталып, жобаны одан әрі іске асыру тоқтатылды.

Осыған орай, өткен жылы жоғарыда аталған кәсіпорындар жалпы сомасы 225 млрд. теңгеден астам инвестицияларды игерді, олардың есебінсіз 2023 жылдың қорытындысы бойынша инвестициялар көлемі шамамен 877 млрд. теңгені құрайтын еді. Жыл қорытындысымен болжамды көрсеткіш – 85,0%.

«Көлік көлемі – 85,8%-ды құрады. Себебі, өткен жылмен салыстырғанда теміржол көлігімен жүк және жолаушы тасымалы, жүктерді қоймалау мен қосалқы көлік, теңіз және су жағасындағы жүк көлігінің қызметтері бойынша төмендеулер байқалып отыр», — деді облыс әкімі.

Сала көрсеткішіне теміржол көлігі бағытындағы төмендеулер айтарлықтай әсер етуде және осы деңгейде жалғаса берген жағдайда жылдық нақты көлем индексінің орындалмау қаупі бар. Жыл қорытындысымен болжамды көрсеткіш – 87,1%. Қазіргі уақытта әкімдіктің ұсынысы негізінде Көлік министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі тарапынан Маңғыстау облысы бойынша көлік және қоймалау саласының 2024 жылға белгіленген жоспарлы нақты көлем индексін төмендету мәселелері пысықталуда.

«Құрылыс жұмыстарының көлемі – 84,8% құрады. Негізгі себеп – өткен жылмен салыстырғанда «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдік газ құбырының 2 желісінің құрылыс жұмыстары және «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырының құрылысы бойынша жұмыс көлемінің төмендеуі, сондай-ақ, 2023 жылы құрылыс жұмыстарын орындау базасының жоғары болуы. Жыл қорытындысымен аталған көрсеткіштің оң динамикасына өңіріміздегі барлық ірі, орта, кіші мекемелер тапсыратын құрылыс жұмыстары есебінен қол жеткізіледі», — деді спикер.

Сондай-ақ, облыста есепті кезеңде 26 488 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 15 597 немесе 59%-ы тұрақты жұмыс. Жалпы жұмыссыздық деңгейі ағымдағы жылдың 2-ші тоқсан қорытындысымен 4,9%-ды құраған. «2024 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу бойынша нақты шаралар қабылданып, жыл соңына дейін көрсеткіштерді оң динамикаға жеткізу қамтамасыз етілетін болады», — деп түйіндеді облыс әкімі.

Үкімет отырысында биылғы 9 айда Батыс Қазақстан облысында өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы және инвестиция тартуда көрсеткіш төмен екені айтылып, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің есебі тыңдалды.

2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айында облыстың 5 негізгі көрсеткіштері бойынша оң серпін байқалуда.

Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 4,1%-ға, ішкі сауданың нақты көлемі 3,7%-ға, көлік қызметтерінің нақты көлемі 17,5%-ға, ақпарат және байланыс қызметтерінің нақты көлемі 7,4%-ға өсті.

Сонымен қатар есепті кезенде 3 көрсеткіш бойынша төмендеу байқалуда.

«Өнеркәсіптің көлемі 0,1%-ға, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің 5,2%-ға, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2%-ға және негізгі капиталға инвестициялар 2,2%-ға төмендеді», — деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, өндіріс көлемінің төмендеуі келесі себептерге байланысты қалыптасып отыр:

- мұнай өңдеу саласында шикізат тапшылығына байланысты саланың ірі кәспорындарының бірі «Конденсат» АҚ өндіріс көлемінің төмендеуі;

- металлургия саласында тапсырыс жеткіліксіздігіне және Ресей Федерациясына санкцияға байланысты экспорт көлемін азайюына орай «QazExpoPipe» АҚ негізінде өндіріс көлемінің төмендеуі.

- құрылыс индустриясы саласында құрылыс материалдар өндіруші компаниялардың биылғы су тасқынына байланысты толыққанды қызмет етпеуі және тапсырыстар жетіспеушілігіне байланысты.

Аталған мәселелерді шешу бойынша келесі іс шаралар қабылдануда.

«Конденсат» АҚ-ның жаңа инвесторымен жүктемені ұлғайту жөнінде шаралар қабылданып, компания жүктемесінің өсуі байқалуда. Жыл қорытындысы бойынша 200 мың тоннаға дейін өнім шығару немесе 1,7 есеге өсім жоспарлануда.

«Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатында металлургия саласында "QazExpoPipe" ЖШС-нің тапсырыстар көлемін ұлғайту бойынша ірі компаниялар -жер қойнауын пайдаланушылардың қажеттіліктері үшін өнімді жеткізу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деп мәлімдеді Н. Төреғалиев Премьер-Министрге қарата айтқан жауабында.

Құрылыс индустриясы кәсіпорындарын қосымша тапсырыстармен қамтамасыз ету үшін 2024 жылғы тамызда КПО б.в. компаниясымен және оның негізгі мердігер ұйымы «Сичим» ЖШС-мен кездесулер өткізіліп, сала кәсіпорындарының өнімдерін сатып алу мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 437,0 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемінің төмендеуі негізінен Қарашығанақ кеңейту жобасы аясындағы 5-компрессордың іске қосылуына байланысты. Жобаның іске асырылуы 2025 жылы аяқталуымен 4 жылға жоспарланды, бірақ белгіленген мерзімінен 1 жыл бұрын аяқталды. Осы себептен негізгі инвестициялардың көлемі өткен жылы игерілді.

«Сонымен қатар биыл облыста 108 млрд теңгеге 600-ге жуық жұмыс орнын құрумен 21 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі күні 7,1 млрд теңгеге 6 жоба іске қосылды», — деді спикер.

Облыс әкімі баяндағандай, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі өсімдік шаруашылығы өнімі өндірісінің 8,3%-ға төмендеуінен 98,0%-ды құрады. Көрсеткіштердің төмендеу негізгі себептері қолайсыз ауа райы жағдайына байланысты егіс алқаптарының көлемі азайюы және егіс жұмыстарын мерзімінен кейін басталуы, егін жинау мерзімдерінің кейінге шегерілуіне әкелген.

«Бүгінгі күні майлы дақылдарды жинау жалғасуда жыл қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылықтың оң көрсеткіштеріне қол жеткізуі күтілуде. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысымен барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштердің оң динамикасына қол жеткізіеміз», — деп түйіндеді Батыс Қазақстан облысының әкімі. 

Ал, Ақмола облысының әкімдігіне өңдеуші өнеркәсіп, тұрғын үй және инвестициялар бойынша жұмысты жеделдету қажет. Үкімет отырысында аталған өңірдің әкімі Марат Ахметжанов бірқатар мәселелерді айтып берді. 

Оның мәліметінше, жалпы, ағымдағы кезеңде өңір негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Қол жеткізілмеген көрсеткіштер бойынша келесідей шаралар қолданылуда. 

«Өңдеу өнеркәсібін арттыруды, жұмыс істейтін өндірістерде көлемдерді арттыру есебінен жоспарлап отырмыз. Осылайша, лизинг бойынша мемлекеттік қолдау аясында “Қазрост Инжиниринг” кәсіпорнында комбайндар шығару 34%-ға, тракторлар 23%-ға, дестелегіштер өндірісі екі еседен астам артатын болады. Степногорск подшипник зауытында жыл соңына дейін өндірістің өсімін бір жарым есеге арттыру күтілуде», — деді облыс әкімі.

Жыл соңына дейін 352 техника шығаруға қол қойылған мемлекеттік қорғаныс тапсырысының көлемінде, сондай-ақ, «ЭрДжи Процессинг» кәсіпорнын толық қуатына шығару жолымен «КАМАЗ-ИНЖИНИРИНГ» кәсіпорнының көлемі артатын болады. 

Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіппен құрамында уран бар 160 тонна шикізатты қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл көлем өткен жылғы өндіріс нормасын орындау үшін жеткіліксіз, жалпы алғанда ол металлургия өндірісінің және өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштеріне ықпал етеді.

«Инвестициялық көлемдерді жыл соңына дейін 134 жобаны іске асыру есебінен арттыру жоспарлануда. Олардың арасынан ең ірілері, ол – “САРЭКО” электролит марганец өндірісі, “ҚАЗАҚ ФУД МАРКЕТ” жарма өндірісі зауытының құрылысы, “ЦЕЛИНГОРМАШ” металл бұйымдарының өндірісін жаңғырту, “ҚазРост ИНЖИНИРИНГ” дилер орталығының құрылысы бар», — деп атап өтті М. Ахметжанов.

Инвестициялық жобаларды қолдауды «АҚМОЛА ИНВЕСТ» инвестициялық даму орталығы іске асырады. 43 компаниямен кездесулер өткізілді, олардың көбі шетелдің қатысуымен жасалған.

392 млрд теңгеге ықтымақтастық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірқатар келісімдер жасалды. Сонымен қатар локомотив жасау зауытының құрылысына 47 млрд теңге жаңа инвестиция тартылды. 

«Жаңа жобалар бойынша мәселелер пысықталды. Олар: биогаз зауытының құрылысы және азаматтық дрондар өндіру зауыты. Сонымен қатар есептік кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі асыра орындалды. Проблеманы шешу үшін келесі жылы Көкшетау қаласында екі блок-модульді қазандық орнату жоспарланып отыр. Осы шаралар облыс орталығында тұрғын үй құрылысын бұдан әрі жүргізуді және тиісінше көлемін арттыруды қамтамасыз етеді», — деді спикер.

Сондай-ақ жер учаскелеріне инженерлік желілер тартып, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы, облыс әкімдігі облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсарту бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда.

#Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Экономика #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу