Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жол» аясында Қарағанды облысының автожолдарын реконструкциялау барысымен танысты

28 шілде 2017, 15:35
Қарағанды облысы

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында «Қарағанды - Теміртау» автокөлік жолы аумағында «Нұрлы жол» аясында жүргілізіп жатқан «Орталық - Оңтүстік» көлік дәлізінің реконструкциялау жұмысымен танысты.  

«Қарағанды - Теміртау» автожолы учаскесінде бетон жабынын қалау және арматуралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды бөлімшесінің директоры Қанат Шаймин автокөлік жолын жөндеу барысы мен жоспардағы аяқталу мерзімі туралы баяндады.

2015 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары басталған «Орталық - Оңтүстік» көлік дәлізі ел экономикасы үшін үлкен маңызға ие. Бұл дәліз көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға ықпал ететін болады және Қазақстанға әлемдік көлік жолдарына қосылуға әрі транзиттік халықаралық тасымалдардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, өңіраралық байланыс күшейе түседі, тасымалдардың алшақтығы мен автокөліктердің жолда өткізетін уақыттары қысқарады. Сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігі артады және автожолдарға іргелес аумақтардың экологиялық жағдайы жақсарады.

Реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жол бойы сервистерінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сондай-ақ, кемпингтер, жанармай құю орындарын және де жол бойындағы республикалық маңызға ие өзге де нысандарды орналастыруға заманауи талаптар қойылады.

Анықтама:

Республикалық маңызға ие «Қарағанды – Теміртау» автокөлік жолының учаскесіндегі «Орталық - Оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау 3 бөлікке бөлінген: 1) 2 көлік жол айырығының құрылысы (№1 «Теміртау айналымы» және №2 «Қарағанды тас жолы») және теміржол өтпесі, 2) 2 көпірі мен 13 су өткізгіш құбыры бар негізгі жолды жөндеу, 3) 2 көлік жол айырығының құрылысы.