Үкіметте азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту шаралары талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту мәселелері талқыланды. Оған орталық және аймақтық мемлекеттік органдардың басшылары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері қатысты.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне 3,3 млн қазақстандық тартылады. Азаматтардың 15 санаты, оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін тиісті жарналар мемлекет есебінен аударылады. Жұмысты үйлестіру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жанында жобалық кеңсе құрылды, аймақтарда штабтар құрылып, шаралардың бірыңғай алгоритмі жасалды. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Әбілқайыр Сқақовтың сөзінше, жүйемен қамтылмағандар жөнінде мәліметтер өңірлерге жолданды.

Алайда кейбір аймақтар әлі де шараларды жүзеге асыруға кіріспеген. 8 өңірде аудандық штабтар құрылмаған, халықпен жұмыс басталмады. Вице-премьер аталған бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

«Тапсырма барлық аймақтарға бірдей берілді. Жұмысты ұйымдастыру үшін облыстарға бір апта мерзім беріледі. МӘМС жүйесінен тыс қалып қойған азаматтардың арасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар да болуы мүмкін. Медициналық қызметке, профилактикалық скринингтерге қолжетімділікті арттыру үшін әрбірінің мәртебесін анықтауымыз керек. Бұл азаматтарымыздың денсаулығына қатысты маңызды мәселе», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

#Денсаулық сақтау #Тамара Дүйсенова #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу