Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы қаралып, мақұлданған Үкімет отырысын өткізді.

                    

Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Е.Досаевтың айтуынша, қаулы жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансфертті пайдалану есебінен мемлекеттік басқару мен инфрақұрылымдық жобалар өкілеттігінің арасын шектеу бойынша тапсырмасын орындау, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

                   

Құжат Бюджет кодексі талаптарына сәйкес қалыптастырылды, ол жергілікті атқарушы органдарға берілетін нысаналы трансферттердің сомаларымен 2013-2015 жылдарға арналған басымдықты республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесі бойынша қайта бөлуді және 2013 жылға арналған мемлекеттік тапсырмалар тізбесін толықтыруды қамтиды.

                           

Бұдан басқа, қаулы жобасы ағымдағы жылы жалпы сомасы 6,9 млрд. теңгені құрайтын кейінге қалдыру шартымен бюджетке қосылған басымдықты республикалық бюджеттік инвестициялар тізбесін түзеді, оның ішінде Астана қаласы нысандары бойынша жедел іске асыруды талап ететін аса маңызды міндеттерді шешуге 5,1 млрд. теңге бағытталған.

Осыған орай, Үкімет басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімгерлеріне, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдеріне бюджет қаржысын мерзімінде игеру бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының қызметі туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрі М. Құл-Мұхаммед баяндады.

                      

Оның сөзіне қарағанда, театр ғимаратының алаңы 64 мың.шаршы метрді құрайды. Бас сахнаның көлемі- 935 шаршы метр, сахнаның ені- 21 метр болса, ішкері ену ұзындығы- 59 метрге жетеді. Сахнаның астында 12 метр тереңдіктегі төменгі қабатта автоматты жүйемен басқарылатын машинария залы орналасқан. Ұлттық нақышта безендіріліп, таға пішінде салынған көрермен залы 1250 орынға есептелген. 450 көрерменге дейін сыйғыза алатын партер еңкіштеле орналастырылып, көрерменге оңтайлы жағдай туғызады.

«Осының бәрі «Астана Операны» әлемдегі ең техникалық жоғары жабдықталған сахналар қатарына қосады»,-деп атап өтті М.Құл-Мұхаммед.

Ғимаратта сондай-ақ 8 қосымша, 11 репетициялық залдар орын тепкен. 250 орындық камералық музыка залы, баспасөз залы және басқа да қызметтерге арналған бөлмелер бар.

21 маусымда болатын театрдың ашылу салтанатын Мұқан Төлебаевтың Юрий Александровтың қоюындағы «Біржан-Сара» классикалық операсымен ашу көзделіп отыр.

«Тұтастай алғанда, біз әлемдік дәрежедегі театр құруды көздеп отырмыз»,-деді министр.

С.Ахметовтің айтуынша, Мемлекет басшысы елорданың дамуына айрықша көңіл бөледі.

«Жаңа «Астана Опера» театрының ашылуы бүкіл еліміздің қоғамдық және мәдени өміріндегі елеулі оқиға болады, сондықтан, Үкімет бұл жобаға барынша қолдау көрсетеді»,-деп сөзін қортындылады С.Ахметов.