ҰБТ-ға дайындық аяқталды: 20-30 маусым аралығында тестілеуге 117 мыңнан астам түлек қатысады

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы туралы Үкімет отырысында білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов баяндама жасады.

ҚР БҒМ мәліметтерінше, 2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізілмек. 2004 жылдан бері тестілеуге 1 млн 775 мың адам қатысқан.

Білім және ғылым министрі хабарлағандай, биыл да ҰБТ форматы өзгерген жоқ.

«Биылғы 20-30 маусым аралығында ҰБТ 169 пунктте өткізіледі. ҰБТ-ға жалпы саны 117 242 адам қатысады, оның ішінде биылғы мектеп бітірушілер 96 380 немесе түлектердің жалпы санынан 71,6%, 20 862 – өткен жылдардағы мектептер мен колледждердің түлектері», — деді А. Аймағамбетов.

Білім және ғылым министрі ҰБТ өткізу технологиясының сақталуын қадағалау үшін өңірлерге ҚР БҒМ өкілдері жіберілгенін хабарлады. Тестілеу материалдары өңірлерге құпиялылығын сақтай отырып жеткізілді. Республикалық апелляциялық комиссия және ҰБТ өткізілетін әрбір пунктте апелляциялық комиссия құрылды. 

«Барлық аудиториялар ұялы байланысты бәсеңдететін құрылғылармен және бейнекамералармен 100% қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізілетін пункттерде бейнетрансляция жасайтын мониторлар орнатылды. Жылдам ақпарат алмасу үшін Білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс істейді», — деді А. Аймағамбетов.

Сонымен қатар, білім және ғылым министрі биыл ҰБТ жетілдіруге бағытталған бірқатар шаралар қабылданғанын айтты.

Бірінші. Биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқуға түскісі келетіндер үшін жылына 4 рет өткізіледі. Бұл мектеп оқушыларының психологиялық қысымын төмендетіп, мауысмда өтетін ҰБТ-ға әзірленулеріне мүмкіндік берді.

Екінші. Өз бейіні бойынша ақылы оқуға түсетін колледж түлектері ҰБТ тапсырудан босатылады.

Үшінші. халықаралық сертификаттары бар және шет тілін білетіні расталған тұлғалар «Шет тілі» пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға автоматты түрде ең жоғарғы балл – 40 балл беріледі. ҰБТ-ға қатысатын балалардың ішінде олардың саны – 708.

Төртінші. Әрбір түлекке ҰБТ сертификатымен қатар, ақпараттық парақ беріледі. Онда білім беру бағдарламалары тобының тізімі, биыл бөлінген гранттар саны, өткен жылғы конкурс нәтижелері көрсетіледі. Бұл түлекке өзінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына мүмкіндік береді.

Бесінші. Биыл білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. ЖОО-ға алынған кезде оқуға түсуші одан әрі оқуы үшін нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. 

Жалпы, А. Аймағамбетовтың айтуынша, ҰБТ өткізуге барлық дайындық жұмыстары аяқталған. Министрлік ЖАО-мен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тесітілеу өткізу тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу