Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Е. Досаев ел өңірлеріндегі жобалық кеңселердің жұмысындағы түйіткілді мәселелерді атады

11 қыркүйек 2018, 11:46
Астана
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін соңғы сегіз айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланған Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев Үкіметті жобалық басқару жүйесі аясында әкімдіктерге жұмысты күшейту керектігін айтты. 

«Екі ай ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жобалық кеңсе бойынша біраз жұмыс атқардық. Инвестицияның өсімнің аралық нәтижесі ешкімді жаңылыстырмауы керек. Жыл бойында негізгі капиталдың инвестициялық өсімінің азайғанын байқаймыз, алайда отын-энергетикалық кешен инвестициясының көлемі азайған жоқ», — деді Е. Досаев.

Премьер-Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстарындағы жалпы құны $530 млн болатын 14 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарының кешігуіне мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы үйлестіру жұмыстарының әлсіздігі себеп болған. Бұл — өндеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен энергетика саласындағы жобалар. Енді ай соңына дейін жаңа кесте жасалады. Жыл соңына дейін белгіленген мақсатқа жету үшін бар күшті жұмылдыру керек.  

«Министрліктер мен әкімдердің үйлеспеген жұмысы Алматы, Ақмола, Атырау, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ, Алматы мен Шымкент қалаларындағы жалпы құны $83 млн болатын 11 жобаның пайдалануға беру мерзімін кешіктірді. Әсіресе, бұл мәселе өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен сауда саласында байқалады», — деді Е. Досаев. Сондай-ақ, ол жаңа шетелдік инвесторлардың қазақстандық нарыққа сол бойы келмегенін де тілге тиек етті.

Отандық индустриаландырудың ауқымды қаржыландыруына қарамастан, былтыр өңдеу өнеркәсібі өсімінің тұрақты көрсеткіштері төмендеді.

«Біз кәсіпорындарды жаңғырту мен техникалық қайта жабдықтауды ынталандыру бойынша, технологиялар мен білім беру трансферттерін дамыту, жаһандық өндірістік тізбекке бірігу, өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қосылған құнын ұлғайту бойынша жүйелі және шешуші ұсыныстарды әлі алған жоқпыз. Мұнда мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан айқын кемшілік бар», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Е. Досаев.

Назар аударатын мәселелердің қатарында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесі де бар. Бұл азық-түлік өнімдері мен сусындар өндірісі. Азық-түлік өнеркәсібінің өңдеу саласының кәсіпорындарын басымдықты экспорттық нарықтар мен АӨК тауарлары тізіліміне қосу бойынша әкімдіктермен өзара іс-қимылды күшейту қажет.

«Халыққа жоғары сапалы қызмет көрсету мәселелері әлі күнге проблемалық болып қалып отыр. Әкімдіктер көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту және денсаулық сақтау мен білім беру салаларында үнемшілдік бойынша шараларды жеткіліксіз қабылдап жатыр», — деді Е. Досаев.

Білім беруде барлық қажетті заңнамалық база қалыптастырылған. Дегенмен, осыған дейін жарияланған көрсеткіштерден артта қалушылық бар. Мәселен, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көрсеткіші бойынша 10 өңірде бәсеңдеу орын алған (Астана, ШҚО, БҚО, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстары).

Әкімдіктер сауда саласында сауда алаңдарын жаңғырту жұмыстарына жеткілікті қызығушылық танытып отырған жоқ. Мәселен, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында аталған мәселе бойынша жұмыс елеулі күш-жігерді және нарықтар мен базарлардың иелерімен егжей-тегжейлі жұмыс жасауды талап етеді. 2020 жылы барлық базалар жаңа форматқа шығуы қажет.

«Біз әзірге жақсы прогресс көріп отырған жоқпыз, қалған үш айда бұл жағдайды ретке келтіресіздер деген сенімдеміз. Өңірлерде ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің жобалық кеңселеріне оперативті жұмыс жасау туралы талап қою керек. Алдағы екі аптада жобалық кеңселердің қызметіне қатысты мәселелерді қарастырамыз. Қазан айының басында Премьер-Министрге атқарылған жұмыстар туралы баяндалады», — деп түйіндеді Е. Досаев.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз