Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Индустрияландыру картасы аясында жарты жылда 1800 астам тұрақты жұмыс орындары ашылды — ҚР ИДМ

22 тамыз 2018, 12:37
Астана
Фото: primeminister.kz

Биылғы алты айда ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Бағдарламаның іске асырылуы өңдеу секторының тұрақтылығы мен өсімінің динамикасына оң әсерін тигізетінін айтты.

Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің үлесі ЖІІ-де 2015 жылға 11,6%-дан 2018 жылы 12,9%-ға дейін, өнеркәсіпте —  2015 ж. 39,5%-дан 2018 ж. 40,9%-ға дейін, экспорт — 2015 ж. 24,4%-дан 2018 ж. 28,7%-ға дейін, тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 2015 ж. 15,5%-дан  2018 ж. 17,6%-ға дейін өсті.

Бұдан өзге, Ж. Қасымбектің айтуынша, индустрияландыру дайын өнім шығаруға бағытталған өңдеу өнеркәсібі салаларындағы (химия өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз, құрылыс материалдарының өндірісі және т.б.) кәсіпорындардың санын арттыруға мүмкіндік береді.

«2018 жылдың І жарты жылдығын 2010 жылмен салыстырғанда өңдеу салаларында жұмыс істейтін қосымша 3,5 мың кәсіпорын пайда болды. Негізінен өсім машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары кәсіпорындары санының өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Олардың жалпы сомалық үлесі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының жиынтық өсімінде 50%-дан асты», — деді министр Ж. Қасымбек.

Биылғы алты айдың қорытындыларын өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өңдеу секторындағы өндіріс 5,2%-ға артып отыр. Оң динамикаға ықпал ететін негізгі драйверлер:  машина жасау,  химия өнеркәсібі, азық-түлік өнімдері өндірісі, мұнай өңдеу, металлургия, құрылыс материалдарының өндірісі.

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, биылғы есепті кезеңде барлық мақсатты индикаторлар бойынша оң қарқын байқалады. Мемлекеттік бағдарлама аясында  кәсіпорындарға жүйелі қолдау шараларын көрсетудің нәтижесінде жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және кеңейту шаралары жалғасуда. Биылғы алты айда Индустрияландыру картасы аясында 187 млрд теңгеге жуық сомаға 18 жоба іске қосылды, 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Екінші жарты жылдықта жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Қорытындылай келе, Ж. Қасымбек қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік жаңа жаһандық технологиялық үдерістерді ескере отырып, 2020–2024 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму тұжырымдамасын әзірлегенін атап өтті.

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы бойынша негізгі қағидалар мен тәсілдер экспортты дамыту мен ілгерілетуге екпін жасай отырып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға бағытталады. Технологиялар трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға айрықша назар аударылатын болады.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау картасының жобаларының іске асырылуына мониторинг тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Т. Сүлейменов І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Кәсіпкерлікке қолдау көрсету картасының барлығы 18 жобасы іске асырылса, онда Картаның 60-70% жобалары ІІ жарты жылдықта пайдалануға берілетінін айтты. Бұл ЖСҚ-ға мемлекеттік сараптаманы алумен, материалдар мен жабдықтарды жеткізумен, инженерлік инфрақұрылымды жүргізумен, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталуымен байланысты.

Т. Сулейменов

І жарты жылдықтың жобалары негізінен құрылыс секторында, жеңіл және химия өнеркәсібінде жүзеге асырылды. 1,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Карта жобаларының экономикаға салымы 30 млрд теңгені құрады. Карта жобаларының мультипликативтік әсері 14 млрд теңгені құрады.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз баяндамасында ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында алты жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Олардың ішінде «Конденсат» АҚ «К5 моторлық отынын өндіру», Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Атырау мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау және жаңғырту, Шымкент мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау және жаңғырту, полипропилен өндіру зауытының құрылысы.

Мемлекеттік бағдарламаның өңірлерде іске асырылу барысы туралы бейнеконференция байланысы арқылы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Астана әкімі Ә. Исекешев, Алматы әкімі Б. Байбек баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасы өзінің Жолдауында индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің флагманына айналуға тиіс екенін атап өткенін еске салды. 

Биыл жеті үлгілік цифрлық фабрика құру жобасын іске асыру жоспарланған. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке, инвестициялар және даму, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне аталған бағытта бірлесіп жұмыстар атқару қажет.

«Кәсіпорындарды жаңғырту есебінен жаңа жоғары технологиялы өнім шығаруға, түбегейлі жаңа салалар құруға және сол арқылы экспортты арттыруға мүмкіндік туатынын түсіну керек» — деп Б. Сағынтаев жүйе құрайтын жаңа ірі кәсіпорындарды құру мен жаңа индустрияландыру талабына сай келетін кадрларды даярлау қажеттігін атап өтті. 

Бақылау жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз