Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2019 жылдан бастап пластмассаны, макулатураны және шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді — ҚР Энергетика министрлігі

02 қазан 2018, 12:35
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу мәселелері туралы баяндады.  

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың экология ластануын қысқарту мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытылы кәдеге жарату жөніндегі шараларды қабылдау туралы тапсырмасын орындау үшін Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарту арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша Шаралар кешенінің жобасын әзірледі.

Қ. Бозымбаев «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай – 40%-ға, 2050 жылға қарай – 50%-ға дейін жеткізу қарастырылғанын айтты.

Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. 2018 жылғы сегіз айында –шамамен 3,2 млн тонна, оның 330 мың тоннасы, немесе 10,5% қайта өңделді және кәдеге жаратылды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 9%, ал 2016 жылы – 2,6% құрады.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін қалдықтарды бөлек жинауды ендіру, жеке инвестициялар тарту, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нормативтік құқықтық база құрылды және жетілдіріліп жатыр.

Экологиялық кодекске қалдықтармен жұмыс жасау бойынша түзетулер енгізілді, сондай-ақ, өндірушілер мен импортшылардың кеңейтілген міндеттемелері енгізілген. 2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдарды және құрылғыларды, металл сынықтарын, пайдаланылған майларды және сұйықтықтарды, батареяларды, электронды қалдықтарды көмуге тыйым салынды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап пластмассаны, макулатураны, картонды және қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге тыйым салатын норма күшіне енеді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін, өнімдердің 20-дан астам түрін шығаратын 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Әртүрлі қуаттылықпен осындай сұрыптау кешендері тағы 18 елді мекенде бар.

Осы жылдан бастап Астана қаласының әкімдігі «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің Операторы» ЖШС-мен тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, органикалық (азық-түлік) қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жаратуды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылған жағдайда, бұл тәжірибе өзге өңірлерге таратылады.

2017 жылдан бастап Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері аясында пластик, полиэтилен, картон, қағаз, шыны, металл секілді қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді қаржыландыру жүргізіледі.

«2018 жылы Министрлік ӨКМ Операторына 3,2 млрд тг мақұлдады, оның 30-40% – тиісті инфрақұрылымды дамытуға: контейнерлер, қайталама шикізатты қабылдау пункттерін, қоқыс шығару машиналарын сатып алу және орнату, қалған 60-70% – қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге бағытталды. Аталған қаржылық мүмкіндікті барлық өңірлер пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан, әкімдіктер ӨКМ Операторымен өзара әрекетті күшейтуі қажет», — деді Қ. Бозымбаев.

Министр тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау үшін контейнерлер мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерін орнату барысында жер учаскелерін рәсімдеу бойынша проблемаларды шешуде әкімдіктер бизнеске көмек көрсету керектігін айтты.

Сондай-ақ, отырыс барысында Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндама жасады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Б. Сағынтаев Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және өңдеу технологияларын қолдану жұмысын күшейтуді, сонымен қатар халыққа түсіндіру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне аталған мәселеде Энергетика министрлігіне көмек көрсету тапсырылды.  


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз