Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев Семейде медициналық көмек сапасымен танысты

10 қазан 2018, 11:36
Шығыс Қазақстан облысы
Фото: primeminister.kz

Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасын аралау кезінде денсаулық сақтау сапасын арттыру бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Аурухананы аралау барысында Бақытжан Сағынтаев медициналық қызметтерді ұсыну сапасымен танысты. Ота жасау бөліміне, сондай-ақ ауруларды қабылдайтын бөлімге барды, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Шорановтың айтуынша, мұнда жаңа Triaqe жүйесі енгізілген. Бұл жаңашылдық медициналық көмек көрсету мерзімдерін жылдамдатуға бағытталған. Ауруларды қабылдау бөлімінде көпдеңгейлі жүйе енгізілген, яғни оның түсіне байланысты дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер пациенттердің ауруларының асқыну дәрежесін көре алады. Бұл бірінші кезекте жедел көмекті қажет ететін пациенттерге қажетті медициналық көмекті көрсетуге мүмкінік береді. Ауруханада сонымен қатар заманауи медициналық жабдықтар орнатылған. Биылғы 8 айдың ішінде ғана 9 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетілген.

Triage-жүйе — пациенттерді бірінші кезектегі және бір реттік медициналық көмектерге деген мұқтаждығына орай топтарға бөлу. Пациенттер мұнда жүгіну түрі мен жай-күйінің ауыр-жеңілдігіне қарай үш жікке бөлінеді: шұғыл жедел көмек көрсетілетіндерден ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылатындарға дейін. Бұл денсаулығы күрт күрделі жағдайларға ұшыраған пациенттерге бірден шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, яғни бірден реанимациялық ем шараларын қолға алуға, жүрек дефибрилляциясын жасауға т.б. болады. Емделушілерді бұлай жіктеу нысандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды сақтау және түрлі жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу үшін аса маңызды.

Премьер-Министрге мұнда өңірде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және 2017–2019 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың кешенді жоспарының іске асырылуы туралы баяндады. Атап айтқанда, облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыру, саланы реттеусіздендіру, МЖӘ және жекеменшік қызмет көрсету секторын дамыту, сонымен қатар, медициналық қызмет көрсету сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды компоненті ретінде айқындалған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында қойылған міндеттерді орындау жоспары туралы баяндалды.

Қазір облыстағы мемлекеттік медициналық мекемелерде 4 мыңнан астам дәрігер мен 11,5 мыңға жуық орта медициналық қызметкер бар. Өңірді білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында медициналық жоғары оқу орындарының түлектеріне әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, ауылдық жерге келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау білдіріледі. Мысалы, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы бойынша 40 маманға бір реттік көтерме ақы және 12 дәрігерге тұрғын үй алу үшін жеңілдікпен несие берілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында дәрігерлер Өскеменде баспанамен қамтылған.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Шоранов пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету үшін облыста Роботтандырылған хирургия орталығы, Трансплантология орталығы, Инсульт орталығы жұмыс істейтінін айтты. Бұдан өзге, нейрохирургия және гематология саласындағы жобаларды іске асыру көзделген. Жалпы, әкімдіктің мәліметтері бойынша, 2019 жылдың соңына қарай басымдықты бағыттар бойынша облыстағы барлық медициналық ұйымдар әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық жабдықтармен жарақталатын болады.

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру аясында 100% мемлекеттік және 97,4% дербес медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. Қызметкерлердің 100% Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен жұмыс істеуге оқытылған. Жаңа мобильдік қосымшаларды пациенттерге түсіндіру және қолдану бойынша көмек көрсету үшін медициналық ұйымдардың тіркеу бөлімдерінде цифрлық сауаттылық посттары құрылған. Жыл соңына дейін қалалық медициналық ұйымдардың 30%-ын және ауылдық медициналық ұйымдардың 15%-ын мобильдік қосымшалармен қамту жоспарланған. Ал 1 шілдеден бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу іске асырылады.

Қазіргі кезде ШҚО денсаулық сақтау саласында МЖӘ қағидаты бойынша алты жоба іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, жекеменшік медицинаны дамытуға көбірек көңіл бөлінеді. Мәселен, облыстағы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін көрсететін медициналық ұйымдардың 47%-ы жекеменшік болып табылады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз