Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Өңірлерде жоғары экономикалық әсері бар цифрлық жобалар енгізіледі — А. Жұмағалиев

11 қыркүйек 2018, 11:24
Астана
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев цифрлық технологияларды қолдану арқылы салаларды технологиялық жаңғыртуды жеделдету және еңбек өнімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Мәселен, биыл цифрлық экономиканы дамыту үшін экономикалық әсер бере алатын мүмкіндігі бар бірқатар жобалар іске асырылуда. Бұл: қолма-қол ақшасыз төлемдер, «Астана-1», тауарларды таңбалау, кассалық бақылау машиналары, виртуалды сақтау жобалары арқылы салық түсімдерінің артуы. Цифрлық инфрақұрылым жобалары: жылдамдықты интернет, фулфилмент орталықтар, Деректерді өңдеу орталықтары және т.б.

Мәселен, тоңдарды таңбалау шағын жоба болса да, жыл соңында 300 млн теңге пайда күтілуде. Егер осындай жобаны басқа да өнім топтарына қолданса, қомақты әсері болады.

А. Жұмағалиев электронды саудаға қатысты тағы бір мысал келтірді. Осы жылдың бірінші жарты жылында ғана электронды сауда көлемі 101 млрд теңге құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.

«Қазіргі уақытта біз мемлекеттік органдармен осы жобаларды іске асырып жатырмыз, содан кейін оларды жан-жаққа тарататын боламыз. Бұл жұмыс тұрақты бақылауға алынған», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз