Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Қашаған кен орнының бірқатар өндірістік нысандарын аралады

15 қыркүйек 2017, 16:15
Атырау облысы
Фото: PrimeMinister.kz

Бүгін, Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қашаған кен орнының нысандарында мұнайгаз саласындағы өндіріс қуаттылықтарын арттыру бойынша тапсырмаларды орындау барысымен танысты, олардың ішінде D жасанды аралы, «Болашақ» мұнай және газды қайта өңдеу зауыты, сондай-ақ түйіршіктелген күкірт өндіретін зауыт бар.

Бірінші кезекте Бақытжан Сағынтаев кен орнының теңіздегі нысандарын, атап айтқанда D жасанды аралы мен «Болашақ» мұнай және газды қайта өңдеу зауытын ұшып аралап көрді.

Қашаған әлемдегі ірі көмірсутекті нысандардың бірі және Қазақстандағы ең ірі халықаралық инвестициялық жоба. Өндірістік қызметті 2016 жылдың қазан айында бастады, оның ішінде кен орнын әзірлеу инновациялық технологияларды талап ететін бірқатар күрделі міндеттермен ұштастырылды.  

Мұндай жаңашылдықтардың кейбіреулері алғаш рет Қашаған кен орнында пайдаланылды, ол бірқатар технологиялық ілгерілеу мен жаңа технологиялардың негізі болды. Қазіргі уақытта мұнай өндірудің ай сайынғы көлемі мұнда 600–650 мың тоннаны құрайды.

Өз кезегінде «Болашақ» зауыты мұнайды қайта өңдеумен, оны сақтаумен және экспортқа жөнелтумен, газды дайындаумен, сұйылтылған газды отын ретінде алумен, күкірт алумен және оны сақтаумен, қалдық газды тазартумен және әрекеттегі желіге қосылу нүктесіне дейін жеткізумен айналысады. Кәсіпорында 1025 адам жұмыс жасайды.

Бұдан кейін, ҚР Премьер-Министрі «Самал» вахталық ауылы мен түйіршіктелген күкірт шығаратын зауытты аралады.

Қуаттылығы тәулігіне 4500 тонна зауыт ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Кәсіпорында күкірт алу құрылғысы, артқы газдарды тазарту құрылғысы, сұйық күкірт қоймасы, күкірт блоктарын сақтау нысандары бар. Теміржол кешені тәулігіне 7000 тоннаға дейін түйіршіктелген күкіртті сақтауды және жөнелтуді қамтамасыз етеді.  

Айта кетер болсақ, қазіргі уақытта Үкімет экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру және жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуы мен шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар елдің мұнайгаз секторын дамыту бойынша жұмыс жалғасуда, себебі Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ол тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін өзінің стратегиялық мәнін сақтауы тиіс. Бұл саланы одан әрі дамыту кезінде шикізатты кешенді қайта өңдеуді тереңдетуге және өндірістік процестің барлық кезеңдеріне заманауи технологияларды енгізуге баса назар аударылады.