Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Асқар Мамин экономиканы дамыту қарқынын арттырудағы әкімдіктердің жеткіліксіз жұмыстарын атап көрсетті

11 қыркүйек 2018, 11:07
Астана
Фото, бейне: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылдың сегіз айындағы еліміздің экономикалық көрсеткіштерінің төмендегенін айтты.

Бұған дейін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экономикалық даму әлемдік нарықтардың құбылмалдылығы мен жоғары сын-тегеурін жағдайында өтіп жатқанын хабарлаған еді.

«Есепті кезеңде ЖІӨ 3,8% болды. ЖІӨ өсуін 4%-ға жеткізу мақсатымызға жету үшін жыл соңына дейін әр ай сайынғы өсімді 4,2%-дан түсірмеуіміз керек», — деді Т. Сүлейменов.

Асқар Маминнің айтуынша, біраз аймақтың экономикалық көрсеткіші төмендеген.

«Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер төмендеп отыр, экономикалық индикаторлар тамыз айында өзгерген. Егер бір айдың ғана көрсеткішін алатын болсақ, тамыз айында алты облыста: Павлодар облысында — 90,8%, Жамбыл облысында — 92,1%, Алматы облысында – 92,5%, Батыс Қазақстан облысында – 92,1%, Солтүстік Қазақстан облысында – 91% және Қызылорда облысында 88,6%-ға төмендеген», — деді А. Мамин.

Оның айтуынша, тамыз айының қорытындысы бойынша өндіріс индикаторының 4 пайыздық өсіміне тек бес облыс қана қол жеткізе алды.

«Бұл тізімде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы бар. Ал, соңғы сегіз айдың ішінде мұндай көрсеткішке Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облысы ғана жете алған», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Сөз соңында А. Мамин Мемлекет басшысының экономика дамуының қарқынын 4%-дан түсірмеу тапсырмасын орындау үшін жыл соңына дейін белсенді жұмыс істеп, әрі бұл мәселе қатаң бақылауда болатынын ескертті.

Жиын барысында инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек те сегіз айдың қорытындысы бойынша есеп берді. Өнеркәсіп өндірісі 104,7%-ды құраған, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі — 104,9%, өңдеу өнеркәсібі 104,2 пайыздық көрсеткішті межелеген. Өнеркәсіптік өнім көлемі еліміздің 13 өңірінде жақсы қарқынмен өсіп келеді. Ал, төрт облыста керісінше, өсім төмен түскен. Қызылорда облысында — 6,1% (93,9%), Түркістан облысында — 3,4% (96,6%), Батыс Қазақстан облысында 2,8% болса (97,2%), Солтүстік Қазақстан облысында 0,9%-ды (99,1%) көрсетіп отыр. Министрдің айтуынша, кен өндіру саласында темір кенін өндіру көлемі 7,3%-ға өскен, ал жоспар 105,7% болған.

«Түсті метал кенін өндіру көлемі жоспар бойынша 105% болуы тиіс. Нақты орындалғаны — 103%. Жоспарланған межеге толық жете алмауымызға полиметалл кендерінің 2%-ға, Павлодар облысы Бозшакөл Тау-кен байыту комбинатындағы мыс кендерінің, Ақтөбе облысындағы мыс-мырыш кендерінің 2%-ға, Ақмола облысындағы құрамында алтыны бар кендердің 6%-ға қысқаруы себеп болып отыр», — деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар, биыл іске қосылған жобаларда өндіру көлемінің өсімі байқалып оытр. 

Ал, өңдеу өнеркәсібінде жылдық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізіліп, бірқатар салаларда өсім байқалуда. Атап айтқанда, машина жасау саласында — 13,8%, химия өнеркәсібінде — 9,3%-ға, қара металлургияда — 4,8%, жиһаз өндіруде 5,1% өсім бар.

«Металлургияда жоспарланған өндіріс көлемі 104,7% болатын. Түсті металлургиядағы жоспардың орындалмауынан өсім тек 4,1%-ды құрады. Түсті металлургияда өндіріс көлемі жоспар бойынша 104,7% болса, оның 103,5%-ы орындалды. Бұған Қарағанды облысындағы «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-де шығатын тазартылған мыс, мыс орамалары мен тазартылған күмістің және Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазцинк» ЖШС-дегі күміс өндіру көлемінің 9%-ға төмендеуі себеп болды», — деді Инвестициялар және даму министрі.

Сонымен қатар, фармацевтика саласының өндірістік көлемі 2,5%-ға, ал құрылыс материалдарын өндіру 1,5% төмендеді. 

Жеңіл өнеркәсібінде нақты көлем индексі 101,6%-ды құрады, жоспар – 103% болған. Республика өндірісі көлемінің 50 пайызын құрайтын Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстары мен Алматы қаласында жеңіл өнеркәсіп деңгейі азайған.

Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 100,8%-ды құрады. Жоспар - 103,6%. Екі өңірде көрсеткіш төмендеген. Астана қаласында (-21,7%) және Павлодар облысында (-3,6%). Бұл өңірлер жылдық жоспарды орындаулары үшін құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын күшейтулері қажет.

Тұрғын үй құрылысы бойынша инвестициялар 701,6 млрд теңгені құрады. Ол өткен жылғы деңгейден 31,2%-ға жоғары. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 111,8% тең. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспарының 64%-ы орындалды (жоспар 12,1 млн м2). Жалпы республика бойынша 67 055 баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде 26 665 жеке үй бар. Тұрғын үйлерді тапсыру көлемінің ұлғайуы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 14 өңірінде сақталуда.

Өз кезегінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев сегіз ай бойынша отын-энергетика саласы оң өсім динамикасын көрсетіп отырғанын айтты. Жыл басынан бері 60 млн тоннаға жуық мұнай және конденсат өндірілді, яғни 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға жоғары және сегіз айдың жоспарының 3,7% өсімін көрсетті. Мұнай экспортының көлемі 48,4 млн тоннаға жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға артты. Ал, мұнай өңдеу көлемі 10,43 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға жоғары және жоспардан 0,1% жоғары өсім көрсетіп отыр.

Үш мұнай өңдеу зауытында 7,3 млн тонна көлемінде мұнай өңделді. Ішкі мұнай өнімдерінің нарығы тұрақты. Жанар-жағар май тапшылығы орын алған жоқ. 10 қыркүйектегі жағдай бойынша Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы: литріне — 155,7 теңге, дизель отыны — 187,15 теңгені құрайды. Жанар-жағар майдың қалдық қоры ішкі нарықтың қажеттілігіне жеткілікті көлемде: АИ-92 бензині — 317,3 мың тонна (25 күнге) және дизель отыны — 233,6 мың тонна (17 күнге).

«Ауыл шаруашылығының күзгі-егіс жұмыстарына 394 мың тонна дизель жеткізілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес Энергетика министрлігі тарапынан дизель отынының қажеттілігі толық көлемде орындалды», — деді Қ. Бозымбаев.

Жыл басынан бері 37,2 млрд текше метр газ өндірілді. Ал, газ экспорт көлемі 14,2 млрд текше метрді құрады. Сұйытылған мұнай газының өндірісі 2 млн тоннаны құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңінен 4,3% жоғары.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, мұнай битумы өндірісі 590,5 мың тонна көлемінде, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 20% пайызға жоғары. Электр қуатын өндіру көлемі 71 млрд кВтсағ құрады, бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға жоғары. Көмір өндіру көлемі 69,8 млн тоннаны құрады (көмір концентратын есепке қоспағанда) (2018ж. жоспары — 107 млн т), және былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% өсімін көрсетіп отыр.

Уран өндіру көлемі шамамен 14,2 мың т құрады. Бұл көрсеткіштің төмендеуі әлемдік нарықта уранның төмен бағасымен байланысты (бір фунт үшін: қаңтар — $23,3, ақпан — $21,76, наурыз — $21,71, сәуір — $20,73, мамыр — $22,14, маусым — $23,1, шілде — $23,35, тамыз — $26,2).

«Отын-энергетика саласы қарқынды түрде дамуда. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстар Министрліктің тұрақты бақылауында және мониторинг жүргізіліп отырады. IV тоқсанда мұнай өндіру қарқыны ұлғаяды», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз