Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қытайға ресми сапар: Б. Сағынтаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен үкіметаралық келіссөздер жүргізіп, инновациялық нысандарға барды

22 қараша 2018, 20:00
Фото: primeminister.kz

Пекинде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өткізді, сондай-ақ ірі қытайлық компаниялардың басшыларымен және сараптамалық құрылымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Шэньчжэнь қаласында Б. Сағынтаев әлемдік инновациялық көшбасшылар – SF Express, Tencent Holding және Huawei Technologies корпорацияларының даму тәжірибесімен танысты.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен үкіметаралық келіссөздер барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланды. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инфрақұрылымдық, индустриалды-инновациялық даму, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын одан әрі нығайту және тереңдету мәселелері қозғалды, сондай-ақ инвестициялар, цифрландыру, өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, энергетика және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің перспективалары аталып өтті. Бұдан өзге, трансқұрлықтық контейнерлік тасымалдардың көлемін, әсіресе, Ұлы Жібек жолы бағыты бойынша ұлғайту мүмкіндігіне көңіл бөлінді.

Бақытжан Сағынтаев қытай компанияларын жаңа биржалық инфрақұрылым (AIX) жұмыс істей бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығымен белсене серіктестік орнатуға және жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды.

Бұдан өзге, Пекинде ҚР Премьер-Министрі Қазақстан экономикасын технологиялық қайта жарақтандыру, құрылыс, ауыл шаруашылығы және металлургия салаларын дамыту төңірегінде бірлескен жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша ірі инновациялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Ferro Mining HK CAG бас директоры Чэнь Лэймен кездесуде химия-металлургия кешені кәсіпорындарында инновациялық технологияларды енгізу саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды. Гонконгта құрылған жобалық компания қаржы саласына және жеңіл металдар саласында мамандандырылған.

Youngxiang Group вице-президенті Тан Сяояомен әңгімелесу барысында металлургиялық өнеркәсіп саласында бірлескен жобалар жасау мәселелері қаралды. Youngxiang Group тау-кен металлургия саласына, инфрақұрылымға және құрылысқа инвестиция салумен айналысады.

Lovol Heavy Industry Cо. компаниясының төрағасы, бас директоры Ван Гуйминмен өткен кездесу әлемдік стандарттарға сай келетін ауыл шаруашылығы техникаларын шығару саласында ынтымақтастықты дамыту мәселесіне арналды. Бүгінде Lovol Heavy Industry Cо. Қытайдың машина жасайтын ірі компанияларының бірі, жыл сайын 70 мың трактор мен 50 мың комбайн шығарады.

АӨК-ке арналған машина жасау саласындағы жобалар Бақытжан Сағынтаевтың YTO Group Corporation басқарма төрағасы Чжао Яньшуймен кездесуінде талқыланды.

CNOOD Asia Limited басқарма төрағасы Чи Юнхаймен екіжақты кездесу аясында жеңіл және азық-түлік өнеркәсібіндегі ынтымақтастық келешегі қаралды. Инжинирингтік компания мұнай-газ, су, тау-кен өндірісі, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым, аргоөнеркәсіп кешендері салаларындағы жобаларға конструкция шығарумен айналысады.

Nuchtech компаниясының президенті Чэнь Чжицянмен кездесудің күн тәртібінде жаңа технологиялық жабдықтар шығару саласында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Мұнда Бақытжан Сағынтаев шығарылатын өнімдердің түрлерімен танысты: компания қауіпсіздік техникасын әзірлеп, шығарумен айналысады, сонымен қатар ол — кеден және басқа да ведомстволарға инспекциялық-тексеру кешендерінің негізгі жеткізушісі.

Пекинде Б. Сағынтаев Қытайдың сараптамалық құрылымдарының өкілдерімен, атап айтқанда, Пекин университетінің Құрылымдық экономикалық зерттеулер институтының (Линь Ифу), Стратегиялық даму ғылыми-зерттеу институтының (Лю Юаньчунь), ҚХР Коммерция министрлігі жанындағы Халықаралық сауда-саттық және экономикалық ынтымақтастық академиясының (Ли Хуацинь), ҚХР Даму және реформалар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті жанындағы Экономика институтының (Лю Сюйянь), Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Әлемдік экономика және саясат институтының (Яо Чжичжун), ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелерін зерттеу орталығының (Лун Гоцян) басшылығымен кездесулер өткізді. Әлемдік экономиканы дамытудың өзекті мәселелері, жаһандық және аймақтық экономиканы одан әрі дамытудың болжамды сценарийлері, сондай-ақ Қазақстанның жаңа құрылымдық экономикасының перспективалары қаралды.

Пекинге ресми сапар барысында үкіметаралық келісімдерге және индустрияландыру және инвестициялар, инновациялар және цифрландыру, ауыл шаруашылығы және энергетика саласындағы Қазақстан – Қытай ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Қорытынды құжаттар:

  • ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім;

  • ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға арпаның экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптар бойынша хаттама;

  • ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға жүгерінің экспорттық партияларына қойылатын фитосанитарлық талаптар бойынша хаттама;

  • Қарағанды облысының әкімдігі, «Kazakh Invest» ҰК және Horgos Xingbang арасындағы Қарағанды облысында электролиздік марганец өндіру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

  • «Конденсат» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК және CITIC Construction арасындағы синтетикалық парафин өндіру бойынша жобаны іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандум;

  • «TENIR Logistic» ЖШС және Youbang Innovative Investment Limited арасындағы Қазақстанда Тымлай кен орны базасында тау-кен-химия металлургия кешенін құру жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісім;

  • «Жел Электрик» ЖШС және Universal Energy Ltd. арасындағы Ақмола облысында жел электр станциясын салу бойынша жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісім;

  • «Павлодар» ӘКК» АҚ және CNOOD Asia Limited арасындағы қант қызылшасын өңдеу зауытының құрылысы бойынша жобаны іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандум;

  • Қарағанды облысының әкімдігі, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және Xiamen Tungsten арасындағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғары Қайрақты» вольфрам кен орындарын дамыту бойынша жобаны іске асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

  • Қарағанды облысының әкімдігі, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ және Xiamen Tungsten арасындағы аммоний паравольфраматын өндіру зауытының құрылысы жобасы бойынша мәміленің негізгі шарттары туралы келісім.

Қазақстан Премьер-Министрі ҚХР-ге ресми сапары аясында өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша Қытайдың екінші қаласы Шэньчжэньге барды. Шэньчжэнь жоғары деңгейдегі іргелі зерттеулермен айналысатын Қытай қалаларының бестігіне кіретінін айтып өткен жөн. Әлемнің 500 жетекші корпорацияларының 230-дан астамының осында офистері мен бөлімшелері бар.

Шэньчжэнь қаласында Б. Сағынтаев әлемдегі аса ірі технологиялық компанияларға барды. Олардың ішінде SF Holding, Tencent Holding және Huawei Technologies компаниялары бар.

Гуандун провинциясында халықаралық жедел жеткізу саласындағы көшбасшылардың бірі SF Express үлестіру орталығының аумағында Б. Сағынтаевқа логистика, қоймалау және тауарларды сұрыптау, сондай-ақ электронды коммерцияны дамыту саласындағы алдыңғы қатарлы технологиялар таныстырылды. Бүгінгі таңда компания — Қытайдағы China Post-тан кейінгі, үлкендігі жағынан екінші курьер, ішкі және халықаралық жедел жеткізуді қамтамасыз етеді. Қазақстан қытайлық компанияның тәжірибесін зерделеуге және ынтымақтастықты, оның ішінде Қытайдан Орталық Азия елдеріне тауарлар жеткізу мерзімдерін қысқарту және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының аумағындағы өзара іс-қимыл үшін Қазақстанның транзиттік әлеуетін пайдалану аясында ынтымақтастықты ретке келтіруге мүдделі.

Әлемдегі ірі инвестициялық және венчурлық компаниялардың бірі Tencent Holding Ltd. штаб-пәтерін аралау кезінде Б. Сағынтаев Tencent Open Platform стартаптарға арналған платформаны дамыту тәжірибесімен, сонымен қатар экономиканың түрлі салаларына арналған жиынтықты технологиялар мен зияткерлік шешімдердің әзірлемелерімен танысты. Компанияның табысты тәжірибесі Astana Hub халықаралық технопаркі базасында стартап-экожүйені жетілдіру және инновациялық қызметті дамыту тұрғысынан Қазақстанның қызығушылығын тудырады. Білім мен білім беру технологияларының трансферті ерекше қызығушылық тудырады: бұл — жасанды зерде жүйелерін, адамдарды тану алгоритмін, медициналық диагностиканы және т.б әзірлеу бойынша жобаларды жүргізудің жаңа білімдері мен дағдыларына қазақстандық менторлар мен сарапшылардың тағылымдамасын және оқытылуын ұйымдастыру. Мәселен, Tencent Holding Қытайдағы ең ауқымды және әлемдегі қолданушылары жағынан Facebook пен YouTube-тан кейін үшінші орындағы Qzone әлеуметтік желісіне ие. Қазіргі таңда ең танымал өнім — 2011 жылы іске қосылған, 1 млрд 80 млн пайдаланушысы бар WeChat бағдарламасы.

Инфокоммуникациялық шешімдерді әлемдегі жетекші жеткізуші Huawei Technologies копорациясының алаңында Қазақстан Премьер-Министрі қытай компаниясының өз технологиялары мен ноу-хауларды әзірлеу саласындағы қол жеткізген жетістіктерімен танысты. Қазіргі таңда Huawei корпорациясының 140-тан астам елде 15 өңірлік өкілдігі, 36 бірлескен инновациялық орталығы және 15 зерттеу орталығы бар. Корпорацияның телекоммуникациялық инфрақұрылымға арналған жабдықтарды, сондай-ақ жиынтықты шешімдер мен үлкен деректер жүйесінің инновациялық әзірлемелерін әзірлеудегі тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды. Бүгінде Huawei компаниясының қатысуымен Қазақстанда жоғары технологиялық жобалар ілгерілеп жатыр, олардың қатарында Astana Hub-та зертхананың ашылуын атап өтуге болады. Өзара іс-қимыл перспективалары АТ-университет жұмысының іске қосылуымен кеңейе түспек, онда зерттеу жобалары мен инновациялар саласындағы қытай корпорациясының тәжірибесі мен дағдылары аса пайдалы болмақ.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз