Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды

28 шілде 2017, 09:40
Қарағанды облысы

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысымен танысады.

Бұл өңірде Бақытжан Сағынтаев бірқатар өнеркәсіптік және өндірістік нысандарды аралайды, олардың ішінде металлургиялық кремний шығаратын «Tau-Ken Temir» ЖШС, сүтті қайта өңдейтін және сүт өнімдерін өндіретін «Нәтиже» Сүт фабрикасы» ЖШС, сондай-ақ нан-тоқаш өнімдерін өндіретін «Сарыарқа нан» ЖШС кәсіпорындары бар.

Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында іске асырылып жатқан Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде республикалық кеңес, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша кездесу, сондай-ақ моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізеді деп күтілуде.

Бұдан өзге, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қарағанды-Теміртау» автомобиль жолының учаскесіндегі «Орталық-Оңтүстік» көлік дәлізін жөндеу барысымен танысады, сондай-ақ ЖЭЦ-2 және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның басқа да өндірістік нысандарын аралайды.

Анықтама:

Қарағанды облысының ішкі өңірлік өнімі құрылымында өнеркәсіп үлесі - 53,2%, ауыл шаруашылығы – 1,6%, құрылыс – 1,6%, сауда – 10,3%, көлік – 5,2% құрайды.

Облыстың ірі кәсіпорындары: «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Евразиан фудс» АҚ, «Тау-кен Темір» ЖШС, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Теміртау электр-металлургия комбинаты» АҚ, «Өркен» ЖШС, «Ер-Тай» ЖШС, «Апрель Құлагер» ЖШС.

ИИДМБ және Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы 376 жаңа жұмыс орнын құрумен құны 5,6 млрд теңге болатын 5 жобаны іске асыру жоспарланған. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша инвестиция көлемі 3,4 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылған.