Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің (2012-2013) жүзеге асырылуы барысы қаралды.


                     


ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов баяндағандай, 2012 жылы 87 мыңнан астам қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Республикада мүгедек балаларға арналған 17 интернат үйлер жұмыс істейді, 3 мың мүгедек балаларға қызмет көрсететін 29 күндізгі стационарлар ашылды.

Өткен жылы 96 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандардың немесе жалпы мұны қажет ететіндердің 88% техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етілді. Бұған 6,7 млрд. теңге жұмсалды.

                     


Министрдің атап өтуінше, Мемлекет басшысының мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек мүмкіндігі әлеуетін кеңейту туралы тапсырмасы аясында «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» заң жобасы дайындалуда; мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдарды қолдау бойынша заңға өзгерістер енгізу ойластырылуда. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша кәсіптік білім беруді ұйымдастыру, олардың еңбекке араласуын қолдау мен қайта даярлау бөлігі бойынша «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын кеңейту қарастырылуда.

С.Әбденовтің айтуынша, Қазақстан Республикасында 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңі болды. Осыған сәйкес, алда мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы заңды жетілдіру күтіп тұр; өмір сүрудің барлық жағдайында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың нысандар мен қызметтерге қолжетімділігі қамтамасыз етілуі қажет; қоғамдық санада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігі деген түсінікті қалыптастыру керек.

Осы мәселелер бойынша сондай-ақ ҚР денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, «Шырақ» мүгедек әйелдер Ассоциациясы» ҚБ төрайымы Л.Қалтаева, бірқатар облыс әкімдері сөйледі.

Сонымен, Ләззат Қалтаеваның айтуынша, бүгінде жұмыс істеп тұрған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы мүгедек жандарға еңбек етіп, табыс табуға, өздерін қоғамның лайықты өкілі ретінде сезінуге мүмкіндік берді, сонымен қатар, жақсы өмір өткелі болды, еңбекке машықтанып, өзіне деген сенімділікті нығайтуға мүмкіндік берді».

                     


Ол сондай-ақ «қазір осы бағдарлама бойынша қоғамдық бірлестіктерде жұмыс істейтін мүгедек жандардың одан әрі ашық еңбек рыногына қалай шығуы жайын ойластыруы керек» деп есептейді.

Отырысты қортындылай келе, мүгедектердің өмір сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда жағымды тұстардың бар екенін айтқан, С.Ахметов көптеген проблемалық мәселелердің де қалып отырғанын атап айтты.

Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, әлеуметтік жаңғырту аясында Үкіметте оны қабылдау арқылы әлеуметтік саладағы дамудың жаңа кезеңі басталатынын білдіретін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуы Жалпыұлттық тұжырымдамасының жобасы қарастырылуда.

Бұдан басқа, С.Ахметов мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға сәйкес халықаралық міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап айтты.

«Тұтастай алғанда, әрбір мүгедектілігі бар адам қоғамдық өмірге белсене араласа алатындай әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау қажет»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.

Осыған байланысты, Премьер-Министр бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне іс-шаралар жоспарының 2014-2015 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді, Өңірлік даму мен Көлік және коммуникациялар министрліктеріне мүгедектердің қоғамдық көліктерге қиналмай мініп-түсуіне мүмкіндік беретіндей темір жол, авто вокзалдарды, әуежайларды арнайы орындармен қамтамасыз етуді, жергілікті атқарушы органдарға мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйлер мен әлеуметтік мәдени нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударуды тапсырды.

Бұдан басқа, С.Ахметов әр деңгейдегі әкімдер жанынан мүмкіндігі шектеулі адамдар мәселелері бойынша кеңесші институтын құру мәселесін қарауды тапсырды.