Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Биыл 3000 шағын несие қаржыландырылады — ҚР ҰЭМ

10 шілде 2018, 17:51
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында шағын несиелер беру мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.  

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырудың қазіргі жағдайын қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға, әсіресе ауылдық жерлерде өз ісін ашуға және оны жүргізуге қажетті жағдайларды жасау мәселесіне назар аударды.

Бүгінгі таңда жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен бизнеске салалық шектеулерсіз бизнес жобаларды іске асыру үшін жеңілдікті шағын несиелер алуға мүмкіндік берілген. Бақытжан Сағынтаев шағын несиелер беру үшін бөлінген қаражатты игеру мәселесін бақылауға алу қажеттігін атап өтті.

«14 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды шағын несиелермен қамтамасыз ету жоспарланған, сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасы аясында шағын несие беруді қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайтылды. Жарты жыл аяқталды, біз осы бағытты дамытуға кедергі келтіретін барлық себептерді жоюымыз керек», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Бағдарлама шеңберінде қалаларда шағын несие беру алғаш рет 2017 жылы жүзеге асырылғанын атап өтті. Шағын несие беру схемасында жеті екінші деңгейлі банк пен екі шағын қаржы ұйымы тартылған.

«Қалалардағы шағын несиелеудің жалпы портфелі өткен жылғы қаражатты ескере отырып 24,3 млрд теңгені құрады. Одан 2017 жылғы қаражат – 11,9 млрд теңге және 2018 жылғы қаражат – 12,4 млрд теңге, оның ішінде 6,1 млрд теңге Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында қосымша бөлінген», — деді Т. Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, 2017 жылғы қаражат бойынша 1006 жоба 11,1 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл Бағдарлама қатысушыларының 7,6 млрд теңгеге өнім шығаруына, бюджетке 299 млн теңге сомасында салық төлеуіне мүмкіндік берді.

«Қазіргі уақытта 2018 жылғы қаражат есебінен 2,6 млрд теңге сомасына 226 жоба мақұлданды және қаржыландырылды, 3,4 млрд теңге сомасында жобалар екінші деңгейдегі банктердің қарауында», — деп мәлімдеген министр Т. Сүлейменов биыл 3000 жобаны қаржыландыру бойынша міндет қойылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, жеңілдетілген шарттар бойынша шағын несиелер ұсынумен қатар, кепілдікпен қамсыздандырудың жеткіліксіз болған жағдайында мемлекет тарапынан әлеуетті кәсіпкерлер үшін кепілдікті қамтамасыз ету мүмкіндігі бар.

«Қазіргі таңда 2 млрд теңге сомасына 355 кепілдік шарты, соның ішінде 2017 жылы 967 млн теңге сомасына 172 шарт, 2018 жылы 1,03 млрд теңге сомасына 183 шарт жасалды. Іс жүзінде әрбір үшінші қарызға кепілдік беріледі», — деді ол.

Бұдан өзге, халыққа қаржыны шұғыл жеткізу мақсатында, өткен жылдың желтоқсанында екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімін 6 айға дейін (ағымдағы 12 жылдан) қысқарту туралы шаралар қабылданды, жылжымайтын тұрғын үй мүлкін және жер телімдерін нысаналы мақсатын кейінгі міндетті түрде өзгертумен алу мүмкіндігі ұсынылған.

Т. Сүлейменовтың мәлімдеуінше, биыл ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлердің шағын жобаларына қолдау көрсету мақсатында Бағдарламаның қарыз алушылары қатарынан бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер шектелді.

Евниев

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында ҚР АШМ ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда Бағдарламаның қатысушыларына, бизнес жобаларды іске асырушы немесе іске асыруды жоспарлайтындарға шағын несие беру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатқанын айтты.

«Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен 44,7 млрд теңге мөлшерінде бюджеттік несие қарастырылған, оның ішінде «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» төртінші бастамасын іске асыру аясында 13,9 млрд теңге көлемінде қарастырылған. Көзделген қаражаттан 11000 шағын беру жоспарланып отыр», — деді бірінші вице-министр А. Евниев.

2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында 30 000 өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды және жұмыссыздарды оқыту жоспарланған, оның кем дегенде 6 000 қатысушы бизнесін кеңейту керек немесе ашу керек.

Бибигуль Асылова

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші бағыты бойынша БҒМ техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі жұмысты үйлестіретінін айтты.

«Бағдарламаға 20,5 мың білім алушы қамтылған 320 колледж қатысуда, олардың 15,2 мыңы 9 сынып базасында, ал 5,3 мың адам — 11 сынып базасында. Колледжге қабылданған студенттердің шамамен 60% халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан азаматтар», — деді Б. Асылова.

Бұдан өзге, еліміздің бес өңірінде (Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында) шалғайдағы елді мекендердің азаматтарын оқыту үшін 10 мобильді оқу орталығы жұмыс істейді.

«2018 жылдың сәуір айынан бастап 337 адам мобилді орталықтар негізінде оқуға кірісті, 143 адам оқытылды, оның ішінде 93 адам жұмысқа орналасты», — деді білім вице-министрі.

Сонымен қатар, Бағдарламаны іске асыра бастаған кезден бастап кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс өңірлердің қажеттіліктеріне сәйкес қайта құрылды. Оқу процесіне 246 модульдік оқу бағдарламаларын енгізу арқылы мамандарды даярлау мазмұны өзгертілді.

«Талдау көрсеткендей, Бағдарлама бойынша кадрларды даярлау ағымдағы үдеріспен салыстырғанда сервис саласы үшін 17,6%-ға, ауыл шаруашылығында – 10,2%-ға, көлік саласында – 13,2%, құрылыста – 5,5%, отын-энергетика кешенінде – 3,9%, АКТ – 3%, базалық индустрияда – 4,8%, туризм саласында – 1%, саудада – 0,6% өсім көрсетті. Олардың ерекшелігі — тәжірибеге бағдарлау, жұмыс берушілердің оқу бағдарламалары мен жоспарларын әзірлеуге белсенді түрде қатысуы болып табылады. Осылайша, модульдік бағдарламалар жұмыс біліктіліктерін алу немесе жұмыс біліктіліктерін алумен еңбек нарығына шығу арқылы деңгейлік интеграцияны, «орта буын маманы» біліктілігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда колледждердің 100%-ы аталған білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз етілген», — деді вице-министр.

Аблай Мырзахметов

Аталған тақырып бойынша талқылауларды қорытындылау кезінде «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов екі айға жуық уақыт ішінде шамамен 4,5 мың адам 2017–2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді оқыту жүйесі аясында білім алып жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда кәсіпорындар жанынан құрылған 118 оқу орталығы бұл процеске қатысып, халықты жаңа мамандықтарға оқытуда. Қазірдің өзінде 1089 адам оқып, оның 372-сі жұмысқа орналастырылды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз