Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте өңірлердегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жергілікті полиция жұмысының тиімділігі мәселелері қаралды

25 қыркүйек 2018, 10:43
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар мен жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.

Ұлт жоспарының 30-қадамын іске асыру мақсатында құрылған жергілікті полиция қызметі өз жұмысын 2016 жылғы 1 қаңтарда бастады. Оны құру мақсаттарының бірі жаңа қызметтің жергілікті қауымға есеп берушілігін қамтамасыз ету, халықтың полиция қызметіне деген сенім деңгейін арттыру болды. Жергілікті полиция міндеттері: қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық қылмыстармен күресу, жол қауіпсіздігі; ұсақ қылмыстарға «нөлдік төзімділікті» қамтамасыз ету. 

Ішкі істер министрі қылмыс түрлерінің басым бөлігінің көрсеткіштерінің төмендегенін атап өтті.

«Аса ауыр, ауыр қылмыс түрлерінің, сондай-ақ орташа және аса ауыр емес қылмыстар саны азайды. Олардың ішінде: тонау, ұрлау, бұзақылық, зорлық-зомбылық және басқа да қылмыстар бар. Бұрын сотталғандардың, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандар қылмысының төмендеуі байқалды», — деген Қ. Қасымов осы және басқа да жақсы өзгерістердің құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ІІМ-нің өңірлік әкімдерімен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі екенін айтты.

Жалпы саны 25 мың болатын жергілікті полицияға учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік бойынша ұсталған адамдарға белгілі тұрақты жері жоқ адамдарға арналған арнайы мекемелер біріктірілген.

Осы жылдың 12 шілдесінде органдар қызметтерін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. Заңмен ішкі істер департаменттері полиция департаменттері болып қайта құрылды, ал Жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен функцияларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамына енгізілді.

Әкімдерге полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері берілген.

Полиция департаменттерінің басшылары заңнамалық тұрғыда әкімдер мен халық алдында жылына бір реттен кем емес есеп беруге міндеттелген.

Қ. Қасымов жергілікті полиция құрылған кезден бастап (2016 жылғы қаңтар) оның материалдық базасы автокөлікпен, байланыс құрылдарымен, компьютерлік техникамен айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, жол-патрульдік полицияның кадрлық жағдайын жақсарту үшін шаралар қабылдануда, сержанттық лауазымдарды офицерлік лауазымдарға ауыстыру шаралары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір үш мыңнан астам лауазым офицерлікке ауыстырылған. Бірақ, бірқатар өңірлерде бұл жұмыстар толық атқарылмаған. Ішкі істер министрі өңірлер басшыларының назарын осы мәселеге аудара отырып, аталған мәселені шешу тек полиция қызметкерлерінің жалақысының өсуіне ғана ықпалын тигізіп қана қоймай, кадрлардың сапалық құрамын жақсартатынын, сонымен қатар осы бөлімшелерде олардың ағымын тоқтататынын атап өтті.

Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің бөлімшелерін материалдық-техникалық қамсыздандыру жағдайы елеулі түрде жақсартылды. Өңірлердің әкімдіктері жергілікті полицияға арнап жекелеген ғимараттар мен орындар бөлген, полицияның учаскелік пунктері салынған, қажетті әрі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, автокөліктер, бейнетіркеу құралдары сатып алынуда. Қ. Қасымов аталған бағытта әрбір облыс орталығында, үлкен қалаларда саптық полиция бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған отбасылық типтегі жатақханалар салу ұсынысын білдірді.   

Сондай-ақ, ішкі істер министрі Қ. Қасымов әкімдіктер тарапынан қолдауды қажет ететін бір қатар мәселелерді атап өтті. Біріншісі — құқық бұзушылықтардың алдын алу. Әкімдіктер бұл қызметтің әлеуетін әзірге жеткілікті деңгейде пайдаланып жатқан жоқ. Ұрлықтың алдын алу жұмыстарына жергілікті органдар, ұйымдар мен мекемелер, қоғамдық құрылымдар және тұрғындар да атсалысуы қажет.

Екіншісі — жасөспірімдер қылмысының алдын алу.

«Мектептегі» инспекторлар тәжірибесін дамыту қажет. Қазіргі таңда мектептерде 2178 инспектор қызмет көрсетуде. Олар күнделікті мектептердің әкімшілігімен, ата-аналар комиттерімен жұмыс істейді. Қосымша тағы 1900 астам қызметкер қажет», — деп ішкі істер министрі, бұл жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, маскүнемдіктің, нашақорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтты.

Үшіншісі — қоғамдық тәртіпті сақтау. Қ. Қасымовтың баяндауынша, бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылау жүйелері көп рөл атқарады. Қазіргі уақытта шамамен 6 мың бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның бәрі Жедел басқару орталықтарына тікелей қосылған. Олардың көмегімен 288 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 2074 қылмыс ашылды.

Өңірлерде «Қауіпсіз аула» жобасы ойдағыдай іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында 67 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Биыл олардың көмегімен үйлердің аулаларында 1,5 мыңнан астам қылмыс ашылған, 212 мыңнан астам тәртіп бұзушылық анықталған.

«Қабылданып жатқан шаралар жалпы көше қылмысын азайтып, ұсақ тәртіп бұзушылықтарды жылдам анықтауға жол ашуда. Бұл қоғамда «тәртіпсіздікке деген нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді», — деп Қ. Қасымов, өңірлерде де заманауи бейнебақылау жүйелерін дамыту жөніндегі ұсынысын білдірді.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ҚР ІІМ әзірлеген бірыңғай техникалық саясатты ұстану қажет. Бұл үйлесімділікті және барлық енгізілетін жүйелерді бірыңғай республикалық желіге біріктіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртіншісі — жол қауіпсіздігі. Ішкі істер министрінің айтуынша, аталған бағытта ЖҚЕ бұзуды жазып алатын автоматты жүйелерді белсенді түрде енгізу қажет. Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде 400 жол қиылыстарын және 300 желілік жол учаскелерін «Сергек» жүйесінің фото-бейнетіркеу камераларымен жабдықтау жұмыстары басталды. Жылдың басынан бері олар 260 мың әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді, бюджетке 740 млн теңгеден астам соммаға айыппұл өндіріп алынды. Соның нәтижесінде Астана қаласындағы ЖКО саны 20%-ға, қайтыс болғандар саны 50%-ға және жарақат алғандар саны 21%-ға азайды. Тиісінше, жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер саны қысқарды. Жақын арада осыған ұқсас жобаларды Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында іске асыру жоспарланған.

Отырыс барысында бірқатар облыс әкімдерінің және облыстық полиция департаменттері басшыларының есептері тыңдалды. Жергілікті полиция қызметтерінің жұмысы туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы М. Абисатов, Атырау облысы полиция департаментінің басшысы А. Дүйсембаев, Астана қ. полиция басшысы М. Қожаев және Алматы қ. полиция басшысының орынбасары Н. Мәсімов баяндады. Жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев, Алматы қ. әкімі Б. Байбек және Астана қ. әкімі Б. Сұлтанов баяндады.



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз