Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР ДСӘДМ дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігі туралы заң жобасын әзірлейді

24 маусым 2016, 18:22

Халықпен есептік кездесу барысында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова қазақстандық дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді кәсіптік жауапкершілік туралы мәселені талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

«2018 жылдың екінші жартыжылдығына біз дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігі туралы заң жобасын қарайтынымызды жаздық. Оған барлығы, оның ішінде Дәрігерлер қауымдастығы мен Ұлттық денсаулық сақтау палатасы қатысуы тиіс. Жұмыс басталды, бірақ әлі аяқталған жоқ. Оны жандандыру қажет. Біз жұмыс тобын құрып, жұмысты бастауға дайынбыз. Халықаралық тәжірибені қарастырып, анықтауымыз қажет. Сондықтан, қарап, ортақ пікірге келейік», - деді Т.Дүйсенова.

Ол дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігін арттыру туралы мәселе бойынша жоба алдында әзірленген, «алайда медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты оны қайта қарау қажет» екенін айтты.

«Дер кезінде алдын ала алмай қалған дәрігерлердің қатесі шынымен бар. Бәлкім, біліктілікке немесе халықтың өзіне байланысты шығар. Егер тікелей медициналық бөлікке қатысты болса, ана мен бала өлімі бойынша жасырын аудит – ондай жүйе бұрын да болған, бірақ жұмыс істеген жоқ. Аудитке сәйкес, әр ұйым қазалы жағдайдың қалай болғанын, өрбуін, қандай қимылдар жасалғаны жайында аурухананың өзіне, дәрігерлер мен пациентке бағыттамай-ақ көрсете алады», - деді Т.Дүйсенова.

Министр жасырын аудит дәрігерлердің неге көңіл бөлу керек екеніне көздерін жеткізетінін баса айтты. «Мұндай аудитті біз барлық бағыттар бойынша дамытатын шығармыз. Біздің дәрігерлер қорықпай, қателіктерін жасырмай айтулары керек. Одан да соны ашып көрсеткен дұрыс. Оларды алда қайталамау үшін бағдарламада қарастырдық», - деді ДСӘДМ басшысы.