Түркияда Қазақстанның ұлттық музейінің «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 12 қыркүйек күні  Түркия Республикасы Анкара қаласында Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 12 қазанға дейін жалғасады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан Қазақстан символы — «Алтын адамды» қоса алғанда барлығы 207 зат қойылды. Анадолы өркениеттер музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған  конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын және осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді. 

Салтанатты жиынға ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің Бас директоры Гокхан Язгы, ТЮРКСОЙ Бас хатшысы Дюсен Касеинов қатысты.

«Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. Қазіргі уақытта елімізде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарамаларының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі және бірегейі өздеріңіз куә болып отырған "Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" халықаралық жобасы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ», — деді А. Мұхамедиұлы. 

Оның айтуынша, Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады.

Сонымен қатар А. Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет министрлігіне, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне, Халықаралық ТЮРКСОЙ ұжымына алғыс білдірді.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.  

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. 

Сақтар (парсы тілінен аударғанда  – «алып ерлер») – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын. Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды. 

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу