Автомобиль жолдары комитетінде сапасыз құрылыс үшін мердігер ұйымдардың жауапкершілігі туралы айтылды

 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында 2019 жылдан бастап Қазақстанда құрылыс жұмыстарының сапасыз орындалуына уақытылы әрекет етуге мүмкіндік беретін Жол активтері сапасының ұлттық орталығы іске қосылғанын айтты.

С. Бармақовтың айтуынша, автожолдарды салу және жөндеу кезінде мердігер ұйымның зертханасы, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» және тапсырыс беруші жұмыс сапасын бақылайды. 

«Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ашылғанын ерекше атап өткім келеді. Ол 14 облыста және үш қалада бар. Барлық жерде бөлімшелері жұмыс істей бастады. Олар республикалық жолдарды да тексереді, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды да тексере бастады. Тиісінше, жұмыстың қалай істеліп жатқаны, қалай жұмыс істейтіндері туралы ақпарат апта сайын алынады. Біз уақытылы әрекет етеміз. Егер бір жерде жұмыс сапасыз жүргізіліп жатса, біз оны тоқтата аламыз немесе ескертеміз. Біз мұндай мәселелерде нақты жұмыс жасаймыз», — деді Комитет төрағасы.

Бұл ретте С. Бармақов автожол салу жұмыстарын жүргізетін мердігерлік ұйымдардың барлығы сапалы жұмыс жасауға қызығушылық танытатынын айтты. Осылайша олар келісімшарт құнынан 10% көлемінде орындауға банк кепілдемесін ұсынады, ол кепілдік мерзімі біткен соң қайтарылады. 

«Біздің оларға қойған шарттарымыз бойынша, олар жұмысты толық аяқтағаннан кейін кепілдік мерзімі басталады. Мердігердің жол жөндеу жұмыстарының түріне және қаржыландыру көзіне байланысты орындалған жұмысы үшін жауапкершілігінің кепілдік мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін құрайды. Кепілдік мерзімінде жолда қандай да бір ақау пайда болған жағдайда, компания жолды өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді. Егер кенеттен бұл компания банкротқа ұшыраса, онда біз сол банктің кепілдіктерін қайтарып, банктік кепілдік сомасына жолды қалпына келтіреміз», — деді С. Бармақов.

Сондай-ақ, ол жылдан жылға автокөлік жолдарының сапасы жақсарып, көптеген жолдар жөнделіп жатқанын атап өтті. Мәселен, 2018 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіне сәйкес, Қазақстан жолдар сапасы көрсеткіші бойынша 140 елдің ішінде 106 орында болды. 2019 жылы еліміз 13 пунктке орнын жақсарта отырып, 93 орынға тұрақтады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу